ЛИНГВОЭКОЛОГИЯ

ЛИНГВОЭКОЛОГИЯ

Лингвоэкология (тілдік экология немесе эколингвистика) — бұл тілдің дамуы мен қолданылуына теріс әсер етуші факторларды зерделейтін және тілдік қарым-қатынас практикасын жетілдіру мен тілді байыту тәсілдерін іздейтін сала. Тіл тазалығы мемлекеттік тіл саясатының негізінде жатуы тиіс және ең алдымен білім беру, құқықтану салаларында,  іскерлік тіл мен іс қағаздарын жүргізу барысында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында қатаң сақталуы қажет. Бүгінде лингвоэкологияның қордаланған мәселелері тілге жанашырлық танытқан кез келген азаматты толғандырады. Тілдік қарым-қатынас әлеуметтік қарым-қатынастың басты шарттылықтарының бірі. Тіл – нақты халық, жеке тұлға немесе ұжым мүшелерін байланыстырушы құрал болса, тілдің өмір сүру ортасы – халық. Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына тілдік қарым-қатынастың тигізетін әсері айрықша. Тілдік қарым-қатынас нормаларын меңгерумен бірге адам әлеуметтік мінез-құлықтың қалыптасқан тәртібін де меңгереді. Басқаша айтқанда, өз отбасының, элеуметтік-этникалық тобының, өз халқының моральдық-этикалық қағидаларын, әдет-ғұрпы мен салт-санасын қабылдайды. Басқалармен қарым-қатынас барысында адам таным, ар, ұят, парыз тәрізді қасиеттерін көрсетумен бірге қызғаныш, күндестік, ғайбат сияқты кесапаттармен де ұшырасып отырады. Осы мәселелердің қайсысында болмасын жеке тұлға өз отбасының, нақтырақ айтсақ, өз халқының тарихи әлеуметтік тәжірибесіне сүйенеді. Тіл – ойдың жемісі. Адамның ой-санасы өскен немесе өзгерген сайын тілдің лексикалық қабаттары жаңа сөздермен толығады я болмаса тілдік өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер тілдің жаңаруына немесе тіл тазалығының бұзылуына, әдеби тілдің нормаларының сақталмауына да әкелуі мүмкін. Тілде үздіксіз болып жататын осындай құбылыстарды лингвоэкология саласы зерделеп, тілді бейпіл сөздерден, варваризмдерден, жаргон сөздерден, грамматикалық, фонетикалық қателерден таза ұстау мақсатын ұстанады. Жеке тұлға өз халқының тілдік ортасында тілдік әрекет жасау негізінде оның мәдени-тарихи, моральдықэтикалық, діни-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіре отырып қалыптасып, әлеуметтенеді. Тілдік ортада тілдің тұнығын меңгеруге қолайлы жағдайдың болмауы, тілдің ластануы, тілдің шұбарлануынан ұлттық мәдени құндылықтардың әлсіреуі жеке тұлғаның ғана емес, тұтастай халықтың элеуметтік және тарихи-мәдени феномен ретінде жойылуына алып келеді. Лингвоэкология тіл білімінің бір саласы ретінде әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, тіл мәдениетінің теориясымен тікелей байланысты. Сондай-ақ этнопсихология, тарих, мәдениеттану ғылымдарымен өзара байланыста дамиды. Лингвоэкологтардың зерттеу нысанына мемлекеттік тілдер, халықаралық қарым-қатынас тілдері, сондай-ақ, жойылып кету қаупі туындаған аз ұлттар мен ұлыстардың тілдері енеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *