ГЛОРИЯ

ГЛОРИЯ (латынша – тәж, әшекей) – бақылаушының көлеңкесінің немесе оған жақын орналасқан заттар көлеңкелерінің төңірегінде пайда болатын бір немесе бірнеше түрлі түсті дөңгелектер (сақиналар); бақылаушының көлеңкесінің бұлтқа немесе тұман қабатына түсуі қажет. Глория көбінесе аспанда ұшақтың төмендегі бұлтқа түскен көлеңкесінің айналасынан байқалады. Глорияға ұқсас құбылысты таулы аймақта кісінің көлеңкесінің төңірегінен де байқауға болады. Бұл құбылыс тауда Күн дискісі көкжиектен жаңадан көтерілген кезде жарық сәуленің көкжиекке параллель бағытта таралатын жағдайда кісінің көлеңкесі біраз қашықтықтағы тұманға немесе бұлтқа түскен кездері байқалады. Тұман мен бұлтқа дейінгі қашықтық артқан сайын көлеңкенің өлшемі ұлғая түседі, түрлі түсті реңмен көрінетін болады. Бұл құбылыс алғаш рет Германияның Брокен деген қаласының маңайында байқалған. Сол себепті бұл құбылыс Брокен елесі деп аталып кеткен. Осы құбылысты альпинистер Кавказ, Памир тауларынан да байқаған.
Глория құбылысы Күн сәулесінің дифракциялық құбылысының нәтижесі болып табылады. Күн сәулесі тұманның немесе бұлттың су тамшыларына белгілі бір бұрышпен жанай түскенде (әлгі тамшылардың ішінен шағылысып өздерінің тамшыларға түскен бағыттарына параллель дерлік бағытта кері қайтады да дифракциялық кескін суретті тудыратын болады. Сол себепті глория «антитәж» деп те аталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *