Әдебиеттану

Әдебиеттану – қоғамдық ғылымдар ішіндегі өзіне тән өзгешелігі орасан мол, қиын әрі күрделі ғылым.

Бальзактың өзін француз қоғамының «мінез-құлықтар тарихын жазатын хатшысымын» дегенін еске алсақ, дәл осы арада әдебиеттанудың, әлгі айтқанымыздай, «қиын әрі күрделілігін» дәлелдейтін айрықша бір сыр жатқанын аңғарғамыз. Сонымен адам қоғамының жалпылама тарихын жіпке тізу бір бар да, сол тарихты әр алуан тірі кісілердің қилы-қилы құлкы мен құштарлығының тіліне аударып, келер ұрпақа сол сан-сапа адам қоғамының бүкіл сезім мен парасат байлығын қазқалпында, мәңгі-бақи бусанған жаңа, таза, жас күйінде жеткізу, жеткізіп қана қоймай, осынау сезім мен парасат шарапатын әркімнің қабілетіне қарай бойына дарыту өз алдына бөлек. Бальзак жазушыны «қоғамның хатшысы» дел қана қоймай, «адам атаулының ұстазы» деп тегін атамаған. Әдебиет пен әдебиеттанудың осындай тарихи миссиясы әрі нәзік, әрі терең зерттеу міндетін өзіне жүктеген ғылым, сөз жоқ, қиын әрі күрделі ғылым. Сондықтан да, бұл ғылым бүгінгі «жаңаша ойлау» тұрғысынан туып, қалыптасуға тиіс жаңа методология негізінде төрт аяғын тең басқан құнарлы күйге бірден жете қойған жоқ.

Әдебиет туралы ғылымның, оның ғылыми жұрнақтарының тұңғыш туу тарихы тым әріде жатқаны мәлім. Қай халықтың тарихын алсақ та бәрібір, оның баяғы бабалар дәуірінен басталатын ауызекі көне әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдерінің әр тұсында сөз өнері туралы толғамдар туып, кейбір эстетикалық талғамдар белгіленген. Олар кейін әр сипатта, әр жолмен, қоғамдық таптар пайда болған тұстарда тіпті әр алуан таптық ағым мен бағытта өрбіп отырған.

Әдеби толғам мен эстетикалық талғамды біз жайдан-жай қатар алып отырған жоқпыз. Әдебиеттану мен эстетика – өзара байланысты, бірімен-бірі аралас жатқан, бірге туып, қатар қалыптасып, тіпі, бірінбірі толықтырып, тереңдетіп, дамытып келе жатқан егіз ғылым. Демек, сөз өнері жайлы ғылымның даму кезеңдерін көз алдымыздан өткізе қалсақ, жалпы өнер туралы ілімнің қалыптасу тарихы да жанамалай жарысып, айтар ойларымызға араласа кетіп отырары заңды деп білу керек.

II

Сөз өнері жайлы топшылаулардың туу тарихын, жалпы өнерге тән қасиет (әдемілік) хақындағы қағидалардың қалыптасу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар біздің эрадан бұрынғы (бұдан былай «б.э.б.» деп, қысқартып алып отырамыз – 3.Қ.) VI ғасырдан яғни Пифагор тұсынан бері қарай тұтастыра жүйелеп жүр. Дұрысында адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын, Нил мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд мен Ганг, Tигp мен Евфрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.

Вавилон жұртының «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастаны немесе көне үнді халқының «Ригведа», «Махабхарта», «Рамаяна» жырлары тәрізді еңбекші бұқараның жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерге бақсақ, адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық» білімдарлық пен надандық туралы талаптары мен талғамдары тіпті б.э.б. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанын аңғарамыз.

«Көрмегені жоқ кісі туралы» дастан – бірінші вавилон династиясы тұсында яғни б.э.б. 2 мыңыншы жылдар шамасында туған батырлық поэма. Мұнда Урук қаласының патшасы Гильгамеш, оның досы Энкиду, олардың ерлік істері жырланады (И.М.Дьяконов аударып бастырған варианты «Гильгамеш туралы эпос» деп аталады – З.Қ.). «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастан – адам жайлы, адамның сұлулығы мен ұлылығы, асылдығы мен батырлығы хақындағы гимн:

Зұлымдық көзін жоқ қылмай келсем –маған сын, Жауыңмен өзің айқасып өлсең – Адамсың[1].

Осынау екі жолдың өзінен бұдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың абзал һәм асқақ мінезін, адамға тән асыл қасиет, сұлу сипат – ерлік, өрлік, қайсарлық туралы түсінігін, моральдық-этикалық идеясын, эстетикалық идеалын байқау қиын емес. XVII ғасырдың орта тұсында Баумгартен «Эстетика» деп ат беріп, айдар таққан әдемілік туралы ілімнің түп тамыры жалпы өнер тарихының тұңғиық тереңінде жатыр дейтініміз сондықтан.

Тигр мен Евфрат маңында Гильгамеш батыр жырға айналған сол б.э.б. XX ғасыр шамасында Инд пен Ганг жағалауындагы көне үнді жұрты жалпы көлемі «Илиада» мен «Одиссеяға» барабар 1028 гимн шығарып, оларды «Ригведа» атанған он кітапқа топтастырып жатты. Гимндердің классикалық қопарылмалы тіліндегі әсем айшық-өрнектерге, лирикалық толғаныстарға, көркем образдарға қарағанда үнді халқында тіпті «Ригведага» дейін де ғасырлар бойы дамып, жегіліп келген сөз өнері болғанға ұқсайды.

«Ригведа» гимндері арқылы қалыптасқан әдеби дәстүр, эстетикалық талғам тағы бір мың жыл өткен соң үңді халқының әлемге әйгілі ұлы дастаңдары «Махабхаратаға», одан келе «Рамаянаға» ұласады.

«Махабхарата» – керемет көркем ескерткіш; дастанның он тоғыз кітабындағы өлең көлемі – екі жүз он төрт мың жол яки «Илиада» мен «Одиссеядан» (екеуін қосып еселтегенде) сегіз есе артык.

«Махабхаратаның» бір алуан («Наль туралы») аңызын кезінде В.А.Жуковский аударып, оның көркемдік құнын В.Г.Белинский жоғары бағалағаны мәлім. Осы фактінің өзі-ақ көне үнді поэтикасында әжептәуір эстетикалық талап және талғам болғанын аңғартады. Екі поэмадағы бас кейіпкерлер «Махабхаратадағы» «Кришна, «Рамаянадағы» Рама мифтік нанымдар тұтқынында бұлыңдап, құдайға баланған қалпында қалып қоймайды, жерге түседі, кәдімгі жер басып жүрген адам бейнесінде суреттеледі. «Рамаянаның» 2, 6-кітаптарындағы суреттеулер мен баяндаулар әрі шынайы әрі шыншыл. Осыған қарағанда, я болмаса поэманың көркемдік ерекшеліктеріне (лиризмге, символға, суреттілікке, т.б.) қарағанда, көне үнді поэтикасында әжептәуір эстетикалық принцип және жүйе болғаны кәміл.

Қысқасы, эллада эстетикасынан жүздеген жылдар бұрын көне үндінің көркемдік көзқарасы туып, қалыптасқан; сол арқылы үнді поэтикасының өзгеше заңы, ережелері белгіленген. Ол заң, ереже бойынша, үнді жазушылары өздерінің көркем шығармаларын әрқашан тек «Ригведа» гимндеріндегі, «Махабхарата» және «Рамаяна» дастандарындағы сюжеттер мен образдар негізінде ғана жазуы шарт болған. Мысалы, Калидаса өзінің «Шакунтала» (орыс тіліне алғаш аударған Н.М.Карамзин – З.Қ.) драмасын «Махабхаратаның» бір эпизодына құрса, одан 1100 жыл кейін Тулси Дас (XVI г.) «Рамаяна» сюжетін негізге алып, «Рамаяна яки Рамачаритаманаса» деген поэма жазған.

Өнер мен эстетика мәселелерін өзінше байыптаған көне дүние ойшылдарының бірі Сократтың шәкірті Платон (б.э.б. 427-347 жж.). Әдемілік туралы Платон теориясының философиялық негізі оның бұлжымас, бақ «идеялар» жайлы идеалистік және мистикалық ілімімен тығыз байлаиысты. Сөйте тұра, жалпы эстетикалық қисын-қағидалардың қалыптасуында Платонның орны айрықша деп білген жөн.

Платон өзінің «Үлкен Иппий» диалогында әдеміліктің анықтамасы ретінде мынадай уағыз ұсынады: жарамды нәрсе – пайдалы нәрсе; пайдалы нәрсені тәуір көресің; тәуір көрсең – қуанасың; қуаныш дегенің көз бен құлақ арқылы келетін рақатты түйсік: әдемі адамдар, әр алуан әшекейлер, ұлағатты сөздер, әсерлі әңгімелер, музыка, сурет, зергерлік іс, зерделі әрекет, т.б. осылар секілділердің бәрін көресің де естисің, қуанасың да рахаттанасың. Ал ішу, жеу, тағы сондай түйсіктер адамды қанша рақаттандырғанымен әдемі емес, әшейін ұнамды ғана нәрсе! Бұдан шығатын қорытынды «сұлу нәрсе – сүйкімді нәрсенің көзге көрінер, құлаққа естілер бөлегі»[2]. Платонның музыкадағы үш түрлі ырғақ, әдебиеттегі үш түрлі суреттеу тәсілі жайлы пайымдаулары да бізге осы секілді тым «жабайы, адам нанғысыз (дәлірек айтқанда: сәбилік), қисынсыз болып көрінеді»[3], бірақ осының өзінде көне гректің поэтика жайлы таң қаларлық ұғым-түсініктері жатыр. Платонның эстетикалық көзқарастарында «сәбилікген» гөрі өзгешелеу жат пікірлер де жоқ емес. Софист Горгийдің поэзияны – алдамшы нәрсе деген пікірін құптай келіп, ақынды өтірікші ретінде түсіндіруі – аса ағат нәрсе.

ІІІ

Платонның әдемілік жайлы идеалистік көзқарастарын қатал сынға алып, өзінің тың және терең эстетикалық толғамдарын қалыптастырған ұлы ойшыл Аристотель (б.э.б, 384-322 жж.) еңбегінің бүкіл дүниежүзілік әдебиет пен өнер тарихында теңдесі жок.

Аристотельдің «Поэтикасы» – өнер туралы тұңғыш философиялықэстетикалық трактат. «Поэтика» өз кезегінде жүйеге түскен бірденбір әдебиет теориясы. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Көркем шығарманың көп-көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия, т.б. жайларын талдап-тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Аристотель еңбегінің ең құнды жері тарихта түңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық прин цип ұсынып, өнердің қоғамдық маңызын анықтап ашуында деп білу керек. Әрине, қазіргі өнер мен әдебиеттің келелі мәселелерінің бәріне, әсіресе әлі күнге даулы қалыпта тұрған проблемаларға бір ғана Аристотельден жауап іздеу ағат. «Поэтика» – грек  әдебиеті мен өнерінің классикалық дәуірінен қалған бірден-бір жүйелі байыпталған поэзия теориясы.

Бір нәрсені білу артық емес: поэтика деген сөз біздің бүгінгі теориялық түсінігімізде көркем творчество немесе сез өнері туралы ғылым болса, Аристотель поэтиканы сол әдеби творчествоның яки сөз өнерінің өзі деп түсінген. Демек, Аристотельдің «Поэтикасы» – өнер туралы ойлар.

Аристотельдің эстетикалық принциптерінің ең түйінді тұсы: өнердің мақсаты – ақиқатты тану, ал ақиқатты тану жолы – адамның мінезі мен ісін суреттеу деген даналық қағидасы. Оның «Поэтикасын» Лессингтің «Евклид элементтеріндей мінсіз шығарма» деп таңдануы, Чернышевскийдің Аристотель эстетикасы «2 мың жылдан астам уақыт үстемдік құрғанына» тамсануы сол қағидалы жайларға байланысты еді.

Өзінің өнер жайлы теориялық поэмасында Гораций ақындар алдына адам таң қалғандай дұрыс эстетикалық талаптар қояды. Олардың көбі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Оның талабы бойынша, өнер туындысының бәрінен бұрын көркемдік сапасы жоғары болуға тиіс. Әрине, дейді Гораций, жер үстінде, айталық, юрис консульт секілді, «әрі тарт, бері тарты» жоқ, орта қолдықты қалайтын кәсіп не мамандық болады. Ал ақынға «орта қолдықты адам түгіл, ағаш та кешірмейді»; поэзия – аса нәзік әрі биік зат. Тебе білмейтіндер жұртқа күлкі болмау үшін допқа жуымайды дейді Гораций әрі күліп, әрі қынжылып, ал өнер дегеннің не екенін білмейтін жарықтықтар өлімін сатып, өлеңге жармасатыны несі?..

Горацийдің жаңа жаза бастаған жас қаламгерлерге берер ақылы – асықпау, жазып сақтап қою, біраз уақыт өткен соң оған қайта оралу, жөндеу, қайта жазу, тағы жөндеу, оқырман жұртқа әбден қапым жоқ дегенде ғана ұсыну. Қысқасы, көне дүние ойшылдарының ішінде Квинт Гораций Флакк эстетикасының орны айрықша.

Отанымыздың жер-суын мекендеген бір кездегі ата-бабалар тарихына үңілсек те сұлулық сымбат жайлы, жалпы мәдениет туралы ескерткіштерге, көне мұраларға көз салсақ, Урартудың әйгілі қаласы Мусасир архитектурасы, сол секілді скиф қалаларының сұлулығы мен байлығы туралы көптеген көңіл аударар мәліметтер ұшыратамыз. Бұлар да, сөз жоқ, өз кезінің көркемдік көзқарастарын белгілеуде біраз рөл атқарған.

Орта ғасыр тұсындағы билеуші тап – феодалдар мен клерикалдар, қоғамдық сананың мұрындығы – діни схоластика болғаны тарихтан  мәлім. Философияны теология жұтқан орта ғасыр реакциясының тұсында «айналада алтын тасқындап, қылыштар қарш ұрысып, қара түнек инквизиция өрті алаулап жатты» (Маркс). Мұндай жағдайда әдебиет, өнер мен эстетика дамуына ешқандай мүмкіндік жоқ-ты; олардың бәрі фанатизм шырмауында, мистика құрсауында, инквизиция бұғауында қалды.

Орыс мәдениетінің тарихына қарасақ, феодализм түнегінің астында аздаған әлсіз ұшқындар тәрізденіп, халықтық ауыз әдебиетінің өрбігенін көреміз. Бұлардың ең құндысы «Игорь полкы туралы сөз». Ал қазақтардың әдемілік жайлы ұғымдары бұл тұстарда тек жақсылық  туралы (этикалық) түсініктерінен ғана еміс-еміс аңғарылғандай. Оның да бар белгілері халықтық эстетикада жатты.

Дәл осындай жағдайда қазақ топырағында, атап айтқанда, Сырдария бойында – ертедегі түркі халықтарының кіндік қаласы Отырарда (Фарабта) туып-өскен ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) бүкіл дүниежүзілік білім мен мәдениет аспанында жарық жұлдыздай жарқырап, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне көтерілуі – адам таң қалғандай ғажайып құбылыс.

Әл-Фараби – дана философ қана емес, матема тик, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, әдебиетші болған адам. Әдебиет пен өнерге байланысты данышпан ғалымның бүкіл әлем эстетикасына айтулы үлес болып қосылған «Музыканың ұлы кітабы» атты көлемді, күрделі зерттеуін, «Музыка ғылымына кіріспе», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтарды топ-топқа бөлу», т.б. әр алуан ғылыми еңбектерін атауға болады. Бұлардың қай-қайсысы болсын, әл-Фарабидің ірі эстетик, іргелі теоретик екеніне айғақ. Ал оның «Поэзия өнерінің канондары туралы трактаты» мен «Поэзия өнері туралы» еңбегі өлең жайлы, жалпы ақыңдық өнер хақындағы аса бағалы байыптаулар болып табылады.

Әл-Фарабидің «Поэзия өнерінің канондары туралы трактаты» Аристотельдің «Поэтикасын» талдап-түсіндіруді мақсат ете тұра оны рет-регімен және егжей-тегжейіне дейін түгел тексеріп жатпайды»[4], поэзияны трагедия, комедия, драма, эпос, риторика, сатира, поэма тәрізді бірнеше түрге бөледі де, әрқайсысына жеке-жеке жанрлық сипаттама береді. Айталық, «комедия, – деп түсіндіреді әл-Фараби, – арнаулы өлшемі бар поэтикалық жанр. Комедияда әр алуан әрсіз әрекеттер баяндалады, келеңсіз кісілер, олардың кесірлі қылықтары мен кеспірсіз мінездері сықақ етіледі»56. Бұл кәдімгідей қалыптасқан және тұрлаулы теориялық тұжырым.

Әл-Фараби өлең жазатыңдарды үш топқа бөледі: бірі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екіншісі – туғаннан соң жетілген, өлең өнерінің барлық құпиясымен жете таныс «ойлампаз» таланттар; үшіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным-дарыны да жоқ, жоғарғы екеуіне еліктеумен ғана жүретіндер. Бұлардың біріншісі – ауыз әдебиетіндегі суырып салма –импровизатор жырауларға, екіншісі – жазба әдебиеттегі профессионал ақындарға, үшіншісі – әр тұста да бола беретін әшейін әуесқойларға берілген мінездемелер секілді. Әл-Фарабидің «Поэзия өнері туралы» трактаты түгелімен өлең құрылысына – өлең өлшемдерін талдауға, өлеңдегі ырғақ пен буын мәселелерін тексеруге арналған.

Осы трактаттарының қай-қайсысында болсын, ұлы ғалым өнер атаулының ақиқат өмірден ғана туатынын терең білгірлікпен тап басып, дәл түйген. Бұдан мың жылдан астам бұрынғы «соқтықпалы, соқпақсыз» бұлыңғыр дәуірде мұншалық сара ой-сана иесі болу адам баласының парасат тарихында дара туған даналардың ғана үлесіне тиген. Демек, Әбу Райхан Бируни (973-1050), Әбу Әли Ибн-Сина (980-1037), Омар

Һәйям (1048-1130), Роджер Бэкон (1214-1294), Әбдірахман Жәми (14141492) секілді әлемге әйгілі ойшыл- ғұламалардың әл-Фараби еңбектерін ғұмыр бойы үлгі, өнеге тұтып өтулері тегін емес.

[1] Эпос и Гильгамеше. М., Наука,  1961. стр. 52.

[2] Античные мыслители об искусстве. ГИХЛ, М., 1938. стр. 38.

[3] Ленин В.И. Шығармалар толық жинағы. – Алматы, Қазақстан. 1954. 38-том.196-197 бб.

[4] Аль-Фараби. Логические трактаты. Алма-Ата: Наука, 1975. стр. 529. 56 Сонда, 535-б.

З.ҚАБДОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *