АССИМЕТРИЯ

АССИМЕТРИЯ

Ассиметрия (грек. аsymmetria — үйлеспеушілік, ретсіздік) – тіл бірлігінің құрылымы мен қызметіндегі жүйеліліктен, бірыңғайлылықтан ауытқу. Бұл – табиғи тілдің құрылымы мен қызметіндегі негізгі ерекшеліктердің бірі. Ассиметрия екі ерекше құбылыстан: орталық (ядро) пен шеткі элементтерді ажыратудан және белгіленуші мен белгілеуші құбылыстар арасындағы қайшылықтан байқалады. Ядро мен шеткі құбылыстарды ажырату тілдің әртүрлі аспектілерінде болатын жалпылық сипатты білдіреді. Тіл құрылымы тұрғысынан қарағанда тілдің белгілі тарихи кезеңіндегі сөз өзгерту, сөзжасам, сөз тіркестері үлгілерінің дамуында неғұрлым белсенді қызмет атқаратын негізгі фонемалар ядро болып табылады. Ал ол үлгілерден ауытқулар – шеткі құбылыстарда кездеседі. Белгіленуші мен белгілеушінің арақатынасындағы ассиметрия тілдің жүйесі, құрылымы, қызметі аясында көрінеді. Тіл жүйесінің ассиметриясы оның салыстырмалы бөлімдерінің бір қалыпты дамымауын білдіреді. Мысалы, қазақ тіліндегі етістіктің осы шағының екі түрі болса, өткен шақ пен келер шақтың үш түрі бар. Құрылымдық ассиметрия белгіленуші мен белгілеушінің арақатынасындағы мағыналық бірліктің бұзылғанынан көрінеді. Ассиметрияның бұл түрі лексика, грамматика, орфография т.б. тіл деңгейлерінде кең тараған. Тіл қызметіндегі ассиметрия сөйлеу үстінде белгілі мазмұнды әртүрлі форма арқылы немесе әртүрлі мазмұнды бір ғана тіл бірліктері арқылы білдіруден байқалады. Тілдің тарихи дамуы нәтижесінде тіл элементтерінің әркелкі даму сипатын білдіретін динамикалық ассиметрия пайда болады.

Тіл білімі терминдерінің сөздігі. – Алматы, 2012.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *