
АШЫҚ РЕЗОНАТОР – толқын ұзындығы (λ) айналардың өлшемдерінен және олардың арақашықтығынан әлденеше есе кіші болатын әлсіз электрмагниттік тербелістердің демеп (ұстап) тұра алатын айналар жиынтығынан құрылған тербелмелі жүйе. Бұл резонаторды алғаш рет екі жазық параллел айна түрінде жасауды 1958 ж. орыс физигі Александр Прохоров (1916 – 2002) және сол ж. американ физиктері Роберт Дикке (1916 – ?), Артур Шавлов (1921 – ?) және Чарльз Таунс (1915 – ?) ұсынған. Өлшемдері бірдей тұйық көлемдік резонаторлармен салыстырғанда бұл резонатордың меншікті жиілігі едәуір сирек болады. Ашық резонаторлар оптикалық, миллиметрлік және субмиллиметрлік диапазондардағы толқын ұзындықты аспаптарда сенімділігі жоғары резонанстық жүйелері ретінде қолданылады.