
ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
Сапарбек Балым –
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтының 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы С.А.Жиренов
Қазақ ауыз әдебиетінің айрықша жанрының бірі – шешендік сөздер. Шешендік өнер – ақындық, жыраулық, жыршылық айтыс секілді қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін негізгі жанрларының бірі. Шебер сөйлеу, айтқан сөзің нысанаға дәл тиюді үйрену үшін ежелгі шешендік сөздерді жаттау, оның қыры мен сырын жете меңгерудің мәні зор. Өйткені халық даналығы: мақал, мәтелдерде сөз мәйегі, ойды ұшқыр айтудың үлгілері молынан кездеседі[1, 3].
Белгілі бір мәселені талқылағанда, тапқыр оймен, шебер тілмен ауызша айтқан мазмұнды, көркем пікірін шешендік сөз дейді. Белгілі бір мәселені талқылау кезінде ауызекі сөзімен тыңдаушыларды аузына қаратып, сөзіне тарта білетін терең ойлы, шебер тілді адамды шешен дейді. Жалпы шешендік өнердің шығуы белгілі бір қоғамның шығуымен, дамуымен байланысты екенін қазақ шешендік өнерінің тарихы да растайды. Қазақ рулары мен ұлыстары пайда болғаннан бері-ақ өз замандастарынан озат ойлы, шебер тілді адамдар болғаны күдік туғызбайды. Алайда, шешендік өнердің шығып қалыптасуы қоғамның белгілі бір даму сатысымен, шешендердің шығуымен, олардың сөздерімен межеленеді. Осы тұрғыдан алғанда біз қазақтың шешендік өнерін тарихта, тарихи аңыздарда есімдері, сөздері сақталған Майқы би мен Аяз биден бастаймыз.
Асылы, қазақ ауыз әдебиетінде шешен деген атау Жиреншеден басталады, сірә, бұл ұғымды оған дейін «би» деген атау атқарып келсе керек. «Би» мен «Шешен» деген атаулар тіпті революцияға дейін қатар қолданылып, кейде бірін-бірі ауыстырып келгені кездейсоқ емес.
Бұрынғы қазақ шешендерінің бір ерекшелігі – олар сөздерін жазып дайындамаған, сөздері қағазда емес, халық жадында сақталған, ауызша тарап әлденеше кісінің, ұрпақтың өңдеуінен өтіп қысқарған,ұстарған,бейнеліңкіреп айтқанда «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» — дәні қалған, сөйтіп бүкілхалықтық мұраға айналған[2, 13].
Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз-әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше. Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғры бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов зерттеп жинаған болатын. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласың»- деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған[3, 31].
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – Мұхтар Әуезов. Ол өзінің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде (1927) шешендік сөздерге «билер айтысы» деген терминдік атау беріп, оның билер сөзі екенін айтқан еді. Әйтсе де, әдебиет зерттеушілері күні бүгінге дейін шешендік сөздерді фольклор қатарына қосып келеді. Ал, атақты В.Г. Белинский фольклорда даңқты есімдер болмайтынын, ондағы көркемсөз авторы халық екенін ескерткен. Шешендік сөздерді зерттеуші ғалым Б.Адамбаев: «Шешендік сөздерді алғаш айтушы жеке адамдар болғанмен, оны кейін өңдеп-жөндеуші, сақтаушы – халық; сондықтан оның шын иесі – авторы да халық дейміз» дейді. Шындығында, М.Әуезов есте қалмаған ескі заманда шыққан Алдар Көсе, Жиренше шешен әңгімелерін, халықтық аңыздарды ғана бұқара туындысы деп бағалаған. Бірақ та қазіргі таңда шешендік сөздердің авторлы шығарма екенін танытатын еңбектер де аз емес. Белгілі зерттеуші С.Негимов «Шешендік өнер» атты еңбегінде қазақ би-шешендерінің өнер туындысының көркем шығарма екендігіне көз жеткізеді. Белгілі ғалым Ж.Дәлдебаев «Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері» атты оқу құралында Бөлтіріктің, Төленің шешендік сөздерін олардың төл туындысы ретінде қарастырады.
Қазақтың салт-дәстүрлерінде еңбекқорлық, Отанды, елді сүйгіштік, адамдардың бір-біріне деген ізгіліік қатынастары, ата-анаға, қартқа, үлкендерге құрметпен қарау, адамгершілік, батырлық, балаларға қамқорлық, мейірбандық, туған жерді, табиғатты аялау айрықша орын алады. Халқымыздың шешендік сөздерінде халықтың ой-арманы мен ар-намысын қастерлеген аталық ақыл-өсиет, елдің өмір тіршілігі, бүкіл әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі қамтылған. Міне, осы дәстүрлердің шешендік сөздердегі көрінісіне төменде мысалдар келтірдік.
Шешендік сөздер – халық оқулығы, оның ғұмыры өлшенбейді, жастар тәрбиесінде де алатын орны орасан мол. Бұл сөздер алдымен адам баласын білімділікке, сөз қадірін білуге, ерлікке, қайырымдылыққа, адалдыққа баулыса,жағымсыз жат қылықтардан сақтандырып, аулақ болуға шақырады. Халықтың құрметті шешен биі атанып, сенімінен шығу үшін адамдық асыл қасиеттермен қатар өте тапқыр, адал, қара қылды қақ жарған әділ, өжет, тереңнен ойлап, орнықты сөз айтатын саясаткер болу керек. Ойымыз дәлелді болу үшін шешен билердің толғауынан мысал келтірейік.
Байсерке Түгелұлының «Бәйгеге ат қоссаңыз» деп басталатын толғауында философиялық ойлармен қатар, қазақтың салт-дәстүріне тән әке-шешені қадірлеу, балаға үлгілі тәрбие беру сияқты ойлар айтылады. Мысалы: Әдепті қыз, ақылды ұл- Өкпе-бауыр жүрегің. Өз балаңнан кем емес, Жақсы болса күйеуің.
Сонымен қатар Ақтайлақ пен Қанай шешеннің айтысын алып қарауымызға болады:
Әкең – асқар тау, Шешең – қайнар бұлақ,
Балаң жақсы болса Екі көздің шамшырағы,- дей келіп, әке-шешені қадірлеу керектігін айтады.
Қазақтың халық дәстүрінде көпшіл болу керектігі де айтылады. Соны мына бір шешендік сөздің үзіндісінен көреміз:
Қанша жуан болса да, Жалғыз ағаш үй болмас. Қанша жақсы болса да,
Жалғыз адам би болмас.
Бұл мысалда көріп тұрғанымызда й, жалғыз жүрсең ешқандай ісің өнбейді. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас» деген мақал бар. Бұл мысалдың идеясы негізінен осы мақалмен сарындас.
Кез келген халықтың би-шешендері өздерінен кейінгі өскелең ұрпақтың білімді, ақылды, Отансүйгіш болғанын қалайды. Біздің де халық шешендеріміз жастарды білімділікке, Отанын сүюге, әр істі ақылмен шешіп, дұрыс шешім қабылдай білуге шақырады. Атақты би-шешендеріміз сонау кезеңде қазіргі заманның мәселесін айтып кеткендей. Мұны біз Бөлтірік шешен мен Ақтайлақ бидің мына бір шешендік сөздерінен байқай аламыз: Дүниеде азбайтын байлық біреу, Ол – ақыл.
Дүниеде тозбайтын байлық біреу, Ол – ақыл.
Дүниеде қайтпайтын адал қолдаушың біреу,
Ол – ақыл.
Бөлтірік шешен
Білімді адам ашпай көріп, айтпай сезеді,
Білімсіз надан нені көріп, нені сезеді?
Ақтайлақ би
Бұл үндестік тек қана шешендік сөздерде ғана емес, кейінгі ақын-жазушылар еғбегінде де өз жалғасын тапты.
Халық дәстүрінде көршімен жақсы қарым-қатынаста болу дәстүрі бар. Адамның өмірінде айрықша орын алатын биік үрдіс. Біздің түркі тілдес халықтарында көршіні сыйлау, оған құрметпен қарау,жалпы, көршіге қатсты жол-жоралғылар, салт-дәстүр, әдептер белгілі бір жүйемен дамып, қалыпқа түскен. Көршіге жақсылық жасап, көмек беріп, қуанышты бөлісіп отыруымыз керек. Пайғамбар хадистеріндегі міндеттеріміздің бірі болып, жақын мен алыс адамдарға тіл тигізбеу, балағаттамау, зиян келтірмеу насихатталады. Қазақтың даналық сөз өнерінде «адамдардың бәрі бірдей өзінің көршілік парызына адал бола бермейтіндігі – әлеуметтік шындық екені дәлелденген. Мысалы, шешендікте «Атың жаман болса, сатып құтыласың; көршің жаман болса қайтіп құтыларсың?», «отты үрлей берсең – өшіресің, көршіңді күндей берсең – көшіресің», «алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық», «қоңсы болсаң, қорған бол» деген тағылымдық мәні бар шешендік нақылдар кездеседі. Мұнда көршіні құрметтеп, оған қиянат жасамай, жылт еткенін қызғанбай, күндемей, қорламай әдеп сақтап жүру керектігін уағыздайды. Сонымен қатар қуанышыңды да, қайғыңды ды алыстағы туысың келгенше жақсы сыйласқан көршің ортақтасып, көршің бөлісетінін айтады. Ақтайлақ шешеннің «Жақсы көршің бар болса, жағдайыңа жанасар», «Итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса – тынысың», «Ұлың өссе – ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе – қызы жақсымен ауылдас бол» деген нақыл сөздерінде өмірдің терең шындығы датыр. Адамгершілікпен қарым-қатынас жасауды, тәрбиелі отбасымен араласу қажеттігін, соған қарап ұл-қызыңның да әдепті болатынын дәлелдейді[4, 12].
Қазақ шешендік өнерінде халықты жақсылыққа жетелейтін тағы бір асыл іс ағайынмен тату болу керектігі де айтылады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, қазақтың қай шешендік сөзін алып қарасақ та ағайынмен тату болу керектігі насихатталады. Сөзіміз дәлелді болу үшін щещендік сөздерден үзінді келтірейік. Мысалы, Айтқожа шешеннің сөзі:
Жар басына үй тікпе, Жар құласа – үй кетер. Ала болса ағайын, Рулы елден күй кетер.
Ағайын ала болғанда,
Ауыздағы ас кетер, Аңдыған дұшпан күшейіп, Жау қолында бас кетер…
Қазақ шешендік өнерінде осы уақытқа дейін халық жадында сақталып, халықты бірлікке, алауыз болмауға, елдікке, ерлікке, бейбітшілікке шақырып айтылған шешендік сөздер де бар. Мысалы:
«Бірлік түбі – береке, Береке түбі – мереке.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен, Ел болуды ойлаңдар».
«Би екеу болса, дау төртеу болады» «Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Хан әділ болса,
Хан ынтымақты болады…»
Майқы бидің бұл сөздері халық жадында нақылға айналып жатталып қалған.
Ұлтымыздың ұлылық сипат белгілерін, мемлекеттік мән-мағынасы өзгеше келелі, кесек істерін отты, сыршыл сезіммен жырлаған қазақтың атақты биі – Қазыбек. Ол жоңғар ханының алдына барып-тұрып, қазақ халқының қандай екенін түйдекті, жалынды сөздерімен, кесек ойларымен, өрлете қаңқылдатқан даусымен жырлады. – Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз… –дей келе, қазақ халқынын достықты қадірлей білетінін, намысщыл келетінін және де атадан туған ұл мен қазан абақтыда қаматып отыра алмайтындығын айтады. Жалпы, шешендік өнер ұлттық рухты адам бойына сіңіре отырып, ана тілін меңгеріп, елін, жерін, халқын сүюге тәрбиелейді. Сонымен қатар, шешендік өнер жас ұрпақты адалдық, әділдік, шыншылдық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерге баулиды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Бұлдыбай А.С. Шешендік өнер. — Алматы: «Қазақ университеті», 2003. –
146 б.
- Адамбаев Б. Қазақ шешендері. — Алматы, 2001. – 287 б. 3. Ақшолақов Е. Шешендік өнердің халықтық сипаты // Мәдениет №12(39) , 2009ю 4. Байғожаева Т. Шешендік сөздердегі салт-дәстүр көрінісі // Ұлағат №4, 2005.