
М.ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЭПИТЕТТІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Дюсебекова Г. —
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтының 3-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к Е.С.Қасенов
Көркем шығарманың тілі – күрделі, қыр-сыры мол құбылыс. Тіл – стильдің жаны. Әр қаламгердің өзіндік қалыптасқан стильдік мақамы болады. Кез келген құрылысқа материал қажет десек, көркем туындының материалы сөз болып табылады. М.Жұмабаевтың поэзиясында оның өзіндік сөз қолданысы, сөз өрнегі, сөз қасиеттері, сөздердің толып жатқан бояулары ерекше көзге түседі. Әрбір қимыл, әрбір көрініс, әрбір құбылыс жалаң берілмей, үнемі тапқыр теңеу, ұтымды эпитеттер арқылы беріліп отырады.
«Көркем әдебиет тілі – жазушының айтар ойы мен мақсатын танытар терең мазмұнды бейнелі сөздердің жиынтығы. Сондықтан көркем әдебиет тілінің эстетикалық функциясымен тікелей тығыз байланыстығы бар тағы бір ерекшелігі – оның образдылық қасиеті. Көркем әдебиет тіліндегі образдылық мәселесі суреткердің ой-танымына және тіл материалының бейнелегіштік сипатына бірдей қатысты» – деген тілші ғалым Ф.Оразбаева пікірін ескерсек, [1, 94-96 б.]. шынында да суреткердің стилдік ерекшелігін көрсететін сөз саптау ерекшелігі болса керек. Мағжан Жұмабаев өз поэзиясында тек дәстүрлі көркемдік тәсілдерді қолданып қана қойған жоқ, ол тың сөз өрнектерін ой елегінен өткізіп қолданды. Белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиев: «Қазақ поэзиясының аспанына көтерілген жаңа жұлдыз – Мағжан салған әсерден ақындықтың көз жасы, жүрек қанынан сорғалайтын — асыл сөз, дарынды сөз, қасиетті өнер, шарапатты өнер» — деп біледі[2, 256 б.]. Көркем сөз арқылы әдемілік, сұлулық, әсемдік сәулеленіп көрінеді. Ол әр түрлі көркемдік тәсілдер арқылы көрініс табады. Осы орайда ғалым М.Балақаев: «Жеке жазушының тіл өрнегінің толып жатқан бояу-бедері, өзіндік өсу, жетілу жолдары болады. Көркем әдебиет тілінің нәзіктігі көп жағдайда жазушының белгілі бір сөздері «мағыналық топқа кіру» яғни сөздерді өзара мағыналық байланысқа түсіру шеберлігімен байланысты», — деп жазады [3, 87 б.].
Біз қарастырып отырған ақын М.Жұмабаев поэзиясында әрбір сөз бен сөздің өзіндік ішкі байланысы түрлі көркемдік тәсілдерінің үйлесімі арқылы сәтті шыққан. Әлбетте, сөздердің реңін кіргізіп, ажарлап, көркемдік жасап үйлесімге келтірудің бірнеші түрлері, тәсілдері бар. Оған ең алдымен көркем шығармада қолданатын көркемдегіш құралдар – эпитет. Ғалым Зейнолла Қабдолов: «айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын», – дейді [4, 214 б.].
Мағжан Жұмабаев көптеген көркемдегіш құралдармен қатар эпитеттерді жиі қолданған. Ақын дәстүрлі эпитеттермен таза авторлық эпитеттерді шебер қолданып, жаңа өрнектер тудырған. М.Жұмабаев поэзияда бұрын соңды қолданыста кездеспеген эпитеттерді тауып пайдаланады да, даралық айқындығымен ерекшеленеді.
Эпитет М.Жұмабаев өлеңдерінде бірнеше жолмен жасалады:
- Зат есім мен зат есім қабыса тіркеседі: қорлық уы, құлдық уы, тасжүрек, бақыт құсы, су жүрек, шыбын жан, қастық уы, тас бауыр, алма бет, ерке бала, алма жүз.
- Сын есім мен зат есім: сұм боран, тәтті бал, сұлу сағым, асау жүрек, мәңгі мұнар, жүйрік қиял, қалың ой, ақ найза, айдын көл, жылы жүз, қалың дерт, сұм қиял, зеңгір тау, алтын күн, сорлы бұлт, жүйрік жүрек, сұм өмір, ашық бақыт, таза жүрек, жібек түн, алтын ой, сұм тағдыр, ауыр ой, алтын сәуле, сұм сұлу, ыстық лебіз, долы дауыл, қалың қауым, тәтті қылық, қажыр қайрат, тәтті қиял, жалқау жел, ақ отау, қалың ел, қара жылан, алтын күз, алтын шаш, күміс көбік, зеңгір тау, ақ бата, жылы жел, жүйрік жел, қалың ну, жарқын ай, ыстық қан, жынды жүрек, ұшқыр жан, ақ қол, батыр жүрек, алтын ерік, ауыр аманат, ауыр иіс, қара қайғы, ізгі ой, алтын үміт, ақ періште, қызыл жел, қу өмір, жылы үн, жауыз тағдыр, ерке бұлақ, кең ақыл, асыл қан, ұлы ой, ұшқыр жар;
- Екі- үш сын есім мен зат есімнің тіркесуі арқылы тіркеседі: үнсіз меңіреу, ұзын түн, кіршіксіз жас жүрек, тұңғиық терең бір ой, таза, терең, өткір, күшті, кең тілім, жібектей жасыл шөп, кілегей қара бұлт, тәтті ұлы бал, айдын шалқар көл, асау жас жүрек;
- Сын есім мен екі зат есім тізбектеліп келеді: ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, кәусар жібек сөз, тұңғиық бір терең ой.
М.Жұмабаев дәстүрлі эпитеттерді көркемдік талғаммен сай іріктеп алады. Оларды бұрын тіркеспеген сөздермен байланыстырып, мағынасын жаңартады. Ақын эпитеттерді жаңғыртып өзгеше қырынан берген. Бұдан ақынның өзіндік стилдік ерекшелігі айқын танылады. М.Жұмабаевтың «Сүйгеніме» өлеңінің: Сөзім, көзім айтып тұр сүйгенімді, Қуарған, сарғайған, жүз күйгенімді.
Талған жүрек, жүдеген, салған дене
Сүюдің қолына енген тигенімді – деген жолдарында берілген «талған жүрек, жүдеген, солған дене» сүйген жан сезімін суреттеуде жаңа мазмұнға орайлас түрленген эпитеттер.
«Қазақ қызына әзіл» өлеңінде ауыл қызының бейнесін жасауда «шолақ айдар, шөп желке», «бауырсақ мұрын, бұйра бет» деген эпитеттерді сәтті қолданылады.
Шолақ айдар, шөп желке, Бауырсақ мұрын, бұйра бет. Былқ-сылқ етіп жүргенде Ойламайсың ба үйрек деп.
Ақын «Батқан күн, атқан таңның жыры» шығармасында «сорлы бұлт- сорлы жар» деген эпитет қолданған. Мысалы:
Алтын күн батып барады,
Алтын күн ақырын өледі,
Сорлы бұлттар — сорлы жар Қан жылап күнді көмеді.
Мұндай эпитет Мағжаннан бұрынғы ақындардың туындыларында көрініс таппаған. Ақын: «Бір күні» өлеңінде: Деп ойлап қалың ойда жатыр едім,
Көп ойлап, ой дәмінен татып едім.
Естілді үй сыртынан апам даусы:
Ноқта апар, нағып жұрмай жатып едің? Мұндағы «Ой дәмі» эпитеті де Мағжанның өз олжасы. Осы мысалдардан Мағжан бұрыннан айтылып келе жатқан эпитеттерді қайталамай өзінше ізденіп жаңаша мазмұнда айқындаудың әр түрін жырларында шеберлікпен орынды жерінде қолданып отырғандығы анық аңғарылады.
Ақынның «Төбет» атты өлеңінің:
Жарықтық Сәрсен ақсақал, Жуан қарын тап-тапал Асырады бір төбет.
Тырбиған түрін көрсе де,
Шамасы кемін білсе де,
Ойы болды: «Кім білед!…» — деген шумағында «жуан қарын», «тырбиған түр» — эпитеттері Сәрсен ақсақалдың образын ашуға көмектесіп тұр.
Қушық шеке, қайқы бел
Жуан қарын сырып жер, Тып-тып төбет жүреді.
«Қарны толған өнер!»- деп,
«Қолынан бір не келер!»- деп,
Мұртынан Сәрсен күледі — деген жолдардағы «қушық шеке», «қайқы бел» эпитеттері ақынның өзіндік қолтаңбасын танытса керек:
Мағжан ақынның «Жаралы жан» өлеңінің: Жалқау жел өзін-өзі зорға сүйреп,
Жан-жақта жүргендей-ай жандар билеп. Ың-жың дауыс келеді құлағыма, Перілер ән салысып, тұрма күйлеп?
Жаралы бір жан жатыр құба жонда
Бір қисық жалғыз аяқ сүрлеу жолда. Пернесі нұры кеткен көзіменен, Қарайды бейшара жан оң мен солға. Қысылған сорлы адамның шыбын жаны Шапшып тұр, жүрегінен ыстық қаны».
Соқпа, сорлы жүрегім,
Шірі енді, ақ білегім! – деген жолдарындағы дәстүрлі эпитеттер қараңғы қазақ халқының ішіндегі өз мүддесінен, жерінен, билігінен айырылып, оқыған азаматты қажет етеді. Халықтың халін мынадай эпитеттер арқылы бейнелейді: «жалқау жел», «ың-жың дауыс», «жаралы жан», «құба жон», «қисық жалғыз аяқ сүрлеу жол», «бишара жан», «сорлы адам», «шыбын жан», «ыстық қан», «сорлы жүрек», «ақ білек».
Мағжан туындыларынан эпитеттердің неше алуан түрін ұшыратуға болады. Мысалы, ақын Мағжанның желі бірде «қатты, суық, ызғарлы, тас бауыр» болса, бірде «жылы, жүйрік, ерке, жалқаулау», көлдері «шалқыған, балқыған, қалқыған, ойнаған, қуанған», қысы «суық, қатты, қайғылы» болса да келген жазы «жылы, жайнаған, жібек қанатты», жүрегі «сорлы, талған, жүдеген, денесі солған», «қыздарының айдары шолақ, желкесі шөпті, мұрыны бауырсақтай, беті бүйректей» болса да «жымиысы жұмсақ, сөздері жібектей», «ормандары мәңгі мылқау, мәңгі кәрі», «бұлты да сорлы, жары да сорлы», өмірі «қайғылы, алдамшы» болса да «алтын үмітті» болып келіп, сөздерді ажарландырып, өлеңнің мазмұнын айқындап өте әсерлі, образды сөздермен салынған суретті нақтылап шынай сезіммен ойдың бірлігінде лирикаларға бояу қанық нәр берген.
Ақынның қиыннан қиыстырып қолданған жоғарыдағы айқындаулары өзі жырға қосып отырған объектіні, өмір құбылыстарын бейнелі оймен бере білу жағынан басқа суреткерлерден ерекшеленеді. Мұның өзі ақынның стилдік ерекшелігіне байланысты екендігі даусыз.
Қорыта келгенде, Мағжан Жұмабаев қолданған эпитеттер: дәстүрлі және таза авторлы деп бөлсек болады. Ақынның қолданған эпитеттері – өзіндік қолтаңбасын танытумен қатар мейлінше көркем бейнелі көркемдік тәсілдер. Ақын шығармаларындағы қолданылған әрбір образды сөз, сөз оралымдары өз орнында, айтылмақ ойдың мақсатын дәл, нақты жеткізуде сәтті пайдаланылғандығын көреміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Оразбаева Ф. «Тіл әлемі». Мақалалар мен зерттеулер. Алматы: Ан Арыс, 2009. – 368 б.
- Нұрғалиев Р. Абай энциклопедиясы. – Алматы, 1995.
- Балақаев М. Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы, 1966. –25 б.
Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы, 2006.