Бақша ағаштары
Ы.Алтынсарин
Жаздың бір әдемі күнінде таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштар менен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
−Мынау ағаш неліктен тіп-тік, анау біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы.
−Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өзі шығу қалыбымен өскен, − деді атасы.
−Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, − деді баласы.
−Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады: сен жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтіресің – жақсы, түзік кісі болып өсерсің; бағусыз бетіңмен кетсең – сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің, −деді.