
Махмұт Қашқари
«Диуани лұғат ат-түрк» шығармасынан үзінділер
Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Ұрпақ өссе, естілер өмірге алаңдар ма.
** *
Күніне жаздың жайлы сеніп қалма,
Абайсыз жаман іске еніп, талма.
* * *
Бастайды ізгі ниет ерікті алға,
Сөйлеуге жақсы сөзді әдеттенген.
* * *
Жаны кедей адамның құлқыны бір толмайды,
Оны ешқашан күшпенентолтыруға болмайды.
* * *
Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым біл,
Оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл.
* * *
Алтын, күміс болса қолда әркім мекен салады,
Көңілі оның орныққан соң құдайды еске алады.
* * *
Жауы, барда қанжарыңды қайрап жүр,
Қастық етсе, не істеуді ойлап жүр.
* * *
Заманың күні-түні жолаушыдай өтеді,
Кімді келіп басса егер оны әлсіз етеді.
* * *
Білімдіден ақылдылар қорланды,
Парасатты ой паршаланды зор мәнді.
Адамдарды бір-біріне қажатып,
Естілерді есер заман торға алды.
* * *
Барыңды шашуға сен асықпағын,
Мақтанып, ойыңды онша тасытпағын.
Жаныңа қайғы деген қас болады.
Көңліңді шығынды ойлап, жасытпағын.
* * *
Қайғым менен шаттығымды дауалайтын емім бар.
Мекенімді жәннәт дейтін менің жақын елім бар.
* * *
Тәңір жолын берген артық ойлана,
Шек келтіріп, оныменен ойнама.
* * *
Адамдар мәнгілікке туылмаған,
Күн, жұлдыз аспанда ол суынбаған.
* * *
Дүниеге құнықсаң сені орға жығады,
Данышпандар шыныққан оның мәнін ұғады.
* * *
Қанмайданға қасқайып кір жігітім,
Елдің ақта саған артқан үмітін.
** *
Ақылды адамға артық жалынбайды,
Үлгілі өсиетті қабылдайды.
* * *
Өмірді білмесең – білімің жоғалар,
Талғамды қашан да – бос сөзді доғарар.
* * *
Сыйлық алсаң сен оны ақым деме,
Жүз моншағын тегінде жақын көрме.
Айып болар жоқты айту ақылды ерге,
Данышпандар бос сөзді жаратпайды.
* * *
Өнім бермес жер жаман,
Қайырымсыз, озбыр ел жаман.
Оған себеп кер заман,
Сауысқандай саққұлақ.
* * *
Қарғаны мұз шоқытқан –
Қу құлқынның ісі еді.
Құл болса, егер, жоқтықтан,
Тұзаққа өзі түседі.
* * *
Тірлікте бейнетке жан жаншылады,
Рахат көргенше өмір таусылады.
* * *
Соғысты бастаушыны ұстап алып,
Жеткізсем жұрттың көзін іске анық.
Ондайды өлтірмей-ақ жөнге салып,
Бәлемді жіберерем қарыздар қып.
* * *
Малың сенің көбейсе, айналаңа жан толар,
Дастарханың болмаса, маңайыңа кім жолар.
* * *
Жеткіз мені сөзімді білімді адамдарға,
Тай ат болса – енесі артына алаңдар ма.
* * *
Тағдырдың жазуынан аса алмайсың,
Кез болар тасқын суды тоса алмайтын.
* * *
Ақымақ есін жиып ірге құрсын,
Қастаспай қой мен қасқыр бірге жүрсін.
Жайқалған өмір бетін гүлге бұрсын,
Береке ел ішіне тәртіп орнап.
* * *
Білімді адам еткен инабаты,
Талайлар жан нұрынан сыйға батты.
Ешкімді астамдықпен қинамапты,
Халыққа үлгілі істі өсиет қып.
* * *
Ел басшысы болсаң егер, жағымды істі кәсіп ет,
Бек қасында адамдарға жақсылықты тасып өт.
* * *
Ұлым, менің өсиетіммен жанды аузыңа қаратқын,
Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын.
* * *
Аш – албырт,
Тоқ – бейғам.
* * *
Батыр соғыста
Дана дауда (тірлігінде).
* * *
Асау өзен өткелсіз болмас.
* * *
Жер жыртарда ұқыпты болса,
Қырман уақытында жанжал болмас.
* * *
«Туғаның» дегенге қарамадық,
«Құда» дегенде жалт қарадық.
* * *
Қарғаның кәрісін кім білер,
Адамның аласын кім табар.
* * *
Бақыттың белгісі– білім.
Бөрінің (табысы) ортақ,
Құзғындікі ағаштың басында.
* * *
Үйдегі бұзау өгіз болмас.
* * *
Қырдағы қырғауылды аулаймын деп,
Үйдегі тауығыңды ұмытпа.
* * *
Көсеуі ұзын болса, қолы күймес.
* * *
Қанша ақымақ болса да, жолсерік жақсы,
Қанша бұрыс болса да, даңғыл жол жақсы.
* * *
Болатын өгіз бұзауында-ақ белгілі.
* * *
Әумесер шыбын сүтке түсер.
* * *
Тазының жүйрігін түлкі сүймес.
* * *
Тікпейінше өнбес,
Талпынбайынша болмас.
* * *
Көкке түкірсе, жүзіне түсер.
* * *
Ізгілікті судың түбіне тастап,
Бетінен ізде.
* * *
Көрпеден артық көсілген аяқ үсір.
* * *
Кішкентайында қиналса, үлкейгенде сүйсінер.
* * *
Қылыш даттанса, іс бұзылар,
Ер даттанса, пейіл бұзылар.
* * *
Көк шөп күймес,
Елші өлмес.
* * *
Түйе мініп, қой арасына жасырынбас.
* * *
Әкесінің тоны баласына жарасса, әкесін жақтырмас.
* * *
Тілі ащы бектен гөрі тұл қатын артық.
* * *
Түйенің өзі үлкен болғанмен, құмалағы кішкентай.
* * *
Бөрі көршісін жемес.
* * *
Бір түлкінің терісін екі рет соймас болар.
* * *
Арыстан қартайса, тышқанның інін аңдыр.
* * *
Сүзеген сиырға тәңір мүйіз бермес.
* * *
Әкесі бір бірін-бірі көре алмас,
Анасы бір мейірімсіз бола алмас.
* * *
Суды көрмей етігіңді шешпе.