Кабуснама

Кәсіптік білім үйрену, ұстаздық және қазы болу туралы

Ей, перзентім, біліп алғын, әуелі кәсіп туралы баяндаймын.
Кәсіп деген дүкеншілік емес. Әрбір адам бір істі қолына алса, оны жақсы біліп, әдістерін үйреніп, құпия сырларын игеріп, машықтануға міндетті. Сонда ғана ол кәсібінен көп пайда табады. Адам баласы өнерді игеріп пайдалануға талаптанады. Кәсіп деген шын мәнінде, есепсіз көп. Әрқайсысын жеке-жеке талдау мүмкін емес, талдайтын болсақ, сөз көбейіп кетеді.
… Ілімнің сипаты үш түрлі деуге болады: кейбір кәсіпке байланысты ілім: ілімге байланысты кәсіп, қайырымдылық және қисынды дәлелдемелерге қатысты әдет, тәртіптер. Кейбір кәсіпке байланысты ілімге тәуіптік (дәрігерлік), инженерлік, жер өлшеу (геометрия), ақындық және осыған ұқсас ілімдер кіреді. Ілімге байланысты кәсіпке: музыка, құрылысшы, жер асты құбырлары мен құдық арқылы су алу кәсібі сияқтылар жатады. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән қағидалары бар. Егер сен сол қағидалары мен тәртіптерін білмесең, қанша мықты болсаң да, тек таңдаудан басқа еш нәрсе қолыңнан келмейді. Сондықтан түрлі өнеркәсіп сырларынан түсінігің болғаны жөн. Егер өнеркәсіпке мұқтаж болмасаң, ұлықтардың бірі болуың ықтимал. Ұлық болған жағдайда да өнеркәсіп, түрлі ілімді білгенің өзіңе жақсы. Өйткені, өз басың өзгеге үлгі-өнеге көрсететін дәрежеде болуы шарт.
Жалпы өнер, кәсіптің ішінен ілімге талапкер болсаң, өте ұқыпты әрі ынсап-қанағатты бол. Ілімге дос болғың келсе, уақытты босқа өткізуді дұшпаным деп түсін. Сабырлы әрі салмақты болып, жеңілтек желөкпелер қатарына қосылма. Кеш жатып, ерте тұр. Кітап оқу, сабақ беру мәселесіне ерекше көңіл бөл. Өз ісіңнен зерігуші болма, оқығаныңды жаттай қайталаумен жақсы біліп алғын. Нені естісең, соны көңіліңнен қайталап өткізіп, жадыңа сақтауға тағы да басқа қажетті заттарды әрдайым өзіңнің жаныңа қойып, басқа нәрселерді маңына жуытпа. Аз сөйлеп, ұзақ ойланғын. Егер әрбір азаматтың табиғаты осы сипаттас болса, ол сөзсіз өз заманының озық адамы болады.
Өз көзқарасыңды қорғауға мықты бол. Екі түрлі түсінігі бар сөзге қанағанттанушы болма, сенімді адамдардың хаты болмайынша, есіткен жел сөздерді басшылыққа алмағын.
Жан күйдіріп сөйлеме. Егер біреумен сөз жарыстырғың келсе, қарсыласыңды байқа, егер онымен тартысуға күшің жетсе, әңгіме жалғассын десең, айтқан сөзіңді бірнеше нақты мысалдармен дәлелдеп сөйле. Немесе сөзіңді қысқартып, бір мысалмен ғана шекте, әр сөзіңді бір-біріне қарсы қойма. Алғашқы айтқандарыңды соңғы сөзің жоққа шығармасын.
Егер шариғат заңының білгірлері сөз жарыстырғысы келсе, сен сөзіңді бірінші қалыптасқан әдет-ғұрыптан бастап, сол әдет-ғұрыптарға сәйкес келетін өмірде бар жағдайлардан баяндағын. Сөз жарысында себептілік пен себепсіздік, мүмкіндік пен мүмкінсіздік қосылып кетсе, айыбы жоқ. Сөзіңнің түпкі мақсатын айқындай баяндап, көркем сөйлеуге тырысқын. Тым ұзақ немесе тым қысқа және мағынасыз сөз сөйлеме.
Ей, перзентім, егер сөз жарысына құмар болсаң, ақын болғын, көп жағдайды жадыңа сақтай білгін. Кім болса сонымен тартысып, сөз жарыстыруға қызықпа.
Мінбеге шығып алып, көңілің қалаған, аузыңа түскен сөзді айта бермей, мақсатыңды қысқа әрі сұлу сөзбен сөйлегін. Киген киімің өзіңе қонымды әрі таза болсын.
Ей, перзентім, егер даналықтың жоғарғы дәрежесіне көтеріліп қазы болсаң, салиқалы ой, салмақты мінез иесі болғын. Оралымды ойы бар, алдын болжай білетін зерек, жұрттың ішкі жан — дүниесін зерттеп білетін саясат иесі болуың керек. Әрбір ру топтарының әдет-ғұрпы, жол-жоралғысы мен қауымның өзіне тән діни дәстүрлерінен хабарың болсын. Қазылықтың нәзік тәсілдеріне жетік болғын. Егер алдыңа келген жәбірленушінің куәсі болмаса, зұлымдық бел алып, оның ақысы өнбейтін халде болса, жәбірленушіні қолдап, есебін тауып, оның ақысын өндіріп бер.
Ә ң г і м е. Табаристанда Абул Абас Русий ұлық қазы еді. Ол жұрттан асқан ғалым, алдын болжай білетін іскер адам еді. Күндердің күнінде алдына бір кісі келіп, бір адам жайлы шағымын айтады. Қазы оның қарсыласынан жауап алады. Ол мойындамай, Қазы танған адамнан ант ішесің бе деп сұрады. Ол кісі ант ішуге дайынмын деп жауап берді.
Қазы дау иесінен куәң бар ма, деп сұрады. Ол адам «жоқ» деп жауап берді. «Куәлерің болмаса, мен оған ант ішкіземін» деді. Сол кезде дау иесі зар жылап: «Ей, қазы, оған ант ішкізбе. Өйткені ол жалған ант ішуден қорықпайды. Керісінше жалған ант ішудің өте шебері»,− деді. Қазы:
– Мен шариғат жолынан шыға алмаймын. Сен не куәңді тап немесе ол
ант ішсін, – деді.
Дау иесі қазының алдына құлап, зарын айтып: «Ей, қазы, менің куәм жоқ, ол сөзсіз ант ішеді. Тек мен сорлаймын. Бір амалын жасамасаң, мені қайғыға қалдырасың», – деді.
Қазы дау иесінің арызын тыңдап, оның сөзі шын екеніне сеніп: «Қалай сен оған жүз ділдә бердің?» – деді.
Дау иесі: «Бұл адам неше жылдан бері менімен дос еді. Кенеттен бір кәнизәк қызметкерге ғашық болды. Кәнизәктің құны жүз елу ділдә екен. Бұл досымның тек елу ділдәдан басқа теңгесі жоқ екен. Ертелі-кеш жан-жаққа шапқылап, қайыршылық халге душар болып жүрді. Бір күні екеуміз кең далаға сейілге шығып, тамашалап жүріп, бір жерге барып отырдық. Бұл досым кәнизәк жайлы зарын айтып жылады. «Сенімен жиырма жылдан бері доспын, енді менің мүшкіл жағдайыма рахым еткін», – деді. Лажсыздан жағдайына мейірімім түсіп: «Ей, достым, сенде кәнизәктің құнына жететін қаржы жоқ. Сенің жағдайыңа түсініп жәрдем бере алатын адамың бар ма?» – дедім. Ол : «Жоқ, менің тағдырымды тек сен шешпесең, жағдайым нашар», – деді. Мен оған :«Барым жүз ділдә ғана, оны бірнеше жылдан бері бейнеттеніп жиған едім, міне осы ділдәмді саған берейін. Сен оны өзіңнің елу ділдәңа қосып, сүйген кәнизәгіңді алғын да, бір ай онымен бірге тұрып, бір айдан соң сатып, менің ділдәмді қайтарғын», – дедім. Менен бұл жауапты есіткен соң, өзінің басын жерге иіп, антын айтып: «Бір айдан артық ұстамаймын, бір айдан соң не пайда, не зиянына кәнизәкті сатып, ділдәңді өзіңе беремін», – деді. Сонан кейін мен жүз ділдәні белімнен шешіп бердім. Ділдәні берген кезде екеумізден басқа тірі жан жоқ еді. Төрт ай болды, кәнизекті де сатпайды, менің ділдәмді де бермейді», – деді дау иесі. Қазы: «Сен ділдәні берген кезіңде қайсы жерде отырған едің», – деді. Дау иесі: «Пәлен дарақтың астында отырған едік», – деді.
Қазы: «Не себепті куәлерім жоқ дейсің», – деп, қазы (дау иесінің қарсыласына қарап): «Сен осы жерде отыр» деді, дау иесіне: «Тез бар да, дараққа айтқын, қазы сені менің алдыма келіп куәлік берсін» деді. Қарыздар бұл сөзді есітіп, білдірмей миығынан күлді. Дау иесі: «Ей қазы, дарақ менің айтқан сөзіме келмесе не істеймін?» деді. Қазы: «Менің мөрімді алып бар да дараққа айтқын, «Бұл қазының мөрі: қазы маған тапсырды, келуің қажет, бұл жайлы көрген істеріңді баяндайсың деп айтқын», −дейді. Дау иесі қазының мөрін алып, дараққа қарай тартты. Қарыздар қазының алдында қалды. Қазы басқа адамның дауымен шұғылданып қарыздарға қарамады. Біраздан соң қазы қарыздарға қарап: «Жаңағы дау иесі дарақтың жанына барып жетті ме екен?»− деді. Ол: «Жеткен жоқ»,− деп жауап берді. Қазы басқа даумен шұғылдану ісін жалғастыра берді.
Дау иесі дарақтың қасына барып, қазының мөрін көрсетіп: «Ей дарақ, сені қазы шақырып жатыр»,− деді, біраз күтіп тұрды. Дарақтан ешқандай жауап есітпей, қапаланып қайтты. Қазының алдына келіп: «Ей, қазы, дараққа мөріңді көрсетіп шақырғаныммен ол келмеді», – деді. Сонда қазы: «Сен білмедің, дарақ келіп, куәлік беріп кетті», – деді. Сонан соң қазы дау иесінің қарсыласына қарап : «Егер алтының болса, алған алтыныңды қайтар, болмаса кәнизәкті сатып қарызыңнан құтыл», – деді. Қарыздар: «Ей, қазы, мен қасыңда отырмын, ешқандай дарақ келіп саған куәлік берген жоқ қой», – деді. Қазы: «Егер сен бұл адамнан алтын алмаған болсаң, неліктен мен сенен дау иесі дараққа жетті ме екен деп сұрағанымда сен «жеткен жоқ» деп жауап бердің. Сен неге: «Қайсы дарақ, дау иесі қай жаққа кетті? Мен оны білмеймін», деп жауап бермедің?» – деді. Қазы қарыздарды мойындатып, алған алтынын дау иесіне өндіріп берді.
Ей, перзентім, білгенің жөн, үкімнің бәрін кітапқа жазылғанға қарап шығармайды. Қазы өз көрегендігімен жоғарыда айтылған айла-әдіспен ақиқатты мойындатып үкім шығарады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *