Омар Хайям

Омар Хайям

 

Талайлар данышпанға балап өзін,
Бір құдай деп бастайды айтар сөзін.
Тіршіліктің қадірін біле алмай,
Демі бітіп бір күні жұмар көзін.

Жігіттіктің маусымы лезде өтті,
Көктем бітіп, мінеки, қысы жетті.
Жастықтың мастығымен сезбей қаппыз,
Білмеппіз қашан келіп, қашан кетті.

Тағдырға менен үкім жүрер болса,
Жазар едім өткір ғып тілін сонша.
Қайғыны атыменен құртар едім,
Жеткендей басым көкке, көңлім толса.

Жақсы менен жаманды саралай біл,
Жаудың көбін достарың тарамай біл.
Қолыңнан келгенінше бұл жалғанда,
Ертелі-кеш өзінді бағалай біл.


Құдіреттің жаратқан қауқары біз,
Күлім көздің қарасы, жаухары біз.
Айнала төңіректі жүзік десек,
Жүзіктің көзіндегі гауһары біз.

Шарап ішсең, ақылды данамен іш,
Немесе гүл-гүл жанған қыз баламен іш.
Аз-аздап іш, сирек іш, жасырып іш,
Рәсуа болмай ұятты ойлап санамен іш.

Тағдыр өзі жаратқан ет, сүйектен,
«Аз ғана ғұмыр саған» – деп сый еткен.
Рүстем жау болса да мойныңды име,
Атымтай досың болмас сен сыр еткен.

Көктем күні сызылған бір перизат,
Шарап құйып отырса болар ем шат.
Тіпті, мейлі, сүреңсіз болса да өмір,
Керек емес сол сәтте маған жаннат.

Тірліктен не қамың бар, әй, адамдар,
Берекесіз ғұмырдың көрдің азар.
Қунақ жүр, өмірінді шат қып өткіз,
Тағдырға қарсы тұрар не шараң бар?!

Тәңірі болсам әлемге үкім етер,
Жасар ем дүниені көңілді өтер.
Жаңа өмір әмбелерге құрар едім,
Табанда арманына қолы жетер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *