Қазақ әдебиетінде аты алтын әріптермен жазылған біртуар дарын иесі – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың халқымыз үшін орны бөлек. Еліміздің әдеби байлығы мен қазақ халқының тарихына өшпес із қалдырған заңғар жазушыны халық ерекше ілтипатпен бағалайды. Заманының заңғар жазушысы, дарқан дарын иесі Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы аса бай. Ол көркем әдебиеттің барлық саласында (проза, драма, сын) дерлік қалам тербеп, көркемдігі кемел, кең құлашты, сүйекті туындылар жазды. Халық қазынасына айналған шығармалардың барлығы дерлік ел кәдесіне жарап келеді. Әйтсе де жазушы мұрасын зерттеуде, кейінгі ұрпаққа, яғни бізге дейін жеткізуде жіберілген қателіктер мен қате пікірлер де жоқ еместігін айтуға тиіспіз. Солардың бірі дүние жүзі әдеби классикалық туындыларының алдыңғы қатарынан орын алатын, халықтық эпопеяға баланған «Абай жолы» романы туралы пікірталаста айтылады. Жазушы Мұхтар Әуезов Абайды биіктету мақсатында Құнанбайды түсіріп, жаман қасиеттерін баса көрсетіп, жағымсыз кейіпкер ретінде жазады-мыс. Бұл пікір мектеп оқулығынан бастап жоғары оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарда да жазылған, кейбір жиындарда әлі де айтылады. Әрине, кеңес үкіметі кезіндегі пікірталас пен роман төңірегіндегі дауды түсінуге болады. Заң басқа, заман басқа! Ал Тәуелсіз Қазақстан атанғалы әлі сол пікірдің төңірегінен шыға алмай жүргендерге не жорық?! Иә, ұзақ уақыт саясаттың кесірінен Құнанбайды ескішіл, бай, феодал, қараң деген мәндегі пікірлер айтылып, бүгінге дейін жетті, санамызға еріксіз сіңірді. Өмірдегі Құнанбай — аса күрделі тұлға. Иә, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан кезінде биліктің үш тұтқасын — қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің “Сібір қазақтарына арналған низамын”, шариат жолын қатар ұстанды. Қазақ дәстүрінің негізіне сүйене отырып, оңтайлы шешімдерді жүзеге асырды. Сол заманның өзінде де Құнанбай туралы жақсы пікір жазып қалдырып кеткендер бар. Мысалы, Сібірге жер аударылған тұтқын
Янушкевич деген тұтқынның артына қалдырған хатында Құнанбай қажы туралы пікір бар екен: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады… Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды». Ал Ахат Шәкәрімұлы «Құнанбай діншіл адам болған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек құдай мен көпке бағынуды лайық деп санаған», — деп айта келіп, «Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділ билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады екен» деп жазады. Бұл аңыз араласпаған нақты пікірлердің біз үшін маңызы зор.
Бұл мақаламыздағы мақсат Әуезовтың Құнанбайды жағымсыз етіп көрсетуге тырыспағанын айғақтау. «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған оқырмандардың пікірі пішен екені рас. Бірақ Әуезов Құнанбайды жаман жағынан көрсетуге тырыспағанын, қайта кесек кейіпкер ретінде өз дәрежесінде, өмірдегі кейпінен ауытқымай, реалистік қалпында беруге тырысқанын аңғаруымыз керек. Иә, Мұхтар Әуезов “Абай жолына” үлкен дайындықпен келді. Жазушы тетралогияны он бес жылға жуық уақытта жазды. «Абай жолы» романы жарық көрмей тұрып ақынның шығармашылық өмір жолы туралы газеттер мен журналдарға көптеген ғылыми мақалалар мен монография жариялады. 1936 жылы Леонид Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясы (1939) қазақ драматургиясының үздік туындыларының біріне айналғаны сөзсіз. 1918 жылдан бастап Семей қаласында жарық көре бастаған «Абай» журналына Жүсіпбек Аймауытов екеуі «Екеу» деген жасырын атпен редакторлық еткенін де айта кетуіміз керек. Тізе берсеңіз Мұхтар Әуезовтың ұлы ақын мен Өскенбай, Ырғызбай әулетін зерттеудегі еңбегінің түбіне жете алмайсыз. Зерттеу жолының өзі бір зерттеу. Жазушы ширек ғасырлық зерттеуінің арқасында кітаптағы кейіпкерлердің ара-жігін ажыратып алады. Құнанбай зерттеу кезіндегі жазушының көп мәлімет алған кейіпкері. Кейіннен Құнанбай туралы мәліметтің көптігі романдағы қажы бейнесінің кесек болып шығуына үлкен әсерін тигізді. Ырғызбай әулетін түп-тамырына дейін зерттеп, ақ-пен қарасына қанық болған жазушының қиянатқа барып Құнанбайдың өмірдегі болмысына дақ түсірер шығарма жазуы мүмкін емес нәрсе еді. Романды оқыған көзі ашық, көкірегі ояу саналы оқырманның эпопеяның еш жерінен жазушы тарапынан Құнанбай қажының еңбегін мансұқтау, оның ісін жоққа шығару т.б. айыпты тізбектерді жолықтыра алмайды. Құнанбай мен Абай арасындағы диалогтарда олардың бір-біріне деген үлкен биік талабы, сенімі, махаббаты бар екенін аңғартады. Бүгінде Құнанбай бейнесі жүйелі зерттеліп, ғылыми еңбектер жазылып, фильм түсіріліп, мақалалар, кітап жазылды. Құнанбай туралы жаңсақ пікір қалыптастырушы совет ғалымдарының ойларын, осы еңбекер қайта жоққа шығара бастады.
Егер жазушы Мұхтар Әуезов Құнанбайды жағымсыз етіп суреттегісі келсе, Қодар мен Қамқа оқиғасы емес, хорунжиді өлтірген жігіттердің оқиғасымен-ақ өз қиялындағы сатқын образын жасар еді. Бірақ Арқат-Аягөз бекеті аралығында поштаны тонап, хорунжийді өлтірген Табылды, Үдербай, Әбділда, Түңлікбай есімді қазақ жігіттерін Барлық тауында тығылып жүрген жерінен Аягөз округінің аға сұлтаны Барақ Солтабаевтың көмегімен Құнанбай патша өкіметіне ұстап беруі де аға сұлтанның аңғалдықпен, аяқты аңдамай басуынан болған оқиға еді. Өзі ұстап берген жігіттердің дарға асылып, атылғаны Құнанбайдың өкінішіне айналды, биліктен кетуіне түрткі болды.
Даланың ділмәрі қатал да әділ билік елді тезге салып, жөнге келтіреді деп білді. Қаталдығы романда жақсы суреттелген. Жасынан батыр, найзагер болған Құнанбай қажы билік құрған заманында ел ішіндегі барымтаға, ұрлыққа, дінбұзарлыққа, зинақорлыққа қатаң тыйым салды. Сол заманның ауқымын аңдап, ертеңін болжап, халықты дұрыс бағытқа жетелеген. Балаларын орысша оқыта отырып‚ мұсылмандықты уағыздады. Медресе салдырып, Әуез, Ғабитхан, Кішкене молда секілді шариғат білгірлерін аулына көшіріп әкеліп, бала оқыттырды. Сырттай Кенесары қозғалысына қарсы күрескер ретінде көрінгенімен, оған астыртын қолдау жасап, көмек берді. Міне, осындай сан қырлы қасиеті бар, даралық ерекшеліктері айқын көрінген тау тұлғалы аға сұлтанды жағымсыз етіп суреттеу қиянат еді. Бөрілі жерінде туған көкбөрі Мұхтар Әуезовтың қиянатқа баруы қиын еді. Дарынды жазушы тар заманда тарихын түгендеген, әдебиеті мен мәдениетіне қызмет еткен ғұлама еді.
Қуаныш Қожабайұлы