Ақшаның кез келген тауарларға теңгерілуі (эквивалент болуы) неліктен? Ол ақшаның тауар өндірісі жағдайында құн өлшемі қызметін атқаруынан. Бұл ақшаның алғашқы қызметі. Яғни, ақша — өндірілген өнімнің құнын өлшеуші құрал. Тауар құнын өлшеу үшін алтын ақшаның қолда болуының қажеті жоқ. Ақша құн өлшемі қызметін қолдағы ақша емес, қиялдағы, яғни ойдағы ақша ретінде орындайды. Себебі тауардың құнын өлшеу оны ақшаға айырбастаудан бұрын өтеді, ал құнның тауарлы формасын ақшалай формасына айналдыру үшін тауардың бағасын белгілеу жеткілікті.
Тауардың ақша болып көрінетін құны – тауар бағасы. Баға деген құнның ақшалай көрінетін бейнесі. Енді өндірілген өнімнің құнын ақшамен анықтау керек делік, яғни оны айырбасқа түсіру үшін бағасын белгілеу керек. Ол үшін баға масштабын қолдану қажет. Баға масштабы деп ақша өлшемі ретінде мемлекет белгілеген белгілі бір металдың (алтын, күміс, мыс) мөлшері мен массасын айтады. Алғашқы монета (шақа) соғылған кезде баға масштабы оның салмағына тең болды. Бұл ресми баға масштабы еді. Ақша түрлерінің өзгеруіне байланысты баға масштабы ақшаның салмағына сай келмейді.
Ақшаның құн өлшемі ретіндегі қызметі мен баға масштабының арасында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Құн өлшемі — ол ақшаның экономикалық қызметі, яғни құн қнімді шығаруға жұмсалған еңбек шығынын анықтайды. Ал баға масштабы тауардың құнын анықтау үшін емес, оның бағасын белгілеу үшін мемлекет заңды түрде бекіткен – құқықтық сипаттағы техникалық құрал.
Ақшаның тауар айналысында атқаратын екінші қызметі айналыс құралы. Басқаша айтқанда, тауарлар бір-бірімен айырбасталғанда ақша делдалдық қызмет атқарады. Ақша пайда болғаннан кейін тікелей тауар айырбастау (Т-Т) тауар айналысы (Т-А-Т) формасына айналады. Бұнда екі акт бар: біріншісі Т-А – ол тауарды сату немесе тауарды ақшаға айырбастау, ал екіншісі А-Т — ақшаға басқа қажетті тауарды сатып алу немесе ақшаны тауарға айырбастауды бейнелейді. Ақшаның бұл қызметі тауар айналымында сапалық өзгерістер енгізді. Атап айтқанда:
Біріншіден,Т-А – процесі өнім өндірушінің өнім дайындауға жұмсаған еңбегін қоғам таныды деген мағынаны білдіреді.
Екіншіден,бір нарықта тауарды сатып, басқа бір нарықта керек тауарды сатып алуға мүмкіндік туады.
Үшіншіден,тауарды ақшаға айналдырып (Т-А), керек тауарды сатып алуды кейінге қалдыруға болады.
Осыедай мүмкіндіктердің нәтижесінде жекелеген айырбас актілері араласып, түйісіп біртұтас тауар айналысы процесін (Т-А-Т1 А1-Т2-А2) құрайды. Осы процестер барысында ақша бірінші, екінші, үшінші кісіге және т.с.с. қолдан қолға қтіа ақша айналысын құрайды. Сөйтіп, ақша айналыс құралы ретінде сансыз сатып алу-сату процестеріне қызмет көрсетіп, үнемі айналыста жүреді.
Ақшаның айналыс құралы қызметінің ерекшеліктері:
а) тауар мен ақшаның біріне-бірі қарсы қозғалысы;
ә) бұл қызметті ойдағы ақша емес, қолма-қол ақшаның орындауы;
б) бұл қызметін ақша тауарлар айырбасталғанда оларға ілесе жүріп, ілезде шапшаң орындайтындықтан, айырбаста нақты ақша материалы (алтын) емес, оның орнына қолданылатын ақша белгілерінің жүруі. .
Ақшаның бұл қызметінде айналысқа қажетті ақша мөлшері сатылатын тауарлардың бағасы мен олардың массасына байланысты анықталады. Ақша неғұрлым тез айналса, соғұрлым айналысқа аз мөлшерлі ақша қажет. Егер де айналыстағы ақша массасы тауар массасынан көп болса, онда айналымдағы кембағалы ақша құнсызданады. Оны ғылым тілінде «инфляция» деп атайды.
Тауар айналысы дамыған сайын тауарды сату уақыты оған ақша төлеу уақытымен сәйкес келе бермейді. Төлемді кешіктіре отырып, сатылған тауарларға ақы төлегенде ақша төлем құралы қызметін атқарады. Сатып алушы тауар үшін ақшаны төлем мерзімі басталған кезде ғана төлейді. Демек, бұл – тауар несиеге сатылды деген ұғым. Тауар несиеге сатылғанда сатушы – несие беруші (кредитор), ал сатып алушы борышқор (қарыздар) деп аталады. Сатып алушы ақшаның орнына сатушыға қарыз міндеттемесін жазып береді. Қарыз өтелгенде ақша төлем құралы қызметін атқарады.
Ақшаның төлем құралы қызметі тек тауар айналысын қамтумен шектеліп қоймай, сонымен бірге ақша қаржылық және несиелік қатынастарға да қызмет көрсетеді. Барлық төлемдерді төмендегідей түрде топтастыруға болады:
а) тауарларға және көрсетілген қызметтерге ақы төлеу;
ә) еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы төлеу;
б) мемлекеттік қаржы міндеттемелерін өтеу;
в) банктік, мемлекеттік, тұтыну несиелері бойынша қарыздарды өтеу;
г) сақтандыру міндеттемелерін төлеу;
д) құқықтық-сот сипатындағы қызметінің айналыс құралы және т.б.
ақшаның төлем құралы қызметінің айналыс құралы қызметінен өзгешеліктері: бұл қызметінде ақша сатып алу-сату процестерін аяқтайды және қолма-қол ақшамен қатар несие ақшалары да жүреді.
Сөйтіп, ақшаның төлем құралы қызметі несие қатынастары мен несие жүйесін дамытты. Ол – алтын ақшаның айналыстан ығыстырудың тағы бір айғағы.
Ақшаның келесі қызметі – қор жинау және байлық құру құралы. Ақшаның айналыс және төлем құралдары қызметін орындауы үшін қажетті мөлшерде белгілі бір уақытқа ақша қорын жинау керек. Әр түрлі жағдайларға байланысты тауар айналысы (Т-А-Т) тоқтап (Т-А) қалуы мүмкін. Осының нәтижесінде ақша айналысы да тоқтап, белгілі бір тауарларды сатқаннан соң ақша жиналып қалады. Әрине ақша қорын жинау әр түрлі нақты себептерге байланысты.
Тауар айналымының үзіліссіз бірқалыпта жүруі үшін қажетті ақша мөлшері өзгеріп отырады. Сондықтан бір кезде айналысқа қосымша ақша мөлшерін қосып, кейде, керісінше, ондағы ақшаны шығару қажет болады. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы жұмыстар жыл мезгілдеріне байланысты жүргізіледі. Көктемде егін егу үшін алдын ала қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу немесе жөндеуден өткізу, тұқым және жанар-жағар майларды дайындау және т.с.с. жұмыстарға ақша қорын жинау керек. Бұл экономикалық себептер. Сонымен қатар пайдакүнемдік, әшекей бұйымдарын жинау, жеке қор жинауға құмарлық, т.с.с. әлеуметтік себептер де ақша жинауға әсер етеді.
Айналым құралдарын және тұтыну заттарын сатып алуға қағаз немесе несие ақшалары қолданылады. Ақша қорын жинау ұйымдардың жинақтары және адамдардың жеке жинақтары түрінде болады. Бұлардың біріншісіне: кәсіпорындардың, ұйымдардың банктердегі есеп және депозиттік шоттарындағы ақша қаражаттарының қалдығы түріндегі жинақтар, ал екіншісі: халықтың банктердегі, мемлекеттік облигациялардағы және т.б. салымдары түріндегі жинақтары жатады. Несие механизмі арқылы ұйымдар мен халықтың жинақ қаражаттары банктік несие түрінде қайтадан айналымға түседі. Сөйтіп, елдің ішкі қажеттілігін өтеуде толық құны жоқ ақша, яғни қолма-қол ақша және несие ақша қорлары қызмет көрсетеді.
Қорыта айтқанда, ақшаның қор жинау және байлық құру құралы қызметі арқылы ұлттық табысты қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу процестері жүреді.
Халықаралық еңбек бөлінісінің дамуы, шаруашылық байланыстарының интернационалдануы тауар және ақша айналысының ұлттық шеңберден шығып, әлемдік нарықтың пайда болуына әсер етті. Бұл экономикалық қатынастар – ақшаның дүниежүзілік қызметінің алға-шарты. Сондықтан ақша халықаралық сауда-саттыққа қызмет көрсетеді. Ақшаның бұл қызметі қоғамның капитализмге дейінгі сатыларында пайда болып, әлемдік нарық тұсында кең өрістеуде. Бұл нарықта ақша «өзінен ұлттық мундирін шешіп , яғни алтын құймасы (955 сынама) формасында айналысқа түседі. 1867ж. Париж келісімі дүниежүзілік ақша қызметін ақша ретінде танылып, үш түрлі бағытта қолданылды. Атап айтқанда:
- Бүкіл елдерде ортақ төлем құралы, яғни халықаралық төлем құралы ретінде ақша халықаралық төлем балансы бойынша есеп айырысуда қолданылады;
- Бүкіл елдерге ортақ сатып алу құралы, яғни халықаралық сатып алу құралы ретінде шетелдерден қолма-қол ақшаға тікелей тауар сатып алғанда жүреді. (мысалы, егін шықпай қойған жылдары – астық, қант және т.б.);
- Қоғамдық байлықты материалдандыру құралы ретінде ақша ұлттық
байлықты бір елден басқа елге көшіргенде, яғни контрибуция (соғыста жеңілген мемлекеттің жеңіп шыққан мемлекетке төлейтін соғыс салығы) салығын төлегенде, репарация (жеңілген елдің жеңген мемлекетке соғыс зиянын түгел не жартылай төлеуі) зиянын төлегенде немесе қарыз бергенде қолданылады.