Ақша адамға ежелден таныс. Бірақ оның қалай пайда болғандығы туралы құпия сыры және қоғам өміріндегі мәні көп уақытқа дейін беймәлім болды. Бұл сұрақтарға қоғам өмірін зерттей келіп, оқымыстылар ақшаның тауар айналымында атқаратын маңызын жан-жақты ашып, жауап берді. Ақша – тауарлы өндірістің өнімі. Сонда өнім мен тауардың айырмашылығы неде? Тауардың ақшаның пайда болуына, оның қолдануының өрістеуіне әсер ету жағдайларын тарихи тұрғыдан қарастырайық.
Қоғамдық дамудың алғашқы қауымдық құрылысы жағдайында бір қауым өз тұтынуынан ауысқан өзінің қандай да болсын еңбек өнімін анда-санда кездейсоқ кездескенде басқа бір қауымның өніміне айырбастайды. Сонда, адам еңбегінің нәтижесі — өнім (зат). Ал оны өндірушілердің белгілі бір қоғамдық қатынастарын, яғни өнімді сату-сатып алу қатынастарын дәлелдейтін түрі – тауар. Тауар дегеніміз сату-сатып алу жолымен айырбасқа арналған формасы. Тауар ең алдымен өндірушінің басқа өнімдерге айырбастау мақсатымен жасалған еңбек өнімі түрінде айырбас кезінде, яки нарықта көрінеді. Егер өнім өндірушінің өзінің тұтынуы үшін жұмсалса, ондай еңбек өнімі тауар сипатын алмайды. Мысалы, етікші өзі тіккен етікті өзі пайдаланса, онда ол тауар емес, тұтыну заты.
Бірақ кез келген зат тауар бола алмайды. Егер нақты еңбектің нәтижесі – тұтыну құны өз сатып алушысын таппаса, қоғам оны мойындамағаны, онда оны жасауға жұмсалған уақыт босқа кеткен уақыт болғаны да, зат тауар түріне ие бола алмағаны, себебі ол қоғамға керексіз зат. Тауардың басқа адамдардың қажетін қанағаттандыратын қасиеті тауардың тұтыну құны болады, яғни тауардың қоғамдық тұтыну құны болып табылады. Тұтыну құны тауарды өндірушінің өз қажетін емес, басқа өндірушінің тауарына айырбастау арқылы басқа адамдардың қажетін өтейді. Тауардың басқа тауарға айырбасталуы қасиетін оның айырбас құны деп атайды. Айырбас құнын тауарлар сатылғанда ғана ілесе жүретін бағалық көрсеткіш айқын көрсетеді. Сонымен тауардың тұтыну құны басқа адамдардың қажетін қанағаттандыру қасиетінен шығады да, ал басқа тауарларға айырбасталу қасиетінен айырбас құны шығады. Әрбір тауар өзінің өндірушісіне айырбас құны ретінде тұтыну құнын алатын құрал болады. Айырбас құны, яғни тұтыну құндары айырбасталуының пропорциясы, ол – құнның айырбас актісіндегі сыртқы көрінісі.
Айта кететін жәйт, кез келген пайдалы зат құн бола алмайды. Себебі адам еңбегі жұмсалмаған заттардың құны жоқ. Мысалы, өңделмеген тың жер, өзендер мен теңіздер, жабайы жемістер, т.б. Сонда құн деген не? Құн дегеніміз – тауар өндіргенде жұмсалатын еңбек жиынтығы. Қоғам дамуының негізі – еңбек. Сондықтан, тауарға сіңген қоғамдық еңбек тауардың құны болады. Бұл бір жағынан, ел екінші жағынан еңбек шығындары өздігінен өнімді құн ете алмайды. Құнды көруге, сезінуге бола ма? Өнімнің құны болуы үшін белгілі-бір қоғамдық жағдай болуы қажет – ол тауар өндірісі, яғни өндірістік қатынастар, оның ішінде айырбас қатынастары болуы шарт. Ол тек тауар өндірушілердің ғана қатынастары. Айырбас кезінде олардың белгілі бір тауарды басқа тауарларға теңестірулері кезінде, яғни айырбас құны арқылы көрінеді. Тауарлардың құнын зертханада физикалық немесе химиялық талдау жасап байқауға болмайды. Оны тек қоғамдық сипатта – нарықта, айырбас кезінде байқауға болады. Сөйтіп құн деген заттың қоғамдық қасиеті.
Құн – тарихи категория. Құнның негізі – адам еңбегі. Құн – еңбектің нәтижесі, еңбек жемісі. Құн деген идея адамзат тарихында көптен бар. Ал оның еңбек теориясының негізін қалаушылар ХVІІ ғасырдағы ағылшын экономисі У. Петти, ХVІІ ғасырда өмір сүрген шотландық А. Смит, ХІХ ғасырдағы ағылшын бизнесмені Д. Рикардо болды. Ал құнның еңбек теориясына басты үлесті ХІХғ. К. Маркс қосты. Ол тауарға жұмсалатын еңбектің екі жақты сипатын, яғни белгілі бір тұтыну құнын жасайтын нақты еңбекті және құнның сыртқы көрінісін жасайтын абстрактылы еңбекті ашып, оны жан-жақты талдады. Тауардың екі жағының – тұтыну құны мен құнының – қайшылықтары болғанымен, ол ажырағысыз бірлік түрінде көрінеді.
Тауардың ішкі қайшылықтары қандай жағдайда шешіледі деген сұраққа жауап іздестірейік. Қоғамдық еңбек, яғни басқалар үшін еңбек ету қоғам дамуының барлық сатыларында болады. Алғашқы қауымда да, патриархаттық отбасында да адамдар өз күш-қуатын жұмсай отырып, өз отбасына қажетті өнім шығарып, бір-біріне еңбек етті. Алайда мұнда құн пайда болған жоқ. Себебі тауар пайда болған жоқ, яғни еңбек өнімдері айырбасқа түскен жоқ. Тауар болу үшін өнімнің басқа бір өнімге айырбасталуы қасиеті ол өнімді сату-сатып алу кезінде, яғни нарықта оны тұтыну құны және құн етеді. Өйткені, егер өнім (зат) сатылса, оның тұтыну құны басқаның қажетін өтеуге керек болғаны. Бұл біріншіден. Екіншіден, оның құнының бар екені дәлелденгені. Міне дәл сатып алу-сату жағдайында (нарықта) тауардың ішкі қарама-қайшылықтары шешіледі.
Адамзат қоғамының даму сатыларында айырбас қатынастары да дамып, одан әрі жетіліп, нарықта тауарлар тек натуралды зат ретінде ғана бір-біріне айырбасталып қоймай, бүкіл тауарлар дүниесінен ерекше бір тауар, яғни тауар-ақша пайда болды. К. Маркстың сөзімен айтқанда: «Айырбас құны, тауарлардан бөлініп және сол тауарлармен қатар дербес тауар ретінде жүретін тауар, ол — ақша». Әрбір жеке тауар тұтыну құны ретінде көрінеді. Оның құны белгісіз, ол тек тауарды ақшаға теңгергенде ғана анықталады. Тауар мен ақша айырбас процесінде бірін-бірі алмастырады және біріне-бірі теңгеріледі.
Құн формаларының дамуы.
Алғашқы қауымдық құрылыстың өрістеген шағында, яғни бір қауым өзінің тұтынуынан артылған кез келген өнімін анда-санда, кездейсоқ кездескенде басқа қауымның өніміне айырбастағанда құнның алғашқы формасы – құнның қарапайым, жеке немесе кездейсоқ формасы көрінеді. Мысалы, 1 өлшем астық 1 қойға және т.б. айырбасталды немесе Т=Т. Бұл теңдікте бір тауардың құны екінші тауарға айырбасталғанда көрінеді. Тосыннан қарағанда айырбасталатын екі тауардың ролі бірдей сияқты. Ал шын мәнінде екінші тауар (мысалда қой) бірінші тауар (астық) құнының көрінісі, яғни ол бірінші тауардың құнын білдіретін материалдың ролін атқарады. Өз құнын басқа тауармен көрсететін тауар (екінші) құнның салыстырмалы формасында болады. Ал екінші тауардың құнын білдіретін тауар (бірінші) құнның баламалы (эквивалентті) формасында болып, оның эквивалентті, яғни баламасы болып есептеледі.
Құнның бұл формасы, аты айтып тұрғандай айырбас процесінің алғаш пайда болған кезіне, оның көп тарамай кездейсоқ сипатта болған кезіне сай келеді. Бұл кезеңде эквивалент ролін кез келген әр түрлі тауарлар атқарды.
Тауар өндірісі дамыған сайын кездейсоқ айырбас тұрақты процеске, ал айырбас құнының қарапайым түрі толық немесе дамыған түріне айналды. Егіншіліктен мал шаруашылығының бөлінуі, яғни алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі нәтижесінде мал кездейсоқ емес, қайта басқа тауарларға мол айырбасталатын болды. Енді басқа тауарлар малға айырбасталғанда кездейсоқ тауарлар емес, қайта айырықша эквиваленттер ретінде жүрді. Олардың әрқайсысы мал теңестірілетін көптеген эквиваленттердің бірі болып, айырбас мынадай формаға енеді: 1 қой = 4 астық немесе 1 балтаға немесе т.с.с. тауарларға тең болады. Айырбас дамуының жаңа сатысын білдіретін формасы құнның толық немесе кеңейтілген формасы деп аталды.
Құнның екінші формасы тауарлы өндірістің ұлғайып, одан әрі нығаюын, өндірістік байланыстардың өрістеуін сипаттайды. Бұл сәтте өнім өндірушілер тауарлар арасындағы сандық арақатынастардың дәлдігіне айырықша мән беретін болды, өйткені, айырбас процесі тауарларды өндіруге жұмсалған еңбекті өтеуде барған сайын зор роль атқарады.
Қоғамдық еңбек бөлінісінің одан әрі дамуы адамдардың қолөнер кәсібімен шұғылданып, енді еңбек құралдарының дамуымен байланысты олардың еңбек дағдылары да жетіле бастады. Бұл кез, яғни егіншіліктен қолөнер кәсіпшілігінің бөлініп шығуы ғылымда екінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісі деп аталады. Осының нәтижесінде өндіргіш күштер дамудың жаңа сатысына көтерілді. Кәсіпшілікте тас қалаушылар, ағаш ұсталары, құмыра жасаушылар, металл өңдейтін шеберлер және с.с. мамандықтар мен кәсіптер пайда болып, өндірісте ұста көрігі, құмыра, арба, тоқыма станогі, қол диірмен, ат-тұрмандары сияқты көптеген еңбек құралдары әзірленіп, пайдалана басталды.
Сөйтіп, тауар өндірісінің өсуі, айырбастың жиілігі мен жүйелілігі барлық тауарлар арасынан бір тауардың бөлініп шығуына әкеп соқтырды. Бұл тауарға басқа тауарлар көбірек, әрі жиі алмастырылып, ол қалған тауарлар үшін эквивалент, яғни жалпыға ортақ балама тауар болды. Сөйтіп, құнның кеңейтілген формасы біртіндеп құнның жалпыға ортақ формасына айналды. Оның формуласы мына сипатқа ие болды:
4 қап астық —
1 балта —
1 құмыра — = 1 қой
Және т.б. —
Жалпыға ортақ эквивалент ролін атқаратын тауар үшін әр түрлі халықтарда және сол бір халықтың өзінің тарихының әр түрлі даму кезеңдерінде жалпыға бірдей құн эквивалентін әр түрлі өнімдер (мысалы, аң терілері, піл сүйегі, балық, мал және т.б.) атқарды.
Қорыта айтқанда, өндіргіш күштерінің жетілуі айырбас процесін үздіксіз құбылысқа айналдырып, тауар айырбасталуының өмірлік мәнге ие болуы жалпыға ортақ құн эквивалентінің қажеттілігін туғызды. Бірақ ондай роль көп уақытқа дейін тек бір тауарға ғана бекітілген жоқ.
Уақыт өте келе және тауар өндірісінің өрістеуі айырбасты ұлғайтып, оның жергілікті нарықтың шегінен шығуына әкеп соқтырды. Бұл кезде құнның жалпыға ортақ эквивалент қызметін белгілі бір тауар атқара бастады. Ол тауар – ақша. Нәтижесінде құнның жалпыға ортақ формасы құнның ақшалай формасына ауысып, айырбас процесіне нақты орнықты. Оның формуласы:
1 қой —
4 қап астық —
1 балта — = 1 ақша өлшемі
1 құмыра —
Және т.б. –
Сөйтіп, ақша пайда болды. Ақша деген тауардың жалпы эквивалентінің тиянақталған түрі, құнның эквиваленттік формасымен тұтыну құны біте қайнасқан ерекше тауар. Немесе ақша деген тауар өндіру мен оны айырбастау процесінде басқа тауарлардан бөлініп шыққан ерекше тауар, оның айырықша қызметі – барлық тауарларға ортақ балама (эквивалент) рөлін атқару.