Шарын

Шарын ұлттық табиғи паркі – Алматы облысының Еңбекші қазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарында орналасқан мемлекеттік саябақ. 2004 жылы ұйымдастырылған. Жер көлемі 93,2 мың га. Саябақ 1964 жылдан бері республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші ретінде қорғалып келді. Шарын ұлттық табиғи саябағы Үлкен Бөгеті тау жотасын, Сөгеті аңғары мен шекаралас шөлді жерлерді,Ш. өзенінің бойындағы «Қызғылт қамалдар» аңғарын, сол маңдағы далалы алқапты және Торайғыр тауы беткейлерін қамтиды. Саябақ аумағынан Ш. өзені ағып өтіп, Іле өзеніне құяды. Ш. өзеніне тау беткейлерінен басталатын Шалкөдесу, Кеген, Қарқара, Кенсу, Орта Мерке, Шет Мерке, Темірлік т.б. ұсақ өзендер қосылады. Саябақтың ауа райы құрғақ қоңыржай, жауын–шашынның жылдық мөлшері 150 мм–дей. Ш. ұлттық табиғи саябағында геологиялық ежелгі кезеңдерден сақталып келе жатқан «Қызғылт қамалдар» аңғарының кескін–келбеті өте таңданарлық. Ш. өзенінің миллиондаған жылдар бойы жуып–шаюынан өзен аңғарында ойдым–ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқал дүние жүзінде Ш–нан басқа тек АҚШ–тағы Колорадо штатында ғана кездеседі (Үлкен каньон шатқалы). Саябақта өсімдіктердің 940 түрі өседі, оның 60–қа жуық түрі эндемиктер. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Сүтқоректілердің 60, құстардың 300, бауырмен жорғалаушылардың 20, балықтардың 10 түрі кездеседі. Саябақ аумағынан ерте кездерде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарлардың (пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының, т.б.) қаңқа қалдықтары да табылған.

Оны Үлкен Колорадо шатқалының (АҚШ) кіші бауыры деп те атайды. Бұл жер вестерндерді жақсы көретіндер үшін еркіндік – «Верная рука – друг индейцев», «Охотники за скальпами» фильмдерінің стиліндегі Жабайы Батысты игеру көріністерін қоюға мүмкіндік береді. Ал театрландырылған көріністерге бейімділігі жоқтардың мәңгілік туралы ойға батуы мүмкін.

Шатқалдың «Қорғандар аңғары» деген тағы бір атауы бар. Себебі бұл жердегі үнсіз жатқан алып жартастар өздерінің таңғажайып пішіндерімен таңғалдырады. Табиғат атты сәулетші тастан және останций жыныстарынан салған «Винни–Пух», «Ұядағы үйрек», «Пингвин» және басқа атауы жоқ қорғандар өз деңгейінде «өмір сүрген» 300 миллион жылмен салыстырғанда екі мыңжылдық пен біздің дәуіріміздегі жаңа ғасырдың өткен бірнеше жылы қас қағым сәттей болып көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *