Татарлардың дәстүрлі тағамдары

Т–дың дәстүрлі ас үйінде ұн, жарма, картоп үлкен орын алады. Жылқы және қой етін басым пайдаланған. Жазғы уақытта қақталған және тұздалған ет, сонымен бірге құс етін әсіресе қаз етін дайындаған. Сүт өнімдері қосылған тағамдар ерекше орын алады. Қызанақ пен пияздан, саңырауқұлақтан, қымыздықтан, қалақайдан, бақбақ жапырағынан, жолжелкеннен, картоптан, сәбізден жасалған салаттар және т.б. қолданылады. Еттен, балықтан суық жеңіл тамақтар дайындаған. Жеңіл тамақ ретінде қуырылып, суытылған, қамыр қосылған ет, үйде жылқының немесе сиырдың етінен жасалатын шұжық түрі қазы, қарта дайындайды. Қақталған, тұздалған, сонымен қатар кептірілген қазы еті татарлардың сүйікті тағамы болып табылады. Кейбір жеңіл тағамдарды ыстық күйінде ұсынады. Мысалы, қалжа – бұл жеңіл қуырылып, кейін пісірілген ет орамасы. Сорпалар (ет, балық және т.б.) кеңінен мәлім. Кең таралған тағам кеспе көже (аш) болып табылады. Ет сорпасынан клецк қосылған көже (сал–ма), куллама–аш (клецк қосылып пісірілген ет).

Тағы да бір кеңінен таралған тағам – ол бәліш болып табылады. Қышқыл қамырдан бүктеменің бір түрі самса дайындалады. Тұзы жоқ қамырдан жасалған жұқа екі наннан кыстыбый, ет қосылған қабатталған бәліш – катлама, түшпара жасаған. Қамырдан түрлі қалаш, шелпек, тоқаш, бауырсақ, құймақ, жұқа құймақ және т.б. пісіреді. Қаймақты буландыру арқылы дайындалатын піскен қаймақ деп аталатын бірегей тағам жасаған.

Шайдан басқа түрлі компоттар, қою жидек және сүт киселдерін, сонымен қатар әр түрлі жеміс–жидектерден тәтті сусын – шербет дайындаған. Ашытылған жармадан боза деп аталатын тәтті сусын дайындаған. Кеңінен таралған әлсіз алкогольды сусын ачы бал деп аталған.

Ұлттық мейрамдар. Т–да ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі мерекелер аз емес. Көптеген мерекелер халықтың өмірінен ұмытылып кетіп, кейбіреулері басқа халықтардан алынып, ұлттық ерекшеліктермен байытылған. Көптеген мерекелердің өзіндік белгіленген мерзімі бар. Ең алғашқы көктем мерекесі Наурыз. Шөп шабу, егін жинаудың басталуы мен аяқталуы көңілді мерекеге айналып отырған. Шамамен қыркүйек айының соңында Сембелэ («масақ», «дән») мерекесі тойланған. Бұрынғы уақытта татарларда дәстүрлі мереке жиын деген болған. Бұл мерекеде достар мен туыстардың кездесуі болған. Қазіргі уақытта бұл мереке сабантой деп аталатын басқа мерекемен ұштасып кеткен. Сабан тойда түрлі спорттық жарыстар: кір көтеру, бағанаға өрмелеу, су тасу, аяқты байлап қаппен секіру және т.б. өткізілген. Т–дың кейбір ғұрыптық мерекелері сақталып қалған. Оның ішіндегі «жаңбыр тілеу» жазда құрғақшылық болғанда өткізілген. Бұнда балалар жаңбыр тілеп ән айтып, бір–біріне су құйған.

Ғасырлар бойы Т. халқы ауызша халық шығармашылығы нұсқаларын ертегілерді, дастандарды, жаңылтпаштарды, мақалдар мен жұмбақтарды және т.б. жетілдіріп, оны қастерлеп, үнемі байытып отырған. Дастандардың көпшілігі ежелгі түркі эпостарының әр түрлі нұсқаларына ұқсас болып келеді. Халық батырлары туралы («Алпамша», «Кадыш Мэргэн» және т.б.), тарихи («Чура батыр», «Идегей»), махаббат сезіміне арналған дастандар бар. Осылардың ішінде «Юсуф пен Зулейха» дастаны ерекше орын алады. Дастандардың кейбір үзінділері жеке тарихи әндерге («Тұтқын Суюм–бикенің әні», «Қазан қайғысы» және т.б.) айналып келді.

Тарихтың деректері көрсеткеніндей, қазақ пен Т. халықтары бір–бірімен 400 жылдан бері араласып келеді. Қазақстанда XIX ғасырда тұратын Т–дың саны едәуір өсіп, 79758 адамға жеткен. 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 327982 т. тұрады.

Қазақстанда Т.–дың келуі патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлауға кіріскен кезінен басталды. XVIII—XIX ғасырларда патша үкіметі қазақ даласына ислам дінін тарату саясатын жүргізді. Бұл ретте қазақтардың арасына молдалар Т–дың дін қызметкерлері қатарынан ғана жіберілді. Мұның өзі қазақтарды Орта Азиядағы діни орталықтардың ықпалынан оқшауландыру мақсатымен жасалды.

Қазақ хандары мен сұлтандарының басым көпшілігі өздерінің жеке хатшылары етіп Орынборға таяу жердегі Сейітов слободасынан шыққан сауатты т.–ды ұстады. Т. көпестер Ресей мен казақ даласы арасындағы сауда–саттықтың дамуына байланысты өздерінің белсенділігін күшейте түсті. Қазақтардың тілін, әдет–ғұрып және салт–санасын жақсы білгендіктен де Т. сауда–саттық саласында делдалдық рөл атқарды. Т. көпестерінің қазақ даласындағы ықпалы мен беделі бірте–бірте күшейе түсті. Т–дың ауқымды бір тобын Қазақстан аумағына Еділ бойы губернияларының помещиктері жер аудартып жіберді. Т. өлкенің ірі Петропавл, Семей, Орал, Көкшетау, Верный, Ақмола, Павлодар, Зайсан және Өскемен қалаларында тұрды. Олардың неғұрлым жиі орналасқан жерлерінде Т. слободкалары пайда болды.

Бұл халықтың өкілдері қазақ даласында жаңа әдіспен оқытатын жәдидтік мектептер ашудың бастамашылары болды. Қазақтар т. зиялылары шығарып тұрған газеттер мен журналдарды зор ықыласпен оқыды. Қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарын көбінесе татар көпестері қаржыландырып тұрды. Кейінірек патша үкіметі исламның қазақ даласында күшейіп бара жатқанынан қауіптеніп, сауатты және іскер Т–дың қызметінен бас тарта бастады. 1897 жылы Қазақстанда тұратын Т–дың жалпы саны 56 мыңға дейін жетті. Мұның өзі Қазақстандағы бүкіл халықтың 1,3 пайызы еді. Т-дың 38 пайызы мещандар, 28 пайызы шаруалар, 10 пайызы қазақтар, 2 пайызы көпестер болды

Қазақстанда т. ұлттық–мәдени орталығы 1991 ж. 27 қаңтарында құрылды. Орталық Ассамблеяның басқаруымен «Наурыз», «Ұлттық мәдени орталықтар күні», «Тіл мейрамы» т.б. дәстүрлі мейрамдар өтіп тұрады. Тұрғындардың арасында ертеден келе жатқан көп ғасырлық тарихы бар «Сабантой» ерекше аталып өтіледі. Осы бұқаралық серуеннің бағдарламасына ән, би, татар халқының ойындары кеңінен енгізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *