әнші, күйші, ақын, өнерпаз. С.–с–лік дәстүрі бірте–бірте ұмытылып халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға байланысты ғана сақталып отыр. Салдардың елден ерекше өзгешеліктері, олардың көзге ұрып тұрар айрықша белгісі – киім киісінде. Ә.Диваев сипаттап бергендей, «Сал өзінің үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимей, қарақұрым киізден киім қылып киеді екен». Салдар киімдерінің жұрт назарын аударатындай күлкілі, сайқымазақ болуын қатты қадағалаған. Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппар мінездері, киім киістері, сән–салтанаты хақында аңыз–әңгімелер көп. Мәселен, Жетісу өңірінде «Дәурен салдың белбеуіндей ұзын» деген мәтел сөз сақталған. Ол Ілені кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада екінші ұшы бергі жағада қалады деген әңгіме бар. Салдардың аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін беретінін халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Халқымыздың ежелгі салттарының бірі – салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс–әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі, ұятты болуы мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы атын әп–сәтте бауыздап тастау, тіптен тыр жалаңаш шешініп ауыл–үйді тегіс аралап шығу т.с.с. сал үшін әбестік емес. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік, өнер, т.б. да сыналып отырған. Салдар кейде сайқымазақ, кейде қу–әзілкештер тәрізді елді күлдіріп, думан қылып жүрген. Жоғарыдасипатталған салдарға тән ерсі мінез, елден ерекше күлкілі киімдер кию тәрізді іс–қылықтар серілер бойынан табыла бермейді. Серілер таза, әдемі киіну, кербез, паңдык мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, білімдарлық касиеттерімен айналасына өнеге шашатын, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық–саятшылықпен айналысып жүрген. С.–с–дің топтасып жүріп, ауыл–ауылды аралаған сәті тұтас ансамбльді елестетеді. Олардың арасында ақын, әнші, балуан, т.б. өнерпаздар жүретін. Серілердің бірдей ат мінуі, бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала әртістеріндей әсер қалдыратын. Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың көтеріп кетуінің белгілі дәрежеде эстет. мәні болды, халықтық драма өнеріндегі ойын–сауықтың бір түрі қызметін атқарады. С.–с. акын, комп., әнші болудың үстіне артистік, бишілік, көзбайлаушылық, т.б. өнерді бойына жинақтаған жан–жақты өнерпаздар болған. Қазақта Шашубай Қошқарбайұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Берікбол Көпенұлы, Назар Жүндібайұлы, Балуан Шолақ, т.б. белгілі С.с. болған.
«Сал» – сұлулықтың символы, көптің көзіне түсіретін қылықтар ұстанымы: сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүретін адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу; киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан сал, салпаң; еуропа тілімен айтқанда эксорталық, болмаса өз бағытымен жүретін бір аяулы адам; сопылық рәсім–салтта – рухани кемелдену жолы. «Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен үйлес шалқыту, үндес асқақтау; өз заманының атақты кісілердің елеулі жүріс–тұрыстары мен киіну салтын әдет қылған ойшыл да, өнегелі жандар. С–ктің бейнесі мен әдетін алғаш қалыптастырушының бірі – Иоллық деген кісі. Ол ғажайып аңшы мергендігімен, атты әдемілеп ұстайтын сейілдігімен, асқан ақын–жыраулығымен әйгілі болған. Тағы бір аңызда Қорқыт – ескі дәуірдегі серілікті бастаушының бірі. Аңыздарда Қорқыт атақты шешен, ақын–жырау, күйші, бірінші қобыз жасаушы, көптің алдында сөз бастаушы, ел қиналғанда қол бастаушы ретінде бейнеленеді. Қорқыт өзі тектес тынымсыздар туралы: «Елден, ерге, бектен бекке, қобызын артып қосына, ұзындар (ақын–Ж.М.) жүр ел кезіп» дейді.
С.–с. арқылы сопылық дәстүрі қазақ даласы мен елінде кең танылды. Түрлі шапқыншылықты басынан кешкен қилы–қилы ауыр кезеңдерде С.–с–ң жағдайында рухани іліммен қоса, әскери тәжірибелерде берілген сын. С.–с–дің қатарында – Бекташ, Асанқайғы, Есената сияқты аттары аңызға айналған сопылар аз емес. Есімдері ел аузында жатталынған ірі тұлғалар жауынгерлік, ақындық, сопылық машайықты бір–бірімен үйлестірген алаш ұлдары бірде жеке, бірде топтаса өнерлерін ел алдында паш еткен. «Сыршы молда» дастанында мынандай көрініс суреттеледі:
Алдында қырық өнерпаз бар жігіті,
Көрген адам ақылы қалмас тіпті.
Ханның ұғылын көрген соң, ханышаның
Ақылы қалмай басында сауал етті.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ.–ң басында қазақтың батыс және орталық өңірінде тарихаттың жолына түскен алаш ұлдарының тобы көбейді. ХVІ ғ. ортасында қазақ мемлекеттілігі құлдырай бастаған дәуірде қолдарына домбыра ұстаған, халықтың еркесі, құты атанған арқалы жандар – «С.– с–лер» ел арасында таныла бастайды. Қиын қыстау кезеңде арқалы ақын–жыраулар ел–жұрт арасында ерліктің теңдесі жоқ үлгісін, үлкен рухани және психологиялық көмек көрсетті. Қол бастап жүрген батырлар: «Әне, С.–с–лер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың» деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демеген.
Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде С.–с–р бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Тұлғалық беделден арылған С.–с–р туралы түсініктер де әрқалай түрленді. ХІХ ғ. Маңғыстау жерінде ел аралап, ән айтып, күй тартқан, жыр жырлаған жеті өнерпаз құрған серілік дәстүр ерекше құрметке бөленді. Оларды халық «жеті қайқы» деп атап, жеті өнердің басын қосқан С.–с–ке ерекше ілтипат көрсеткен. Ақыл иесімен, халықты өзінің әдемі көрінісімен, шешен сөзімен, шырқап салған әнімен, сыбызғымен сыздатқан әуенімен қуантқан, мәрт мінезімен таңырқатқан С.–с–лер ел арасында қатарын түзей бастады. Той–томалық күтіп, соның соңына түскендер туралы Майқы би: «Шаруадан тыс қаларсың, Бәрің бірдей сал болсаң» деп текке ескертпегендей. Байыбына барсақ, С.– с–лер – рухани бай, жан–тәні мен зердесі кемелденген жандар, атажұртының нағыз патриоттары. Акад. Ә. Марғұлан: «Серілер, біріншіден, атақты мерген, екіншіден, саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көруші, тұлпар аттың ең жүйрігін қадірлеп баптаушы. Онымен қабат халықтың рухани тірлігіне, ойын–сауығына ерекше қуат беріп, оны биікке көтеруші» – дейді. Тұлпар десе, Әзіретті Әлидің Дүлділі, Ақан с–ң Құлагері, сұлу ән айту Дәуіт пайғамбардың сүннетінен, сұңқар, лашын, тұйғын баптау Қожа Ахмет Ясауиден үлгі болса керек. Олардың әлеуметтік–мәдени ықпалы мұнымен шектелмейді. Атақты этнограф–мәдениеттанушы А. Инан С.– с–тің қазақ мәдениетіндегі маңызына тоқтала келіп: «Қазақтар, Моңғолстан, Алтай аймағынан Еділ (Волга) жағалауларына, Ауғанстан мен Иран шекарасынан Тобыл–Ертіс аңғарына, Памирден Орал тауларына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте өмір сүргенімен, ортақ бір тілде сөйлейді. Заңы мен әдет–ғұрпында ешқандай өзгешелік жоқ. Мұншалықты дәрежедегі бірліктің себебі С.–с. деп аталатын ақын–жыраулары мен өнерпаз–алып ерендерінің бүкіл қазақ даласын толассыз аралап, ру–тайпалар арасында жүргізген ғибраттық–насихат дәстүрлерінен болса керек», – дейді. Орынды уәж, ойып айтылған шындық. С.–с–лік –ақын–жыраулығы ерендердің үлгісі, ел–жұрттың елеулі белгісі. ХХ ғ. С.–с–ң тоқырауға ұшырап, тарих сахнасынан кете бастаған уақытына тұспа–тұс келеді. Ел аузында олардың айтып кеткен әндері, күйлері, жырлары сақталды, аңызға айналды. С.–с. дәстүр елімен бірге жаңғыруда.