ҚУ БӘЙТЕРЕК ҚҰЛАСА

ҚУ БӘЙТЕРЕК ҚҰЛАСА

Ұлы жүзде белгілі ел жақсысының ағасы өліп, қатты қайғырған ол басын көтермей жатып қалады. Сонда Тоқсан шешен қамыққан қаралының көңілін көтеру үшін былай деген екен:

Арыстанның белгісі –
Айналып өтсең артынан,
Ақырмайды деп еді.
Нар түйенің белгісі –
Бүйірін жарып алсаң да,
Бақырмайды деп еді.
Қас батырға оқ тисе,
Мен қалдым деп жолдасын,
Шақырмайды деп еді.
Жақсылар қайғы көргенде,
«Алланың жазған ісі» — деп,
Аһ ұрмайды деп еді.
Ну бәйтерек құласа,
Артындағы шыршасы,
Тамырланып жетіліп,
Жапырақ жарып гүлденіп,
Орнын басар деп еді.
Қуып оны жете алмай,
Қияда ұшқан қыран құс,
Басына қонар деп еді.
Қас тұлпар орға жығылса,
Желідегі жас құлын,
Дүбіріне шыдамай,
Құнан – дөнен болғанда,
Мінілмей кетпес деп еді.
Атадан жақсы ұл туса,
Атаның салған жолына,
Түспей кетпес деп еді.
Шамның шырағы сөнгенде білінеді,
Дүниенің қызығы өлгенде бітеді.
Дүние деген – бір түлкі,
Бай мен батыр, патшалар,
Зор арманда өтеді, —

дегенде, әлгі қайғылы кісі: «Көңілім жаңа сергіді-ау!» — деп басын көтерген екен [9,294-295-б].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *