«ТАРИҚАТ» ҰҒЫМЫ ЖАЙЫНДА

19. «Тариқат» ұғымы жайында

 

Тариқат (араб. الطريقة – жол, әдіс-тәсіл, сулук) ұғымы – қазақ тіліне діни термин ретінде сопылық ілімнің таралуымен енген сөз. Тасаууфқа қатысты ғылыми кітаптарда, жазбалар мен шығармаларда тариқат атаулары мен мақам түсініктері жайында көп жазылған. «Тариқат» сөзінің терминдік мағынасы – жол, яғни Жаратушының мағрифатына қол жеткізуге ниеттеніп бел буған адамның парасатты-рухани кемелдену жолы.

ІХ ғасырдың басында тасаууфтың теориялық негіздері жасалып, сопылардың практикалық, рухани-психологиялық машықтары, өзін-өзі тәрбиелеудің тәжірибесі, шынықтырудың әдіс-тәсілдері қалыптасты. Осы кезде «тариқат», «мағрифат», «хақиқат» деген ұғымдар қолданысқа еніп, олар дербес ілім ретінде қалыптасқан тасаууфтың құрамдас үш бөлігі ретінде танылды. Тасаууфта көптеген тариқаттар жарық көрген. Олардың ішінде мысалы Тайфурия, Қадирия, Сухрауардия, Бекташия және Орта Азиялық Нақшбандия, Кубрауия, Йассауия және т.б. тариқаттарды атап өтуге болады. Бұл тариқаттар бір-бірінен тек шәкірттерін тасаууф ілімі аясында тәрбиелеу әдістемесі тұрғысынан ғана ерекшеленді.

Жалпы алғанда, тариқатты тасаууфтың практикалық бөлігі, методологиялық тармағы деп айқындауға болады. Өйткені пір мен мүрит арасындағы қарым-қатынас қағидаттары мен ережелері, әдеп нормаларын сақтау, мүритке жүктелетін барлық рәсім-жорықтар осы тариқаттың шеңберінде жүзеге асады. Тариқат тасаууфтың тармағы ретінде сопыларға қойылатын талаптардың, қағидалардың, іс-әрекеттердің барлығын өзінде қамтиды.

Сопылық тариқаттың басты қызметі – тасаууф тәрбиесіне алынған мүриттердің бойындағы ашық және жасырын кемшіліктерін анықтай отырып, олардың жүрегі мен санасын жаман ой-пікірлер мен сезімдерден пәктеу, әдептілікке баулу, адамды рухани кемелдікке жетуіне жол көрсету. Қате-күнәларынан тазарып, Жаратушысымен қауышуға үмітті адам сол мақсаттарына қол жеткізу үшін руханияты биік те білгір арнайы мүршит, ұстаз іздейді. Сондықтан тариқатқа қадам басу дегдарлықтан – ақыретке бет бұру үшін дүниеден безуден, қанша бай болса да, көңілінде дүние-мүлікке, нәпсінің құмарлығына бой алдырмаудан, шынайы діни өмір салтына лайық, нағыз діндар болудан, еркіндік пен қалауды пір-мүршитке тапсырудан басталады. Дегенмен, сопының тариқатқа өз еркімен кіруі шарт.

Мүрит тәрбиесінің басты мақсаты – мінез-құлық пен әдепті түзеу, нәпсіні жеңу, адамның бойындағы менмендік, тәкаппарлық, эгоистік сезімдерді жою. Мүрит пірдің тәрбиесімен тариқаттағы мақамдардан, яғни рухани сатылардан көтеріліп, Жаратушыға сүйіспеншілігі артады, дүниелік өмірдің салтанатына қызығушылығы азаяды.

Осыған қатысты имам әл-Ғазали «Ихяай улум-уд-дин» кітабында былай дейді: «Мүритке оны хақ жолымен бастайтын, үлгі тұтар тұлғасы болатын шейх-ұстаз қажет. Расында діннің жолы бұлыңғыр, ал Шайтанның жолдары көп әрі айқын. Яғни шейх – мүриттің қорғаушысы әрі жолбасшысы болмақ. Сондықтан мүрит өзен жағасымен жетектелген зағип секілді ұстазының артынан еруі қажет…».

Сопылық тариқатта мақам және хал түсініктеріне көп маңыздылық беріледі. Мақам – мүриттің тариқаттағы тәрбиенің ықпалымен басып өтетін рухани-мағнауи сатылары. Абу Насыр Сарраж тариқаттың мынадай тоғыз мақамдарын атап өткен:

1) Тәубе – оралу, яғни кемелдік пен жоғары инабаттылыққа қайту. Тариқатқа кірген адамның ниеті мен болмысы әуелі осы тәубесімен айқын болады. Тәубе ету арқылы сопы Жаратушымен қауышу жолында кедергі болатын барлық нәрселерден бас тартуға ант ішіп, бар ынта-жігерін Алламен жүздесуге жұмсайды.

2) Тақуалық – адамның діни, адамгершілік, әдептілік парыздары мен міндеттеріне адалдығын сипаттайтын имандылық қасиеті. Шиблидің түсіндірмесі бойынша тақуалықтың үш көрінісі бар: тіл тақуалығы, яғни тілді бос сөздермен былғамау, өсек-жала айтудан сақтау; көз тақуалығы – күмәнді, күнәлі бейнелерге қарамау; жүрек тақуалығы – ұнамсыз қылықтарды қою, көкірек көзі ашық көңілге ұнамсыз барлық нәрселерден алшақ болу. Яғни сопы өзінің тіліне, көзіне, құлағына және аяқтарына ие болып, күдікті және харам нәрселерден сақтау керек.

3) Зуһд – тақуалықтың жалғасы, оның тағы бір көрінісі. Бұл мақамда сопының тамақтану, халал мен харамды ажырату секілді істеріне ерекше мән беріледі. Зуһд сопы үшін дүниенің сән-салтанатынан, қызығушылықтардан бас тарту болып табылады. Жунайд Бағдади осыған қатысты: «Зуһд – қолды мал-мүліктен алыс ұстау, жүректі Хақтан басқа барлық нәрселерден пәк сақтау» деп айтқан. Ал әл-Ғазали болса бұл жайында: «Зуһд дегеніміз – дүниеден ерікті түрде бас тарту және сол үшін қайғырмау» деп өз ойын білдірген.

4) Фақр – кедейлік, пақырлық, жарлылық. Әлемдегі жаратылыстардың барлығы, тіпті адамның болмысы да Жаратушыға тиесілі, оның мүлкі болып табылады. Кез келген нәрсені тек жалғыз бір Алладан ғана сұрау керек. Пақырлықты осылай түсінген адам ғана тасаууфтың шынайы мәнісін меңгере алады.

5) Сабырлылық – төзімділік пен шыдамдылық. Сопылар басына түскен өмірлік қиыншылықтар мен машақаттар жайында тілімен ешқашан налымайды, сондай-ақ Құдайдан басқа ешкімнен көмек-медет сұрамайды. Сабыр – иманның жартысы, өйткені сопының қарсыласы болған нәпсі сабырлылықпен ғана тізгінделеді. Тағаттылықтан, бойсұнудан ләззат алу сабырлылық таныту арқылы ғана мүмкін болады.

6) Қауіп – жүректің сенімнен, иманнан айрылып қалудан, күмән мен күдіктің шырғалаңына түсіп қалудан қауіптену. Мүрит сыртқы әсерлерден азапқа түсуден емес, нәпсінің қулығына алданып қалудан қорқады.

7) Ража – үміттену. Жүректің келешекте Жаратушысымен қауышуына үміттенуі, сағынышы, ұмтылысы деген мағынаны береді. Шынайы сопы осы ража деп ешнәрсеге уайымдамай, қайғырмай тек рухани және құдайлық ақиқаттарды танып, ішкі тәжірибе арқылы Мағрифатта болуды аңсайды.

8) Тәуекел – адамның орын алған барлық жақсы-жаман істер мен оқиғаларды Құдайдың қалауынан деп білуі, кез келген жағдайда тек Жаратушыға сүйенуі. Тәуекел ету – Алланың қолдауына сүйенген адамның иманы. Ол мағрифат кемелдігінен туындайтын жоғары мақамдағы иман. Тәуекел еткен адам барлық істерде Аллаға арқа сүйеп, өзін Құдайдың қарамағындағы бір аспап немесе құрал деп санайды. Жақсылықтар мен жамандықтардың барлығын Жаратушының қалауы мен басына жазған тағдыры екендігіне шын көңілмен сеніп, оған толығымен бойсұнады.

9) Риязат – жүректі әрлендіру, тағдыр-жазмышқа бойсұну, нәпсінің разылығына емес, Хақтың разылығына ұмтылу. Риязат – пенденің өзін риза етуін қойып, Жаратушысының ризашылығына жетуге талпынуы, оның берген сынақтарына мүлдем наразы болмауды білдіреді. Бұл мақамда мүрит ешнәрсеге ашуланбайды, уайымдамайды, қайғырмайды. Құдайдың ризашылығына қол жеткізген мағрифат өкілдері жайында Қушайри былай дейді: «Салик (тасаууф жолындағы жолшы) алдымен Хақты, оның сипаттарын таниды, кейіннен құлшылық пен риязат жасау, нәпсілік қажеттіліктен арылу, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы Хаққа жақын (муқарриб) болады. Сонда ғана Алла өзін жақын тануға мүмкіндік береді».

Әр сопылық тариқаты рухани тәрбие беретін мектеп ретінде өзіндік әдістемелік ерекшеліктерге ие. Дегенмен, олардың барлығына бірдей ортақ қағидалар мен тәсілдер де бар. Рухты кемелдендіру мен нәпсі тәрбиесіндегі бұл ереже-тәсілдер мұқым пайғамбарлар мен ислам тарихындағы ұлы тұлғалардың өмір-тәжірибесінде кеңінен қолданылған. Бұл қағидаларды мүрит күнделікті өмірінде қолданысқа енгізбесе, оның рухани кемелденуіне нұқсан келеді. Олар:

1) «Қиллатут-тағам» – тамақты аз жеу. Асқазанды аспен толтырмай, жиі ауыз бекіту – пайғамбарлар сүннеті. Әсіресе нәпсіні тәрбиелеуде тиімді тәсілдердің бірі – осы өзін-өзі ашықтыру тәжірибесі. Осыған қатысты Мұхаммед пайғамбар: «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы – ол тоя тамақ ішкен қарын. Адам баласына денесін көтеріп жүруге қажет азын-аулақ (бірнеше асам) тамақ жеткілікті. Ал міндетті түрде жейтін болса, онда асқазанының үштен бірін – тамаққа, келесі үштен бірін – суға, ал қалған үштен бірін ауаға арнасын», – деген. Абай да «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп, қарын тоқтықты азғындыққа түсумен теңеген.

2) «Қиллатул-манам» – аз ұйықтау. Ұйқыны қазақтың даналары үш арсызға жатқызған. Қажеттен тыс көп ұйықтаған адамның нәпсісі семіріп, оны еріншектік пен жалқаулық басады. Есесіне, ондай адам Жаратушысына шынайы ықыласпен мінәжат етуді, парыздары мен сүннет амалдарын орындауды, күнделікті көптеп дұға-зікірлерін жасауды ұмытып қояды. Абай осыған қатысты: «Анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары. Біреуі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен демеклік. Мұның бәрі – жан құмары» деп, ұйқыны тән құмарлығына жатқызған. Рухани кемелденуге талпынған мүриттер үнемі ауыз бекітіп, ораза ұстаумен қатар, ұйқының уақытын қысқартып, көбірек Раббысына құлшылық жасауға әрекеттенеді.

3) «Қиллатул-калам» – аз сөйлеу. Бос сөз сөйлемеу, өтірік-өсек сөздерді тасымау, нәпсінің қалауын білдіретін ойды айтпау, жалпы тілге ие болу – сопылықты ұстанған тақуа жандардан бұрын, Жаратушының ең сүйікті жаратылыстары – пайғамбарларға тән қасиеті екендігін ескеру қажет. Сондай-ақ, бұл қасиеттің орындалуы тариқаттағы тақуалық мақамының басты талаптарының бірі болып табылады.

4) «Ъузлату ъанил-анаам» – оңашалану. Ислам әрдайым адамды жақын туыстарымен, айналасындағы қоғаммен тығыз достық қарым-қатынаста болуға үндейді. Көпшілікпен бірге жасалған құлшылық та оңаша орындалған ғибадаттан абзал саналады. Дегенмен, кей кездері оңашада жалғыз қалып нәпсіні тәбиелеудің, рухани кемелденудің өз пайдасы бар. Белгілі бір уақытқа дүниелік қатынастарды үзіп, өзін толығымен Жаратушыға құлшылық етуге арнау, дене мүшелерін күнәлардан тыйып, көкірек көзінің ашылуына ықпал жасайтын құлшылық түрлеріне бойын дағдыландыру секілді тәрбиелеу тәсілдері шынайы тасаууф тариқаттары мен салиқалы жандар тарапынан жиі қолданылған. Сопылықта оңашалану орындарын «хилуат» немесе «чилехана» деп атайды. Мұнда сопының жалғыз өзі немесе ұстаздың жетекшілігінде өзі секілді бірнеше мүриттермен бірге орындауы мүмкін. Өзін-өзі тәрбиелеу тәжірибесінің мұндай мысалын Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлыққа дейін Хира үңгірінде оңаша қалып, уақытын ғибадатпен өткізгедігінен көруге болады. Сондай-ақ рамазан айының соңғы он немесе жиырма күні бойы дүниелік істерден қол үзіп, мешіттен шықпай, өзін тек құлшылыққа арнау – исламда иғтикаф деп аталады.

Сопылық тариқаттың пірі, мүршит болу үшін ең алдымен әһлі-сүннеттің сенімі мен шариғатын терең әрі жетік меңгеруі керек. Туындайтын барлық мәселелерді исламның құқықтық жүйесі аясында жоғары кәсіби деңгейде жан-жақты қарастыра білуі шарт.

Мүршиттің өзі де міндетті түрде арнайы ұстаздың, пірдің қолында рухани тәрбие алған, «сәйру сүліктегі» (ақиқатқа жету жолындағы жолаушылық) мақамдарды меңгерген, парасаты мен руханияты жетілген адам болуы керек. Нәпсі тәрбиесі мен рухани кемелдену жолдарының мәртебелерін толыққанды меңгеріп, әр адамның рухани халы мен табиғатына қарай тәрбие беруге біліктілігі жетуі қажет. Мұндай адам ілім, амал, хал тұрғысынан Мұхаммед пайғамбардың шынайы мұрагері болып табылады.

Сонымен қатар, тариқатта тек өзі тәрбие көрген тариқат ұстазынан, пірінен шежірелі (силсила) «ижазаты» (рухани тәрбие беруге рұқсаты) бар адам ғана мүршит бола алады. Ижазатта тариқаттың барлық пірлерінің есімдері, бір-біріне берген шежірелі рұқсаттары көрсетіледі. Яғни тариқат тәртібі бойынша адамның рухани кемелдену сатыларынан өтіп, өзгелерге кемелдікке жетелейтін тәрбиені бере алатын тұлға ғана пір қызметін атқара алады.

Қорыта келгенде, сопылық тариқат – исламның ихсан ұстынын меңгеру жолы. Шынайы тариқаттың мақсаты мен ондағы әдеп нормалары, машықтар исламның моральдық қағидаттарынан негіз табады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *