
КВАЗИТҰРАҚТЫ ТОК, квазистационар ток – салыстырмалы баяу өзгеретін айнымалы ток, лездік мәндері үшін жеткілікті дәлдікпен тұрақты токтың заңдары (Ом заңы, Кирхгоф ережесі т.б.) орындалады. Квазитұрақты токтың тұрақты токқа ұқсас тармақталмаған тізбектің бүкіл қималарындағы ток күші бірдей болады. Бірақ квазитұрақты токты есептегенде (тұрақты ток тізбегіндегі есептеулерден айырмашылығы) токтың өзгерісі кезінде пайда болатын электрмагниттік индукцияның электрқозғаушы күшін ескеру қажет. Индуктивтілік, сыйымдылық, тізбек тармақтарының кедергілері – жинақталған параметрлер деп аталады.
Берілген айнымалы токты квазитұрақты ток деп есептеу мүмкін болуы үшін квазитұрақтылық шарттарының орындалуы қажет, бұл шарттар бойынша, синусоидалы айнымалы ток үшін электр тізбегінің геометриялық өлшемдері қарастырылудағы токтың толқын ұзындығынан кіші болуы керек. Өндірістік жиіліктегі токтарды, әдетте, квазитұрақты ток деп есептеуге болады (50 Гц жиіліктің толқын ұзындығы ~6000 км болады). Шалғайға таратылатын желілердегі токты әлгіндей ток деуге болмайды.