
КВАЗИБӨЛШЕКТЕР (квази… + бөлшектер) – өздерін кейбір қатынастарда кванттық бөлшектер ретінде ұстайтын конденсацияланған ортадағы (қатты денені, сұйық гелийді) «қарапайым қоздыру» деп аталатын толқындар. Конденсацияланған ортаның қасиеттерін оның құрамындағы жеке бөлшектердің (атомдардың, молекулалардың, иондардың) қасиеттері бойынша түсіндіру едәуір қиындық тудырады. Өйткені, біріншіден, бұл ортадағы бөлшектер саны өте көп (1 см3-те шамамен 1022 – 1023 бөлшек болады), екіншіден, ол бөлшектер бірбірімен күшті әсерлеседі. Осындай жүйенің толық энергиясы, идеал газдағыдай жеке бөлшектердің энергияларының қосындысына тең болмайды. Қатты денелердің кванттық теориясының дамуы квазибөлшектер көзқарасына әкелді, осы басшылыққа алынатын идея кристалдардың, кванттық сұйықтардың (жеке жағдайда сұйық гелийдің) қасиеттерін түсіндіруде, одан кейінгі кезеңде ядролық моделдер жасауда, плазманы сипаттауда өте маңызды болды.
Көптеген бөлшектер жүйесінде (мысалы, фотондарды жұту нәтижесінде) пайда болатын қоздырылған күй конденсацияланған ортада жергіліктенбейді және толқын түрінде таралады. Бұл толқындардың түзілуіне жүйенің бүкіл бөлшектері қатысады және бұл толқын бөлшектердің өзараәсерлесулерінің салдарынан пайда болады. Осы толқындар қарапайым қоздырулар деп аталған. Ортақ бір жүйеде өзараәсерлесудің сипатына және бөлшектердің құрамына тәуелді түрде әртүрлі квазибөлшектердің болуы мүмкін. Конденсацияланған орталарды квазибөлшектер ұғымы арқылы түсіндіру жүйенің қоздырылу энергиясын төменгі температуралар кезінде жекелеген квазибөлшектердің қосындылары деп, яғни қоздырылған жүйені идеал газдың квазибөлшектері ретінде қарастыруға болады.
Квазибөлшектердің әдеттегі бөлшектер сияқты спиндері болады, сондықтан «квазибөлшектер – бозондар» және «квазибөлшектер – фермиондар» болып екіге ажыратылған, бұлар классикалық газ тәрізді Больцман статистикасына бағынышты (бірақ осындай газ бөлшектерінің саны температураға байланысты) болады.
Квазибөлшектерден (әдеттегі газ бөлшектерінен) идеал газдардың негізгі айырмашылығыквазибөлшектер санының сақталмауы болып табылады, квази- бөлшектер пайда бола да және жойыла да алады, квазибөлшектердің «өмір сүру» уақыты шектеулі болады. Квазибөлшектердің саны температураға (Т) тәуелді: Т артқан кезде квазибөлшек саны көбейеді.
Конденсацияланған орталарда әртүрлі қоздырулардың болуы мүмкін, сондықтан квазибөлшектер де неше алуан болмақ. Атомдардың (немесе иондардың) тербелістері тепе-теңдік қалпының маңайында кристалл бойынша толқындар түрінде таралады. Сәйкес квазибөлшектер фонондар деп аталған. Асқынаққыштық гелийдегі атомдар қозғалысының жалғыз түрі – дыбыстық толқындар (тығыздық тербелістердің толқындары) болып табылады. Сәйкес квазибөлшектер – фонондар және ротондар деп аталған; бұлардың барлығы – бозондар. Атомдардың реттелген орталардағы магниттік моменттерінің магниттік реттелген орталардағы тербелістері спиндер айналысының толқындары болып табылады. Сәйкес квазибөлшектер – магион деп аталған. Бұлар да – бозон болады. Өткізгіштік электрондар мен кемтіктер (екеуі де фермиондар) жартылай өткізгіштердегі квазибөлшектер болады. Электрондар мен кемтіктер бір-бірімен және өзгедей квазибөлшектермен өзара әсерлесіп едәуір күрделі квазибөлшектер (Ванье-Мотта экситоны, полярон, фазон, флуктуон) құрайды.