
ФОРМАТИВТІ БАҒАЛАУ СТРАТЕГИЯЛАРЫН ЖОҒАРЫ ОҚУ
ОРНЫНДА ҚОЛДАНУ ТӘЖІРИБЕСІНЕН
Сулейменова З.Е.
Көкшетау қ., Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті zaure-sul@mail.ru
Бүгінгі таңда қоғамдағы өзгерістер Қазақстанда білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойып отыр. Қазақстан Республикасында соңғы жылдары білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты еліміздегі білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз ету, сол арқылы әлемдік сұранысқа жауап бере алатын және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау болып табылады.
Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Қазіргі кезде оған жететін жаңа педагогикалық технологиялар мен бағдарламалар баршылық. Соның бірі — «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ дайындаған деңгейлік оқу курстары. Деңгейлік бағдарламалар жеті модуль негізінде білім беруді көздейді. Бағдарламаның модульдері:
1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.
2. Сын тұрғысынан ойлауға үйрету.
3. Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
7. Оқытуды басқару және көшбасшылық.
Оқытуды, оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдерді жақсарту мүмкіндіктерін және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін анықтауға бағытталған бағалау қалыптастырушы немесе оқу үшін бағалау (ОүБ) деп аталады. Мұғалімдерді және әдістеме жасаушыларды ақпараттандыру мақсатымен 1989 жылдан бастап жұмыс жүргізген Ұлыбритания академиктерінен құралған Бағалауды Реформалау Тобы (Assessment Reform Group) 1999 жылы «Оқу үшін бағалау» (ОүБ) деген кітапша жариялады. Соның нәтижесінде Оқу үшін бағалау ұғымы дербес тұжырымдама ретінде кеңінен тарала бастады.
Оқу үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.
Берілген анықтаманың маңызды элементтерінің бірі оқушылардың деректерді қолдануына екпін жасауы болып табылады. Бұл жерде мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартылуы қажет, әрі мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде, бұл үдеріске оқушылар да белсенді қатысуы керек.
Талпынғандар ғана білім ала алады. Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы алынған ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді қажет етеді. Аталған тұжырым оқыту мен оқу тәжірибесі үшін өте маңызды да, өзекті.
Егер бағалау мақсаты баға қою, сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару болса, онда өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық болып табылады және кейде оны оқуды бағалау деп атайды. Жиынтық бағалау оқушының, мұғалімнің немесе мектептің мәртебесіне немесе болашағына ықпал ететін (яғни, анықтайтын мәнге ие) шешім қабылдау үшін қолданылған жағдайда өлшемдердің сенімділігін қамтамасыз ету керек, яғни бұл ақпараттың мазмұны мен оның қандай жағдайларда жиналғанын қатаң қадағалау қажет [1, 51 бет].
Формативті (қалыптастырушы) бағалау күнделікті оқу үдерісінде оқушылардың ағымдағы білім деңгейлерін анықтау үшін және мұғалім мен оқушы арасында өзара байланысты орнату үшін қолданылады. Ол бағалау күнделікті оқу үдерісі кезінде жүргізіледі, оқушыға өз жұмыстарын өңдеуге және жоғары нәтижеге жетуге көмектеседі, мұғалімге оқушының материалды меңгергені туралы ақпарат жинақтауға, талдауға және жоспарлауға мүмкіндік береді. Қалыптастырушы бағалауды көбінесе «оқушының дүниені тануын бағалау және білім беруді жақсарту үшін бағалау» деп атайды, себебі, ол оқушының жеке басының дамуы мен қалыптасуына көмектеседі. Бұл бағалау жүйесі мұғалімнің әрбір оқушымен жеке жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді, оқушының материалды меңгермегендігін басынан-ақ байқауына, оқушы білімін диагностикалауына мүмкіндік беріп, мұғалімге оқу үрдісін басқаша ұйымдастыруға көмектеседі, ал оқушыға – өзінің білім алуына деген үлкен жауапкершілікті сезінуді жүктейді.
Бағалау – бұл оқушының ілгерілеу дәрежесін анықтаудан гөрі кең ауқымды ұғым. Бағалау оқушының өзінің таным үдерісіне қызығушылығын арттырып, оны алға жетелейді. Осы орайда қалыптастырушы бағалау басқа бағалау әдістерімен салыстырғанда оқушыға материалды тереңірек түсінуіне көмектеседі, сонымен қатар сол материалды сараптап, өмірде қалай қолдануға болатындығы туралы ойлануын оятады. Қалыптастырушы бағалау жиынтық бағалаумен салыстырғанда оқушы мен мұғалім арасында кері байланысты қамтамасыз етеді.
Бұл бағалау шеңберінде мұғалімдерге оқушылардың жетістік деңгейін тексеріп отыратындай, қандай да бір қабілетін айқындайтын қалыптастырушы тестілеу және қолданылып жүрген түрлі әдістер мен формалар ұсынылады. Деңгейлік Бағдарлама бағалау үдерісіне мұғаліммен қатар оқушының өзін қатыстыруды талап етеді. Өзін-өзі бағалау мен өзара бағалау түрлерін қолдануды, тиімді кері байланыс жасауды, ол үшін сұрақты дұрыс құруды, бағалау үшін критерий қолдануды ұсынады. Бұл ретте оқушылар өздерінің білімін қандай дәрежеде екенін айтып, алда нені жетілдіру керектігін тұжырымдайды. Осындай рефлексия кезінде алған білімдерді бекіту жүзеге асады, жаңа ұғымдарды енгізумен бірге белсенді қайта құруды елестету, «менімен сәйкес келетін» білімді меншіктеу сияқты жаңа мағына туындайды, ұзақ мерзімді білімдер қалыптасады. Оқушылар өз ойларын сөзбен жеткізуге тырысады немесе графиктік түрде еркін дәйектілейді, өз пікірлері мен идеяларын басқа оқушылармен бөліседі, өз жеке бастарының ойлану операциясын сараптайды. Қалыптастырушы бағалау әдістемесін қолдану қазіргі таңда мұғалім жұмысын бағалаудың жаңа жүйесінің маңызды критерийлері болып табылады.
Қалыптастырушы бағалауда жүзеге асырылатын негізгі бағыттар: кері байланыс, бірін-бірі бағалау, тапсырмалар беру, дескриптор, бағалау критерийлері.
Кері байланыс дегеніміз – сабақтың мазмұны немесе әдіс-тәсілдері, оның қандай дәрежеде өткендігі туралы үйренушілердің ой-пікірлері мен эмоциялары, олардың болашақтағы (келесі сабақтардағы) өз мұқтаждарын келтіруі. Бұл пікірлер мұғалімге өткізген сабағына баға беріп, оның ұтымды жақтары мен кемкетіктерін анықтап, өз жұмысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді.
Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін оқу әрекеттерін ұйымдастырудың әр кезеңінде, тақырыпты түсіндіру, тапсырма орындау, білім алушыларға кері байланыс беру кезінде қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың «Бутерброд», «Сыншы дос» стратегиялары мен «Эссе», «Бағдаршам» әдістерін күнделікті сабақта қолданған тиімді.
Студенттер «Сабақ қалай өтті? Қызық болды ма? Ұнады ма?», «Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?», «Бүгін не нәрсеге үйрендіңіз (білдіңіз)», «Бүгінгі үйренгеніңіз сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?», «Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді?», «Қандай сұрақтарыңыз бар?», «Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікіріңіз /ұсынысыңыз бар?», «Келесі сабақта қандай мәселелерге назар аудару керек деп есептейсіз?» деген сұрақтарды ауызша талқылағаннан кейін, оларға жазбаша жауап берумен жалғасуы мүмкін [2, 71 бет].
Мен өз тәжірибемде студенттердің қызығушылықтары мен тілектерін ескере отырып, қалыптастырушы бағалаудың әдіс-тәсілдерін «Педагогиканы оқыту әдістемесі» пәнін оқытуда дәріс және практикалық сабақтарда қоладндым.
Мен кері байланысты «БББ» — білдім, білемін, білгім келеді, «Шығу парақтары» — ұнады, пікірім, тілектерім, «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдістері арқылы жүргіздім. Студенттер пікірлерін стикерге жазып берді.
Қалыптастырушы бағалауды қолдану арқылы мұғалім мен білім алушы арасындағы кері байланыс жүзеге асады. Осының нәтижесінде білім алушы өзін бақылап, өзінің әрекет-тәсілдерін таңдайды, нәтижелерін өзі бағалайды, оны мұғалім жалғастырады. Осылайша бала мақсат қоя білу, күтілетін нәтижені жоспарлау, оны бағалау тәжірибесін жинақтау арқылы өзінің түйінді құзіреттіліктерін қалыптастырады. Кері байланыстың қай түрі болмасын, нені жақсы орындағанын белгілеп отыруы, қателіктер болған жағдайда мұғалім оқушының жұмысын жақсартуға байланысты нақты ұсыныстар беруі керек
Студенттердің жазғанына қарап, олар бүгін қай тәсілді жақсы меңгергенін білесіз, келесі сабақтарда сол әдістерді қорықпай қолдануға болады.
Топтық жұмысты, бірін-бірі бағалауда «Екі жұлдыз, бір ұсыныс», «Стикердегі диалог» әдістері қолданылды. Бірін-бірі бағалау студенттерде байқағыштықты, жауапкершілікті жетілдіреді, өз білімдерін де тексереді.«Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісі барлық сабақта қолданылды, өйткені студенттер осы әдіспен бағалауды жақсы меңгерді.
Сонымен қатар ауызша бағаланып отырды, пікірлерін ауызша айту олардың сөздік қорын молайтады, сөйлеу мәдениетін меңгертеді, ойын нақты жеткізуге үйретеді. Мүмкіндігінше әрбір бағалаудан кейін өзім қорытынды жасап отырдым. Мұғалімнің пікірі оқушылар үшін маңызды.
Қалыптастырушы бағалаудың 20 шақты әдісі мұғалімдер арасында кеңінен таралған. Күнделікті тәжірибеде білім алушылардың ілгерілеуін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдістерін қолдануға болады: «Екі жұлдыз, бір тілек», «Қолмен белгі беру», «Бағдаршам», «Жинақтау парақшасының индексі», «Бір минуттық эссе», «Сөйлеу үлгілері», «Үш минуттық үзіліс», «Ауызша бағалау», викториналар, сұрақтар және т.б.
Іс-тәжірибе кезіндегі сабақтар қысқа мерзімді жоспар бойынша өткізілді. Сабақтың мақсатын анықтаған соң, соған сәйкес бағалау критерийлері анықталды. Мақсатқа байланысты тапсырмалар құрастырылды. Әрбір тапсырмаға дескриптор жасалды. Бағалау кезінде мұғалімнің шешімі анық болу үшін тапсырмалардың дескрипторлары дәл, нақты болуы қажет. Бұдан басқа дескрипторлар білім алушыға тапсырманы орындаудың қай кезеңінде қиындық туғызғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Жұптық жұмыс қалыптастырушы бағалаудың тиімді формаларының бірі болып табылады. Жұптық жұмыста жалпы мұғалім, жұптар бір-бірін және жұп ішінде бірін-бірі бағалауына болады. Мұндай өзара қарым-қатынас кезінде білім алушылардың дайындық деңгейіне қарамастан өзара көмегі, рефлексиясы, өзінөзі реттеуі белсенді байқала бастайды.
Жұптық жұмыста қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау кезінде білім алушылар тапсырманы орындау, оның нәтижесіне бірдей жауапкершілікпен қарау қажет екенін түсінуі керек. Сондықтан оларды өз әрекетімен келісуге, өзара әрекеттесуге, пікір алмасуға, сындарлы кері байланыс беруге үйрету маңызды [3,16 бет].
Қалыптастырушы бағалауда оқушыларға баға қойылмайды. Алайда ЖОО қалыптастырушы бағалау жүйесіне әлі көшпегендіктен, ауызша және жазбаша бағалау нәтижелерін баллға ауыстырып отырдым.
Қалыптастырушы бағалау кезінде белгілі бір дағдыны бағалаудың тиімді тәсілі ретінде қолданып, топтық жұмысты ұйымдастыруына болады. Білім алушылар алдын ала бағалау критерийлерімен таныс болуы тиіс. Топтық жұмыс кезінде мен әр топтағы білім алушылардың талқылауын тыңдап, қадағалап отырдым. Студенттерге сұрақтар қойдым: мысалы:
— Бұл туралы сіз не ойлайсыз?
— Сіздің тобыңызда қандай талқылау болғанын айтып бере аласыз ба?
Топтық жұмыс кезінде барлық топтың және әр жеке білім алушының жұмыстарын бақылау қажет. Топтарды бақылауды тапсырма орындау кезінде қатысып, бірлесе жүргізуге де болады.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалау жүйесі білім алушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр білім алушыға және оның ата-анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса, бұған жетуге әбден болады. Анық құрастырылған бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, білім алушы да:
• Білім алушы оқытудың қай сатысында?
• Олар білім алуда неге талпынады?
• Бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек? — екенін түсінеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Студентке арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2015
2. Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану. Оқу құралы. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014. – 188 бет.
3. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіст. құрал /«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ /О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциясымен. — Астана, 2016. — 48 б.