ТІЛДІК ТҰЛҒА
Тілдік тұлға мәселесі лингвоэкологиялық бағыттағы іргелі ұғымдардың бірі. Ана тілін тұтынушылардың әлеуметтік сипаты, олардың саны мен сапасы, әдеби тілдің ауызша, жазбаша түрлерін меңгеру деңгейінің жоғары болуы тілдік ортаның бекем болуына, дамуына қолайлы факторлардың бірі ретінде әсер етеді. Сөз мәдениеті – тілдік тұлғаның ұлттық әдеби тілді, оның функционалдық тармақтарын, әр тармақтың салаларын, әр саланың жанрларын өз харекетінде, өз тәжірибесінде қолдана білу дағдысы, білімі, біліктілігі тәрізді сапалардың жиынтығы туралы ғылыми пән. Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта қайта бейнелейді. Ол өз сана сында ақиқатты «тіркеуші» пассив субъекті емес, оны санада қайта жасаушы, модельдеуші қасиетке ие белсенді харекет иесі. Осымен байланысты тілдік тұлға тілдегі барды қолданумен бірге жаңа сөздерді, абстракті синтаксистік модельдерді де жасайды. Тілдік ортада мәдени — тілдік дәстүрдің, оның нормаларының қалыптасуына тілдік тұлға әсер етеді. Этнотілдік мәдени нормаларды ойлау харекетінде, сөз харекетінде қолданады, этнотілдік ұжымның әлеуметтік, психологиялық ерекшеліктерін игеріп, сөз қолданыста пайдаланады. Олар әдеби элитарлық топтың өкілдеріне жатады.
Н.Уәли. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері.
– Алматы, 2007.