
ЖҰМЫС, күш жұмысы – күш әсерінің сан шамасы мен бағытына және оның түсу нүктесінің жылжуына (орын ауыстыруына) тәуелді өлшеуіші. Егер күш (Ғ) сан жүзінде және бағыты бойынша тұрақты, ал М0 М1 орын ауыстыруы түзусызықты болса (сызбаға қараңыз), онда жұмыс (А) мына А = F·S·cosα өрнегімен анықталады, мұндағы α – күш бағыты мен орын ауыстыру бағытының арасындағы бұрыш. Егер α < 90° болса, онда күш жұмысы оң, ал 180° ≥ α > 90° болса – теріс болады, ал α = 90°, яғни күш орын ауыстыруға перпендикуляр болса, жұмыс – А = 0.
Жұмыстың өлшеу бірлігі: СИ-де – джоуль,
1 эрг = 10–7 Дж, метрге килограмм=күш (1 кг·күш·м=9,81 Дж).
Иондандыру жұмысы – атомнан немесе молекуладан электрондарды атомдармен немесе молекулалармен өзараәсерлесуін ескермеуге болатын қашықтыққа аластауға шығындалатын энергия.
Күш жұмысы – күштің түсу нүктесінің жылжу бағытының проекциясын осы жылжу шамасының көбейтіндісіне тең әсер етуінің өлшеуіші.
Қарапайым жұмыс – күштің түсу нүктесінің шексіз аз қашықтыққа жылжытылуы кезінде істелген жұмыс.
Термодинамикалық жүйенің жұмысы – термодинамикалық жүйе тарапынан сыртқы денеге әсер ететін күш жұмысы; жүйенің сыртқы денелерге беретін энергиясы немесе олардан алатын энергиясына тең деп болжалданады.
Шығу жұмысы – қатты немесе сұйық денелерден вакуумға электрондарды айдап шығаруға шығындалатын энергия.