ЖАРЫҚТЫҢ СЫНУЫ

ЖАРЫҚТЫҢ СЫНУЫ – оптикалық сәуленің (жарықтың) екі ортаның бөліну шекарасы арқылы өтуі кезінде таралу бағытының өзгеруі. Сыну көрсеткіштері n1 және n2 болатын біртекті изотропты мөлдір (жұтпайтын) ортаның ұзын жазық ажырау шекарасындағы жарықтың сынуы мына екі заңдылықпен анықталады: сынуға ұшыраған сәуле түскен сәуле мен ажырау бетіне нормал (перпендикуляр) арқылы өтетін жазықтықта жатады; сәуленің түсу бұрышы (φ) және сыну бұрышы χ0  Снелльдің (Снеллиустың) сыну заңымен: n1sin φ = n2sin χ байланысқан. Түскен сәуле мен сынған сәуле өзара қайтымды болады.

Жарықтың сынуы жарықтың шағылысумен қабаттаса өтеді; сондықтан сәулелердің сыну энергиясы мен шағылысу энергиясының қосындысы (бұлардың сан жүзіндегі өрнегі Френель формуласынан шығады) түсетін шоқтың энергиясына тең болады. Бұлардың салыстырмалы қарқындылықтары түсу бұрышына (φ), n1 және n2 сыну көрсеткіштеріне және түсетін шоқтағы жарықтың полярлануына тәуелді. Түсу бұрышының (φ-дің) кез келген мәнінде, φ=0 болмайтын кезде жарықтың сынуы полярланған сәуле күйінің өзгеруімен қабаттасады.

Жалпы жағдайда ортаның сыну көрсеткіші (n) жарықтың толқын ұзындығына (λ) тәуелді (жарық дисперсиясы); сондықтан монохроматты емес жарықтың сынуы кезінде, оның толқын ұзындығы әртүрлі құраушылары әрқилы бағыттар бойынша таралады. Линзалардың және басқа оптикалық құрылғылардың (жарық сәуленің таралу бағытын өзгертетін және оптикалық кескіндер тудыратын) құрылысы жарықтың сыну заңдарына негізделген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *