
ЖАРЫҚ АЖЫРАТҚЫШ – жарық көзінен түскен жарықты өзінен өтетін және шағылысқан жарыққа бөліп ажыратуға арналған жартылай мөлдір оптикалық айна.
ЖАРЫҚ ДИОДЫ (грекше «ди – екі рет» + «һодос – жол»), жарық шығарғыш диод – электрондық-кемтіктік ауысулы немесе гетероауысулы не металл – жартылай өткізгіштік жанаспалы жартылайөткізгіш кристалда жүзеге асатын инжекциялық электрлюминесценциялық құбылыс негізінде электр энергиясын оптикалық сәуле энергиясына түрлендіретін жартылайөткізгіш аспап. Жарық диодында тұрақты немесе айнымалы ток өтетін кезде осы ауысуға іргелес ауысу аймағына (жанаспаға) артық ток тасушы – электрондар мен кемтіктер инжекцияланады; бұлардың рекомбинациясы оптикалық сәуле шығарумен қабаттаса өтеді.