СИНЕКДОХА
Синекдоха (грек. synecdoche — қатыстыру) – екі ұғымның іргелестігі, атап айтқанда бүтін мен бөлшекті, жалпы мен жалқыны, үлкен мен кішіні ауыстыру арқылы жасалатын троп түрі. Мысалы, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген мақалда «бас» сөзі адамның дене мүшесін емес, адамның өзін аңғартып тұр. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөйлемде де «аша тұяқ» төрт түлік малдың орнына қолданылған. «Орталарында бір ақ жаулық бар» деген сөйлемде «ақ жаулық» әйел адам екенін аңғартады. Сөздің синекдохалық мағынасы басқа стиль түрлеріне қарағанда әсіресе сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публицистикалық стильдерде көбірек байқалады. Ал ғылыми, ресми-кеңсе стильдерінде ондай дәрежеде кездеспейді. Ауызекі сөйлеудегі «Мал-жаның аман ба?», «үй-ішің қалай?» деген тіркестер синекдохаға мысал бола алады. Синекдоха көркем шығармада неше алуан стильдік мақсатта жұмсалады. Бұл жеке жазушының тіл байлығымен, сөз қолдану шеберлігіне байланысты. Синекдоха кейде сықақ-әзіл, қылжақ, қомсыну, ерсі көру сияқты ыңғайда да қолданады. Ондайда кейде адамның түр-тұлғасы, киім пішіні де еске алынады: Әй, дударбас! Әй қисық! Әй, түлкі тымақ, сен берірек келші… Бұл мысалдардағы – дударбас, қисық, түлкі тымақ сөз тіркесі, сөздері адамға қомсыну, қылжақтау, әзілдеу мағынасында қойылған синекдоха түріндегі қосымша есімдер. Сөз мағынасын ауыстырып қолдану амалдарын (метафора, метонимия, синекдоха) эмоционалды бояулар, сипаттармен, таңдану, жалыну, жалбарыну, сыйлау, еркелету сияқты сезімдермен байланысты болып келеді.
Л. Нұржекеева. Метонимияның лингвистикалық табиғаты. – Алматы, 1992.