ПРОТЕЗА
Протеза (грек. prosthesis – алдында тұру) – сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуы. Бұл құбылыс кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін қажет. Мысалы: ылақ (лақ), ірет (рет), ылайық (лайық), ыстақан (стакан), ыштаб (штаб). Мұндай дыбыс дауысты да, дауыссыз да болуы мүмкін. Қазақ тілінде протеза болатын негізінен қысаң дауыстылар. Олар л, р дыбыстарынан басталатын кірме сөздердің алдынан қосылады. Олай болатыны қазақ тілінде лақ, лап, лау, лып, лоқ-лоқ, лүп-лүп сияқты он шақты еліктеуіш болмаса, байырғы атауыш сөздер бұл дыбыстардан басталмайды. Орфоэпиялық норма бойынша протезаға ұшыраған дыбысты анық айту керек. Алайда орфографиялық норма бойынша бұл дыбыстар әріппен таңбаланбайды, яғни түсіріліп жазылады.
С.Мырзабеков. Қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы, 2004.