
XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ
әдеби тілі және оны танытатын үлгілер
XIX ғасыр – қазақ көркем әдебиетінің (поэзиясының) қаулап дамыған кезеңі. Бұл күнде ақындар мектебі өмірден берік орын тебеді, әдеби жанр да бел алады. Ақындардың ішінде даңқтары қазақ даласының көп жеріне жайылғандары да, өз өлкесіне ғана танымал болғандары да бар, әлеуметтік-азаматтық тақы- рыптарды кеңінен жырлап, биікке көтерілгендері де, ауыл арасындағы, ру арасындағы, жеке адамдар арасындағы қарымқатынастарды жырлаудан аса алмағандары да болды. Қысқасы, қазақ қауымы XIX ғасырдың өн бойында жасап өткен (Абай мен Ыбырайды былай қойғанда) едәуір көп сөз зергерлерін біледі. Бұлардың идеологиялық бағыттары мен дүниеге көзқарастары әрқилы болғаны түсінікті. Дегенмен көпшілігіне тең ортақ белгі – өмірге қоян-қолтық араласу, адам мен қоғам тіршілігін жырлау, айналаны сөз ету болды.
Жалпы өсиет сөз айтатын дидактикалық толғаулар ығысып, орнын кең көлемдегі әлеумет өмірінен бастап, тар аумақтағы күнделікті тұрмыс жайттарына дейінгі тақырыптарды жыр- лаған өлеңдер басады. Соған лайық көркем әдебиет тілі де жаңа белгілерге ие болады, дамудың келесі сатысына көтеріледі.
XIX ғасырдың өн бойындағы қазақ әдеби тілінің, қоғамның тілді пайдалану әрекетінің даму барысын екі кезеңге, екі топқа бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірі – осы ғасырдың басынан 60-70-жылдарына дейінгі, екіншісі – соңғы үш-төрт онжыл- дықтар ішіндегі кезеңдер. Бұлайша бөліп зерттеудің себебі мынадай: ең алдымен, өткен ғасырдың 70-жылдары – қазақ тілінің түбірлі жаңа сапаға – ұлттық жазба әдеби тілдің негізі қаланып, әрі қарай дамуға көшкен тұсы. Ал бұған дейінгі кезең қазақтың ауызша дамыған төл әдеби тілінің жалғасы ретінде танылуға тиіс. Әрине, қазақ тілінің өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап жаңа сатыға көтерілуі – тұтқиылдан болған құбылыс емес, ол алдыңғы кезеңдерде іргесі қаланып, бірте-бірте дайындалған болатын. Бұл процесте әсіресе XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілінің күй-қалпы мен дамуы елеулі рөл атқарды.
Өткен ғасырдың I жартысында Қазақстанның көптеген жері Россия империясының құрамына еніп болды. Ел басқару билігін патша үкіметі өз қолына алды, 20-жылдарда қазақ хандықтарын жойды да әкімшілік пен сот-билік жүргізудің жаңа тәртіптерін енгізді. Олар: Орта жүз бен Сібірді мекендеген қазақтар үшін 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы устав» пен 1831 жылғы Кіші жүзде «Ел басқарудың дистанциялық системасы» деген тәртіптерді енгізу. Бұрынғы ата-баба ғұрпымен билік айтып жазалайтын қазақ билерінің үстіне ірі қылмыстар (кісі өлтіру, барымта т.б.) мен саяси қылмыстарды қарайтын Россия империялық сот жүйесі келді. Осыларға орай қазақ даласында ел билеу, әкімшілік-сот істеріне қатысты көптеген жаңа ұғымдар пайда болды, демек, ол ұғымдарды атайтын сөздер мен сөз тіркестері дүниеге келді.
Қазақ елінің экономикалық жай-күйінде елеулі өзгерістер болды. Сауда-саттық күшейді, Россия саудасы бел алды. Жәрмеңкелер ашылды. Қоғамның әлеуметтік өмірінде де өзгеріс- жаңалықтар пайда болды. Әлеуметтік топтардың ескілері ыдырап, жаңа түрлері өмірге келді: сауданың дамуына байланысты саудагерлер, сауда-саттықтың өзгеруіне қарай алыпсатарлар мен өсімқорлар шықты. Қазақ жерінде құлдардың әлеуметтік тобы жойылды. XIX ғасырдың орта шенінде тұтқындар мен құлдарды ұстауға мүлде тыйым салынды. Батырлар мен билердің әлеуметтік мазмұны өзгерді. Жатақтар пайда болды. Ұсақ қолөнершілер шықты. Бұл жаңалықтар тілде де орын алды.
XIX ғасырдың I жартысында қазақ жерінде оқу-ағарту ісі әлі де өте мардымсыз болды. 1822 жылғы устав бойынша қазақ балаларына орыс мектептерінде оқуларына құқық берілді. Бұл оқу орындары отаршылық аппаратына кадрлар дайындады және оларда негізінен байлар мен шонжарлардың балалары оқыды. Мұсылманша оқу-ағарту көздері де аз болды. Ана тілінде оқытатын ұлттық мектептер атымен болған жоқ. Қазақ тілінде кітап шығару ісі де, баспасөз де жоқ болатын.
Патша үкіметі XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ жеріне ислам дінін тарату саясатын үстайды. II Екатеринаның 1783 жылғы жарлығы бойынша мұнда мешіттер салынды, оларда қызмет етуге Қазан татарларының дін иелері жіберілді. Олар бірте-бірте күш алып, азаматтық билік айту құқығын ала бастады, жергілікті жерлердегі мұсылманша оқу-ағарту солардың қолдарында болды. Ел ішінде мұндай «үкімет молдаларымен» қатар ортаазиялық миссионерлер мен өзін-өзі молда атандырғандар да аз болмады.
Міне, осындай саяси, әлеуметтік, экономикалық хал-жағ- дайлар мен өзгеріс-жаңалықтар тілге, оның қызмет ету қалпына әсерін тигізбей, із қалдырмай кетпеді.
Тіл тіршілігінің бір ғасыр ішіндегі даму барысын бұлайша екіге бөлу шартты екенін ескертеміз. Қазақтың төл әдеби тілін бұл кезеңде де көркем әдебиет, оның ішінде поэзия танытты. Сол әдебиетті тудырушылардың өмір сүріп, шығармашылық қызмет еткен тұсы ғасырдың дәл басы мен 60-70-жылдар арасындағы мерзімді хронологиялық жағынан қатаң сақта- майды. Тілін осы тұсқа жанастырып қарайтындардан Махамбет Өтемісұлы (1803-1846), Алмажан Азаматқызы (1823-?), Дулат Бабатайүлы (1802-1871), Сегіз сері Шақшақ (1818-1854) сияқты ақындардың өмір кешкен жылдары біздің I кезең деп отырған уақытымызға дәл келеді. Ал қалғандары жөнінде шарттылық бар. Туған-өлген жылдарын есептесек, Шортанбай Қанайұлы (1818-1891), Шернияз Жарылғасұлы (18171881), Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895), Сүйінбай Аронұлы (1823-1896) сияқты сөз иелерінің туындылары XIX ғаеырдың II жартысына да ұласады.
Бірақ бұлар тудырған әдебиет өзінің жанрлық сипаты, тілдік-стильдік амалдары, туу, таралу жолдары жағынан екінші кезеңге өтпей, алғашқы кезеңде қаралуға тиіс. Тіпті бұлар ғана емес, шығармашылық жылдарының дені өткен ғасырдың ортасынан асып, екінші жартысына ауысатын Күдері, Жанкісі, Мұсабай, Абыл, Нұрым, Жанұзақ, Бала Ораз, Арыстан, Кемпірбай, Нысанбай, Мәделі, Мұса, Құсмолда, Құлыншақ, Кете Жүсіп т.б. тәрізді ақын-жыршыларды да әдеби мектебі жағынан өткен ғасырдың бірінші кезеңі тобында қарастыру керек болады. «Сарай ақындары» деп танылып жүрген Байтоқ, Жанұзақ, Орынбай сияқты ақындардың мұрасын тіл тарихы үшін қарастыра қалсақ, осы топтан іздеу керек.
Сөз жоқ, аталған ақын-жыршылардың әдебиет пен тілді дамытудағы қызметтері мен орындары, қалың көпшілікке таралу шегі бір дәрежеде емес. Олардың ішінде үлкен әлеу- меттік үндерімен, жоғары поэтикалық дарынымен танылып, мұралары молырақ сақталған Махамбет, Шортанбай, Дулат сияқтылар да, тақырып аумағы әлдеқайда тар болғанымен, өлең-жырлары көркем-әсемдігімен, бұқара мұңына үндесіп жатқандығымен халық жүрегінен орын алған Алмажан, Шернияз, Сүйінбай, Шөже, Кемпірбай, Арыстан т.б. тәрізді сөз иелері де, көбінесе эпикалық жырларды тудырушы, сақтаушы, таратушы ретінде қызмет еткен Жанақ, Нұрым, Абыл сияқты ақын-жыршылар да бар.
Бұлардың барлығы да – әр алуан дәрежеде қазақ поэзиясы тілінің дәстүрі мен нормаларын сақтап, таратушылар, кей сәттерде белгілі бір үлес қосушылар ретінде танылуға тиіс. Өйткені әдеби тілді дамытуда тек ірі қаламгерлер ғана емес, қатардағы жай жазушы-ақындар да қатысатынын жоққа шығаруға болмайды. Орыс тілі тарихын зерттеушілердің: «Орыс әдеби тілінің тарихы үшін қатардағы жазушылардың шығармалары… көп ретте көркемсөздің ұлы шеберлерінің туындыларынан кем түспейді, олар да құнды әрі қажет материал бола алады»[1] дегенін қазақ әдеби тіліне келгенде де айтуға болады.
Аталған сөз шеберлерінің барлығы көркем әдебиеттің бір ғана саласында – поэзияда қызмет етті. Бірақ поэзияның өзі жанрлық тарамдары жағынан ілгерілегені байқалады. Айтыс жанры етек алады. Ертеректе тұрмыс-салт әдебиетіне жатқан бұл жанр енді қыз бен жігіттің жар-жар айтысы тәрізді тар мазмұннан әлеуметтік тақырыптарға дейін баратын сөз сайысына дейін көтерілді. Айтыс әуелден-ақ күнделікті өмір тудырған жанр болғандықтан, бұларда тұрмысқа қатысты лексика тобының орын алуы көзге түседі.
Сондай-ақ әлеуметтік тақырыпты қозғаған шығармалар- дың тілі де бұрынғы осы мазмұндағы өлең-толғаулардан ерек- шеленетін белгілерге ие бола бастайды. Қоғам өмірі, әлеумет тіршілігі, өткен күй мен болашақ жайы қай сарында жырланса да, XIX ғасыр ақындары осы салаға қатысты көптеген атаулар мен тіркестерді жаңадан қолдануға мәжбүр болады. Поэзия тілінде жарыспа суреттермен айту (параллелизм) тәрізді тәсілдер ығысып, өлең идеясын бірден білдіретін амалға көшеді, нәтижесінде артық сөзділік азая түседі. Бірақ бұл түгел поэзияға емес, оның белгілі бір жанрларына ғана тән болады. Мысалы, айтыстар мен біреуге қаратыла шығарылған туындыларда әлі де оспақтап сөйлеу, айтпақ ойына көшпес бұрын «Молдадан хат жазамын сауыт-қалам» (Шернияз) немесе «Бірің – жал, бірің – құйрық көңілге тоқ, Аллаға пенде бар ма қайғысы жоқ?» деген тәрізді жарыспа жолдарды қыстыра кету жоқ емес. Әсіресе бұл тәсіл айтыс ақындарында көбірек орын алды.
XIX ғасырдың I кезеңіндегі қазақ поэзиясында нақтылық басым бола бастайды. Соған орай біреуді немесе бір нәрсені суреттеуде қолданылатын сөздер мен тұрақты тіркестер қыран құс, қос арғымақ, наркескен қылыш тәрізді «аспандаған» суреттерден гөрі (әрине, олар да бар), өмір шындығына қатысты болып келеді. Мысалы, Махамбет Исатайдың образын бергенде, оны кермиығым, кербезім, құландай ащы дауыстым, ақ кіреуке жағам, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен батыр деген сияқты дәстүрлі абстракт теңеулерді келтіріп суреттесе, Шернияз сол Исатайды «қарадан халқым сүйіп, ханым деген» адам еді, «тарғыл ала жылқы біткен бай» еді, «қысы-жазы расхотымды содан ұстаушы едім» деп өмірмен нақты байланыстырып суреттейді. Тіпті батырдың портретін беретін жерінде одан алып ішіп-жейтін «қырық ат бас, өрік-мейіз, жүз қадақ шайлар» да жүреді.
Әрине, қай ақында болса да, бұрынғы дағдылы образдарды пайдалану үзілді-кесілді тоқталмайды. Сол Шернияз орайы келген екінші бір жерде Исатайды «алтыным, самалым, саз қонысым, алтын сапты қылышым» деп те атайды. Сол сияқтағы Дулат ақын жауға қарсы күрестегі ерлікті суреттейтін «Еспембет» атты көлемді жырында батырдың сауыт-сайманын, жекпе-жекке шыққан жауымен сайысқан тұсын бейнелеген жерлерінде XV-ХVIII ғасырлардағы штамптарды (буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды тәрізді) келтірмейді, ұрыс көрінісін шындыққа сай етіп береді: Қамшы тиді тұлпарға, қылыштары жарқ етті. Қабағынды қаққанша, Жарқ етті де сарт етті. Бірінің жанды еңбегі, Бірі күшін сарп етті. Дене қанға боялды дейді. Жекпе-жекке дайындалған батыр «буырқанып, бұрсанбайды, мұздай темір құрсанбайды», оның Түгі шығады сыртына. Тістегенде тісінің Қаны толады ұртына.
Сөйтіп, поэзияда әрбір портрет пен сурет өмір шындығы арқылы жырлана бастағанына байланысты, әдеби тілде күн- делікті ауызекі сөйлеу тілінің мол байлығы еркінірек қол- данылуға бет алады.
XIX ғасырдың I кезеңіндегі әдебиеттің дені бізге бұрынғыша ауызша таралып, ауызша сақталған түрде жетті. Бірақ XVIII ғасырға қарағанда, бір жағынан, уақыттың бізге біртабан жақындығынан, екіншіден, авторлық даралық сипаттың бел ала түскендігінен бұл кезеңдегі көркем поэзия үлгілері әлдеқайда дәлірек және толығырақ жеткенін атау керек. Мұның тіл тарихын танып-білуде мәні зор.
Сонымен бірге XIX ғасырдың бірінші кезеңіне қатыстыра сөз еткелі отырған мұралардың бірқатары осы ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап жеке кітап (мысалы, Дулаттың, Шортанбайдың кейбір шығармалары) немесе әртүрлі жинақ, журнал, хрестоматияларда үлгі-үзінді болып баспа бетін көрді. Мұның да тіл тарихын зерттеудегі мән-маңызы орасан зор: олар бұдан жүз жылдай бұрын хатқа түскен сөз байлығы мен грамматикалық тұлға-тәсілдердің сыр-сипатын бұлжытпай тануға мүмкіндік береді.
Сөз болып отырған кезеңде қазақ көркем әдебиеті қазақтың алдыңғы дәуірлердегі төл әдеби тілін пайдаланды, соны әрі қарай дамыта түсті, жазба тілге біртабан жақындатты, жазба әдеби тілді қалыптастыратын белгілерді айқындай бастады. Мұны біз осы кезеңнің ірі екі өкілі – Махамбет пен Дулаттың тілдерін талдау арқылы көрсетеміз.
[1] Виноградов В.В. О задачах истории русского литературного языка //Известия АН СССР. — ОЛЯ. — 1946. — Т. V. — Вып. 3. — С. 226.
Р.СЫЗДЫҚОВА