Қазақ әдеби тілі лексикасына орыс сөздерінің ене бастауы

 Қазақ әдеби тілі лексикасына орыс сөздерінің ене бастауы

XIX ғасырдың басынан бастап, 60-70-жылдарына дейінгі қазақ тілінің алдыңғы кезеңдерден бір айырмашылығы – оның лексикалық құрамына орыс сөздерінің ене бастауы. Қазақстанның кей жерінің Ресейге бағынып болуына байланысты халықтың күнделікті өмір тіршілігінен бастап, әкімшілік, сот-заң т.б. салаларға қатысты жаңа зат, ұғым атаулары орыс тілінен алына бастады. Ғасырдың алғашқы 20-30-жылдарының ішіндегі әдебиет үлгілерінде орыс сөздері әлі де өте аз. Махамбет, Шернияздарда шай, расхот, срок, солдат сияқты төртбес сөз ғана бар. Бұл кезеңде едәуір дамыған сауда-саттыққа, орыс бекіністері мен қалалардың орнауына және қазақ жеріне келіп, қоныс тебе бастаған орыс адамдарымен қазақтардың күнделікті қарым-қатынасына байланысты халықтың сөйлеу тіліне енген орыс сөздері бірсыпыра болған болу керек. Ғ.Мұсабаев қазақ тіліне орыс тілінен сөз ауысу процесін үш кезеңге бөліп, бірінші кезеңі – ХVI ғасырға дейінгі дәуірде оның өте әлсіз болғанын, XVI ғасырдан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі, екінші кезеңде едәуір жандана түскенін атайды да бұл кезеңде қазақтардың сөйлеу тілінде шаруашылық пен тұрмысқа қатысты соха, борона, пикет, хутор, чашка, стақан, поднос, жарма (ярмо) сөздері, әскери-әкімшілік саласынан комендант, пристав, майор, солдат, поштабай (почтовый), сот, атпекет (адвокат) сөздері болды дегенді жазады[1]. Бірақ зерттеуші бұл сөздердің қолданылған жерлерін көрсетпейді. Сондықтан, алдымен, аталған сөздердің барлығының XVIХIX ғасырдың I жартысында қазақтардың сөйлеу тілінде болған-болмағандығы күмән келтірсе, екіншіден, көпшілігінің ғалым көрсеткен тұлғада (орысша күйінше) халықтың сөйлеу тілінде қолданылғандығы сенімсіздеу. Ал фактінің өзі, яғни орыс сөздерінің, әсіресе тұрмыстық лексика тобының халық тіліне ене бастауы, әрине, дау туғызбасқа тиіс. Бірақ азынаулақ мөлшерде енген орыс сөздері көркем әдебиет тілінен әлі де орын ала қоймаған. Оған, біздіңше, себеп болған жайт – бір жағынан, тұрмыс-салт лексикасының поэзия тіліне көп қатыспайтындығы болса, екінші жағынан, Махамбет, Шернияз сияқты ақындар шығармашылығының негізгі тақырыбы мен мазмұны да оларды қолдануға мәжбүр етпеген.

XIX ғасырдың 50-70-жылдарына қарай қазақ әдебиетінің сөздік құрамына орыс сөздері едәуір ене бастады. Қазақ даласын билеудің 1822 және 1867-68 жылдардағы реформатәртіптеріне байланысты хандық билік жойылып, әкімшілік, заң жүйесінің жаңа институттары пайда болуына, орыс саудасының күшеюіне, шаруашылықтың егін салу, жер жырту, орман күту сияқты жаңа түрлерінің жандана бастауына байланысты ондаған орыс сөзі қазақ әдеби тілі айналымына түседі. Бұл кездегі көркем әдебиет үлгілерінен болыс, старшын, майыр, сот, медәл (қазақ шонжарларының патшадан алатын медалі), піркәшік, тілмәш (орыс тіліне толмач түрінде енген түркі сөзінің қайта оралуы), солдат, барабан, кір, без, базар, самауыр, тарантас сияқты жалпы есімдер мен Петірбор сияқты бірен-саран жалқы есімдерді табамыз. Бұлардың барлығы дерлік әзірге өздерінің номинатив мағыналарында жұмсалады (олар, негізінен, әуелі ауызекі сөйлеу тіліне еніп, көркем әдебиетке содан келген, сондықтан бұл сөздер ауызша айтылу нормасымен қабылданған, яғни қазақ тілінің дыбысталу заңына бағынып, өзгерген; осы себептен аталған кезең үлгілерін жариялағанда, кейбір сөздерді медаль, Петербург, солдат деп жазу жөнсіз сияқты).

Қазақтың әдеби тіліне, оның ішінде көркемсөз дүниесіне орыс сөздерінің молынан ене бастаған және жазба әдебиет арқылы енген тұсы – ХIX ғасырдың II жартысы.

[1] Мусабаев Г.Современный казахский язык. — Алма-Ата, 1959. — Ч. I. — С. 47.

Р.Сыздықова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *