
ГИРОТРОПТЫ ОРТА (грекше «гиро – дөңгелек, айналамын» + «тропос – бұрылу, бағыт») – тұрақты магнит өрісі түсірілген кезде электрмагниттік толқындар өткенде магниттеуші вектордың (магниттік заттарда) немесе полярланудың (өткізгіш заттарда) айналуына байланысты жасанды анизотропия пайда болатын орта. Гиротропты орта – анизотропты ортаның дербес жағдайы. Магниттелген ферриттер, плазма, ерекше әйнек (қорғасын араласқан), т.б. гиротропты ортаға жатады. Электрмагниттік толқындар гиротропты ортадан өткен кезде гиромагниттік эффектілер (Фарадей эффектісі, Коттон-Мутон эффектісі, ферромагниттік резонанс) байқалады.
Асажоғары жиіліктегі магниттелген ферриттердің гиротроптық қасиеттеріне магниттеуші вектордың прецессиялық қозғалысы себеп болған. Гиротропты орта электроникада әрқилы аспаптар жасау үшін пайдаланылады. Магниттелген ферриттер асажоғары жиілікті вентилдер, т.б. жасауда, электрондық плазма вакуумда магнетрондық типті аспаптар жасауға, жартылайөткізгіштік плазма – өлшеуіш аспаптар жасауға қолданылады.