
ГИПЕРОНДАР (грекше «гипер – артық, жоғары») – нуклон массасынан артық және тұрақты болу уақыты («өмір сүру» ұзақтығы) ұзақ (ядролық масштаб бойынша) тұрақсыз қарапайым бөлшектер; адрондарға жатады және бариондар болып табылады. Гиперондарға ерекше кванттық сан – ғажаптылық (S) тән және К-мезондармен және бірқатар резонанстармен бірге ғажап бөлшектер тобын құрады. Бөлшектердің жаңа сипаттамасы – ғажаптылықты 1953 жылы американ физигі Мюррей Гелл-Манн (1929 жылы туған) және 1954 жылы оған тәуелсіз түрде жапон физигі Кацухико Нишимиджима (1926 жылы туған) енгізген.
Алғаш ашылған гиперон лямда (Λ) гиперон 1947 жылы ғарыштық сәулелердің құрамынан табылған. Гиперондардың бірнеше типтері белгілі: лямда (Λ), массасы m≈1116 МэВ, сигма (∑–,∑+,∑0) m≈1190 МэВ, кси (∑–,∑0) m ≈ 1320 МэВ және омега (Ω–) m≈1670 МэВ; бұлардың барлығының антибөлшектері бар.
Шапшаң бөлшектердің ядролармен өзараәсерлесуі кезінде гиперядро деп аталған жүйе пайда болады, ядроның нуклондарының бірі лямда гиперонмен алмасқан. Гиперондардың қасиеттері бөлшектердің кварктік моделі бойынша түсіндіріледі. Осы модельге сәйкес гиперондар өзгедей бариондар секілді үш кварктен құрылған, сонымен бірге гиперондардың құрамына міндетті түрде ғажаптылықты тасушы S-кварк енетін болады.