ДИАЛЕКТ СӨЗДЕР
Диалект (грек. dialektos – сөйленіс) — белгілі бір аймақ, облыс тұрғындары тілінде кездесетін, әдеби тіл нормасына жатпайтын сөздер. Диалектизмдер — ауызекі сөйлеу стиліне тән тілдік құбылыстар. Ауызекі сөйлеу, яғни коммуникативті акті арқылы жеке тұлғаның сана сында жатталып, жұмсалымдық, қолданымдық деңгейі жиі бол ғандықтан жеке тұлғаның индивидуальды сөздік қорына сіңген диа лектілер сол жердің тұрғындары үшін ғана ортақ, жалпылық сипатқа ие болады. Басқа аймақта жүрсе де жеке тұлға белгілі бір затты не құбылысты өз санасында жатталған, өз сөздік қорындағы атауларымен танытады. Ауызекі сөйлеу әрекетінде солай атауға әбден машықтанған әрбір адам әдеби тілдегі негізгі атауымен атаудан гөрі, өз тіліндегі вариантымен атауды әрқашан тиімді, лайықты деп санайды. А.Айғабылұлы диалект сөздерді әдеби тілге қатысына қарай лексикалық диалектілер; лексика-семантикалық диалектілер; семантикалық диалектілер деп үшке бөледі. Лексикалық диалектілер өз ішінен бірнешеге бөлінеді: нағыз лексикалық диалекті әдеби варианттарымен мағыналас, бірақ дыбысталуы басқаша сөздер: әдеби сіріңке – кәуірт, кеуірт, оттық, шақпақ түрінде айтылады. Лексика-семантикалық диалектілердің ерекшелігі дыбысталуында емес, мағынасында: әдеби тәртіп – нұсқау мәнінде айтылады. Этнографиялық диалектілер белгілі бір жерге тән тұрмыс-салттық мәні бар заттар мен құбылыстарды білдіреді: жозы — аласа дөңгелек үстел, әттік – қармақтың тілі, алақшын – пеш алдына шоқ жаятын орын. Белгілі бір тілдің өз ішіндегі мұндай алуан түрліліктің болуына жердің шалғайлығы да әсер етеді. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайға байланысты түрлі кәсіптік ортадағы адамдардың сөйлеу тілінде де кейбір ерекшеліктер қалыптасуы мүмкін. Осыдан келіп диалектілер әлеуметтік және жергілікті болып бөлінеді. Әлеуметтік диалектілер – қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтардың, арнайы кәсіппен шұғылданатын адамдардың тіліндегі ерекшеліктер. Олар жал пыхалықтық тілде кездеспейтін арнаулы сөздер мен терминдерден, ерекше тіркестерден тұрады. Әлеуметтік диалектілер арго (жаргон) және кәсіби сөздер болып екіге бөлінеді. Жергілікті диалект жалпыхалықтық тілдің құрамдас бөлігі болып табылады. Онда ды быстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктер кездеседі. Жергілікті диалектінің қалыптасуына көне замандардағы тайпалық тілдер де, көрші жатқан басқа тілдер де, жергілікті жердің өз жағдайына байланысты тарихи-әлеуметтік өзгерістер де әсерін тигізген. Әдеби тіл диалект сөздерге әсер етеді және өзі де олардың есебінен байып отырады. Диалектілерде қазіргі әдеби тілде кездеспейтін, тіл тарихы үшін маңызды деректер сақталып қалады. Десек те, қазақ тілінде жергілікті диалектілер айқын байқалмайды. Қазақстанның кей бір аймақтары тұрғындарының тілінде қаншама дыбыстық, грамматикалық, лексикалық өзгешеліктер кездесетініне қарамастан, әр өлке тұрғындары бір-бірімен еркін түсініседі. Диалекті сөздер көркем шығармаларда кейіпкерлер сөзінде қолданылып, шығарманың тілдік бояуын арттыру үшін қызмет еткенімен, диалект сөздерді қолданудың әдеби тіл нормасынан ауытқу түрінде қабылданатын тұстары да бар.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. ІІІ том. – Алматы, 1998.