ВАРИАНТТЫ СӨЗДЕР

ВАРИАНТТЫ СӨЗДЕР

Вариантты сөздер — ұқсас тілдік бірліктердің жарыспа қатарлары немесе лексикалық бірлігінде өзгешелігі жоқ, бірақ морфемдік құрамы ұқсас сөздер. Вариант құбылысын әдеби норма қырынан қарастырар болсақ, вариантты сөздер қолданылу аясында синоним сияқты өзгеріске ұшырамайды. А.Айғабылұлы вариант сөздердің төмендегі жасалу жолдарын ұсынады:

1.        Дыбыстардың алмасуы арқылы жасалады: томпай — томпый, айқай — айғай, міне — міні, бұны — мұны.

2.        Метатеза жолымен жасалады: есіт — есті, керік — кергі.

3.        Қыстырма дыбыс қойылу арқылы жасалады: иеле – ие(м)де – иемде, иік – и(л)ік-илік, емізік — еміз(д)ік.

4.        Дыбыстардың түсірілуі арқылы жасалады: суғар-суар, тарқа-тара.

5.        Төл сөзімізбен мағыналас басқа тілден енген сөздер арқылы жасалады: Әтеш-қораз. Мұндағы қораз сөзі иран тілінен енген.

Ұқсау-ұсау, гөрі-көрі, түңлік-түндік, азар-әзер, қазір-кәзір, сайтан-шайтан, мысық-мышық т.б. вариант сөздердің тұлғаларында айырмашылық бар, бірақ мағыналары сырттай синонимдерге ұқсас. Синонимдік қатардағы сөздердің мағыналарында аз да болса реңктік, не стильдік, не эмоционалдық ерекшеліктері болады. Ал сөз варианттарында мұндай ерекшеліктер болмайды. Дегенмен вариант тұлғалардың кейбірі жүре келе мағыналық жағынан сараланып, стильдік реңкке ие болып, мүлдем бөлек ұғымды білдіретін жағдайы да болады. Мысалы: айғай-айқай (айхай- айһай / ойхой / ойһой). Сөз варианттарының фонетикалық, морфологиялық, грамматикалық, лексикалық түрлері бар.

1.        Фонетикалық вариант дегеніміз дыбыстық құрылымы әртүрлі болып келетін бір сөз: ештеме / ештеңе / ештеңке; сөйтіп /сүйтіп.

2.        Морфологиялық варианттар – түбірлері сақталып, тек қосымшалары ғана әртүрлі болып келетін сөз варианттары жатады: даяр /дайын; тырысқақ / тырыспа (ауру аты) т.б.

3.        Грамматикалық вариант түбір сөзге қосымша қосылу арқылы, екі түбір сөздің бірігуі немесе қосарлануы арқылы жасалған сөз варианттарын жатқызамыз. Мысалы: інжу /інжугүл / ландыш; боз/ бозаң / бозшөп.

4.        Лексикалық мағынасы бірдей, бірақ тұлғалары мүлде бөлек сөздерді лексикалық вариант дейміз, олар әртүрлі түбірлерден жасалады. Мысалы: құлақшын / малақай т.б.

Лексикалық варианттар мынадай жолдар арқылы пайда болады:

1)       Әртүрлі мотивке (уәжге) байланысты қалыптасқан варианттар: жолжелкен (уәжі-өсетін жері) /мыңтамыр (тамырының көптігі) / қызылтамыр (түсі) /қырықбуын (буын саны).

2)       Шығу көзі әртүрлі болып келеді: қауын (әдеб) /діңке (жерг.) т.б.

3)       Кірме сөздер бұрыннан бар атаулармен жарыса қолданылады; құдай (пар.) / алла (ар.) /тәңір (қаз.) т.б.

Вариантты сөздерді  тілдік норма тұрғысынан реттеп, бір жүйеге түсіру тілімізді ала-құлалықтан  сақтауға жәрдемдеседі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *