ВАРВАРИЗМ
Варваризм (грек. barbarous — бөтен елдік) – сөйлеу не жазу кезінде орынсыз қолданылған, тілге етене болып сіңбеген, қолдану қажеттілігі аз, дәл аудармасы табылатын өзге тілден кірген сөз. Варваризмдер этимологиясы жағынан кірме сөздерге ұқсас болғанымен, құрылымы жағынан өзгеше болып келеді. Кірме сөздер бастапқы тілдегі қалпын өзгертіп, қабылдаушы тілдің ерекшеліктеріне сәйкес жаңа реңк, қосымша сипат алса, варваризмдер қабылдаушы тілге сәйкестендірілмей, бөтен тілдің сипатын сақтап қолданылады. Заман ағымына сәйкес ғылым мен техникадағы жетістіктерге байланысты бір тілден екінші тілге сөздер ауысып отырады. Тіл білімінде мұндай сөздерді терминдер деп атайды. Терминдердің варваризмдерден елеулі ерекшеліктері бар. Варваризм құбылысына екінші тілде дәл баламасы бола тұра бір тілдің сөзін екінші тілде орынсыз қолданылуы жатады. Көркем әдебиетте варваризмдерді шығарманың көркемдік құндылығын арттыру немесе авторлық идеяны жеткізу үшін қолданатын жағдайлар да ұшырасып отырады. Варваризмдерді кейде бір халықтың шынайы өмірін, тұрмыс-салтын суреттеу үшін әдейі пайдаланады. Мәселен, неміс халкының өмірін суреттегенде фрау, кухен сияқты сөздерді, ағылшын өмірін суреттегенде сэр, мистер сияқты сөздерді, француз өмірін суреттегенде мадам, франк сияқты сөздерді қолдану орынды деп есептеледі. Қазақтың атақты «Он алты қызын» варваризмнің озық үлгісі ретінде алуға болады.
Өлеңнің авторы:
Астыма мінген атым генадушка,
Шабамын көңіл ашып немношка,
Не стоит, на свете жить етуге
Азырақ ойнап-күлмей молодушка
деген жолдарда варваризмдерді қолдану арқылы ақын қазақы қалжыңды жеткізіп, тыңдаушыға ерекше әсер етіп, езулеріне күлкі үйірілтеді. Сондай-ақ, ауызекі сөйлеу тілінде ана тілін менсінбей тілді орынсыз шұбарлау үрдісі де бар. Ел ішіндегі осы кеселді әжуалау ар қылы жою үшін кей ақын-жазушылар варваризмдерді кейіпкер бейнесін ашуда пайдаланып жүр.