БЕЙТАРАП СӨЗДЕР Бейтарап сөздер – тілдің барлық стильдерінде қолданыла беретін, стилистикалық синонимдері жоқ сөздер қатары. Р.Сыздық сөздердің бұл тобына «Тілдің лексикалық қазынасындағы сөздердің көпшілігінің негізгі мағынасы айқын, баршаға түсінікті болатын сөздер – бейтарап (нейтралды) сөздер» деген анықтаманы береді. А.Айғабылұлының пікірінше, «бейтарап лексика — стильдік тармақтың белгілі бір түріне ыңғайланбаған, қай тексте де қолдануға келе беретін сөздер». Тілдегі сөздердің көпшілігінен белгілі бір стильдік бояу анық байқалады. Бейтарап сөздер белгілі бір стильге телулі сөздерге, экспрессиялық реңкі бар сөздерге қарама-қарсы тұрған құбылыс ретінде танылады. Бейтарап сөздер стиль түрлерінің екеуінде не үшеуінде бірдей қолданылады немесе барлығында кездеседі. Мәселен, адам, жер, өмір тәрізді сөздер ғылыми стильде де, көркем әдебиет тілінде де, өзге стильдерде де жұмсала береді. Осы қасиеттеріне қарап мұндай сөздерді, стиль түрлерінің қай-қайсысында да қолданылатын бейтарап немесе стильаралық лексика деп атайды. Сондай-ақ абстракт мағыналы сөздер де бейтарап лексикаға жатады. Өйткені олар да белгілі бір ғана стильде емес, әртүрлі стильде жұмсалып отырады. Кейбір көп мағыналы сөздер өзінің белгілі бір мағынасында тұрып бейтарап реңкте жұмсалса, басқа бір мағынасында экспрессиялық реңкте қолданылады. Мәселен, «анамның көзі еді» деген сөйлемде «көз» сөзі адамның дене мүшесі ретінде емес, ауыспалы мағынада анамнан қалған белгілі бір зат екендігін білдіріп тұр. «Қуаныштан көзіме жас келді» деген сөйлемдегі «көз» сөзі тура мағынасында бейтарап лексикаға жатады. Сондай-ақ бір қарағанда синоним болып көрінетін қасқыр және бөрі сөздерінің де білдіретін экспрессиялық реңкі әртүрлі. «Қасқыр» түз тағысының атауы ретінде қолданылып, бейтарап сөзге жатса, «бөрі» сөйлеу тілі лексикасындағы нанымсенімнің негізінде туындаған табу сөзге жатады.