БІРЛІКТЕР ЖҮЙЕСІ

БІРЛІКТЕР ЖҮЙЕСІ – белгілі бір саланы (механика, жылу, электр, жарық, т.б.) қамтитын физикалық шамалардың негізгі және туынды бірліктерінің жиынтығы. Бірліктер жүйесі зерттелетін физикалық құбылыстардың табиғатына байланысты анықталады. Бір-біріне тәуелсіз халықаралық келісімдерге сәйкес белгіленген эталондар түрінде алынған немесе анықтамалар бойынша тұжырымдалған өлшеу бірліктері негізгі бірліктер деп аталады. Туынды бірліктер деп аталатын өзге физикалық шамалардың өлшеу бірліктері осы негізгі бірліктер арқылы өрнектеледі. Негізгі бірлік ретінде ұзындық, уақыт және масса бірлігі алынған. Бірліктер жүйесі (өлшеуіштердің метрлік жүйесі, бірліктердің СГС жүйесі, бірліктердің МКС және МТС жүйелері) механикада кеңінен қолданылады. Техникада ұзақ уақытқа дейін үшінші негізгі бірлік ретінде масса орнына күш қабылданған бірліктердің МКГС жүйесі де пайдаланылады. Неміс математигі Карл Гаусс (1777–1855) енгізген бұл жүйе бірліктердің абсолют жүйесі деп аталды. Бұдан кейін Гаусс тәсілі бойынша бірліктердің электрлік және магниттік жүйелері енгізілді.
Белгілі бір негізгі бірлік жүйесіне сүйеніп математикалық формулалар бойынша пропорционалдық коэффициент енгізбей анықталатын бірлік жүйесі когерентті (келісілген) жүйе деп аталады. Бірліктердің когерентті жүйесіне Халықаралық бірліктер жүйесі, бірліктер жүйесі, бірліктердің СГС жүйесі, т.б. жатады. Бірліктердің өзге жүйелерінен когерентті жүйелердің басты артықшылығы – бұл жүйеде физикалық шамалар арасындағы байланысты өрнектейтін формулалар, олардың сан мәндері арасындағы математикалық тәуелділікті де көрсетеді.

Бірліктер жүйесінде физикалық шамалардың өзге бірліктерге тәуелсіз халықаралық масштабта қолданылатын бірыңғай жүйесі жасалған. Халықаралық бірліктер жүйесінің негізіне алты өлшеу бірлігі: масса (кг), ұзындық (м), уақыт (секунд), ток күші (А), температура (кельвин – К) және жарық күші (кандела – кд) алынған. Іс жүзінде жүйелік бірліктермен қатар жүйеден тыс бірліктер де қолданылады. Олардың да негізгі және туынды өлшеу бірліктері бар. Жүйеден тыс бірліктер, көбінесе, берілген жүйедегі бірліктердің еселік және үлестік өлшеу бірліктері болып табылады. Іс жүзінде жиі кездесетін жүйеден тыс бірліктер де бар. Мысалы, тонна, центнер, сағат, минут, теңіз милі, узел, фут, т.б.
Жалпы бірліктер жүйесін құрғанда және оларды талдағанда, сондай-ақ түрліше есептеу кезінде өлшемділік ұғымы пайдаланылады. Бұл қарастырылған бірліктер жүйелерінен өзге физикалық әмбебап тұрақты шамаларға (әлемдік константаларға) негізделген бірліктердің табиғи жүйелері де қолданылған. 1906 ж. неміс физигі Макс Планк (1858–1947) ұсынған алғашқы табиғи жүйенің негізіне өлшемсіз бірліктер ретінде гравитация тұрақтысы (G), электрдинамика тұрақтысы (с-вакуумдағы жарық жылдамдығы), Больцман тұрақтысы (k), Авогадро саны (NA) және Планк тұрақтысы (h) қабылданған. Атомдық физикада табиғи жүйе ретінде бірліктердің ағылшын физигі Дуглас Хартри (1897–1958) ұсынған атомдық жүйесі кеңінен пайдаланылады. Осы сияқты бірліктердің табиғи жүйелерін физиканың әр саласы үшін таңдап алуға болады. Бірақ олар теориялық мәселелерді түсіндіруге ыңғайлы болғанмен, іс жүзінде өлшеулер жүргізуге қолайсыз болған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *