
ӘДІС – белгілі бір мақсатқа жету тәсілі, нақты мәселені шашу; шындықты тану амалдарының жиынтығы. Ғылыми әдістің негізгі мақсаты объективтік ақиқатты ашу. Әдістің негізіне айғақталған білімдер (ұғымдар мен түсініктер және заңдылықтар) жүйесі жатады.
Аналогия әдісі – кез келген үрдісті (процесті) зерттемекші үрдіс ретіндегі диф- ференциалдық теңдеумен сипатталатын үрдіспен алмастыру тәсілімен зерттеу әдісі.
Векторлық диаграммалар әдісі – гармониялық тербелістерді векторлар арқылы өрнектеу тәсілімен әлгіндей бірнеше тербелістерді қосу әдісі.
Дебай – Шеррер әдісі – монохромат рентген сәулелерін зерттеу әдісі. Бұл әдісті 1916 голланд физигі Петер Дебай (1884–1966) мен швейцар физигі Пауль Шеррер (1890–1970) қолданған.
Интерференциялық контраст әдісі – нысан (объект) арқылы өткен және өтпеген жарық толқындарының интерференциялары негізінде микроскопиялық нысандардың (объектілердің) кескіндерін шығару әдісі.
Күңгірттелген өріс әдісі – бөлшектерді бақылау бағыты жарықталу бағытына перпендикуляр бағытта болған кездегі бақылау әдісі.
Таңбаланған атомдар әдісі – кез келген үрдіске (процеске) қатысушы заттардың атомдарын олардың радиоактивті изотоптарымен алмастырылатын зерттеу әдісі.
Үйлесу әдісі – ядролық физиканың бірмезгілде жүзеге асатын оқиғалардың белгілі тобын бөліп алу ғылыми-тәжірибелік әдісі.
Фазалық контраст әдісі – жарық толқынының нысаннан (объектіден) өтуі кезіндегі айырмашылықтарды тіркеу негізінде микроскопиялық нысандардың кескіндерін шығару әдісі.