
БАРИОНДАР (грекше «барус – ауыр») – спині бүтіннің жартысына тең, массасы протонның массасынан кем емес «ауыр» қарапайым бөлшектер тобы. Бариондарға протон және нейтрон, гиперондар, резонанстардың бір бөлігі және «әдемі» бөлшектер, т.б. жатады. «Барион» деп аталуына осы топтағы қарапайым бөлшектердің арасындағы ең жеңілі – протонның электроннан 1836 есе ауыр болуы себеп болған. Протон ғана – бариондар арасындағы жалғыз ғана тұрақты бөлшек; өзгелерінің барлығы – тұрақсыз бөлшектер, біртіндеп ыдырау арқылы протондар мен жеңіл бөлшектерге айналып кетеді. (Нейтрон бос күйінде – тұрақсыз бөлшек, бірақ тұрақты атом ядросының ішінде байланысқан күйінде тұрақты болады). Бариондар белгілі іргелі өзараәсерлесудің барлығына қатысады. Бариондық сан мен антибариондық сан арасындағы айырым өзгермейді.