
АУЫРЛЫҚ ОРТАСЫ – дененің кеңістіктегі кез келген қалпында оның бөлшектеріне әсер ететін бүкіл ауырлық күштердің тең әсерлі күштері өтетін, қатты денемен өзгерместей болып байланысқан геометриялық нүкте; бұл нүкте берілген дененің бірде-бір нүктесімен үйлеспеуі мүмкін (мысалы, сақинада). Егер еркін дене әр жерінен жіпке салбыратылып ілінетін болса, жіптердің салбыраған бағыттарының іздері ауырлық ортасында өзара қилысатын болады. Бір текті ауырлық өрістегі қатты денелердің ауырлық ортасы оның масса ортасының қалпымен үйлестін болады. Симметрия ортасы болатын біртекті дененің (тік төртбұрышты немесе дөңгелек пластинаның, шардың, цилиндрдің т.б.) ауырлық ортасы әлгі симметрия ортасында жатады. Егер дененің ауырлық ортасы орнықты жағдайда дененің жоғары (үстіңгі) жағында орналасса, онда тепе-теңдік жағдай орнықсыз, ал төменгі жағында болса – орнықты жағдайда болады.