
АСҚЫНСАЛМАҚ – үдемелі қозғалыс кезінде адамның денесіне әсер етуші қысымның қалыпты жағдайдағы қысымнан артуы. Жер бетіндегі кез келген денеге ауырлық күш және оған қарсы бағытталған тіректің (дене орналасқан бет, нүкте) реакциясы әсер етеді. Осы күштердің әсерінен адамның денесі мен тіректің арасында қысым күші пайда болады. Тірек реакциясы салдарынан адамның денесі тірекке қарай қысылады. Осы қысым күші адамға салмақ (Р) ретінде сезіледі. Еркін түсу үдеуінен (g) артық үдеумен (a = ng, мұндағы n > 1 сан) қозғалған денеге (масалы, ғарыш кораблінде) тірек реакциясы тарапынан әсер ететін күш F = (n + 1) mg = (n + 1) P салмақ күшінен (n + 1) есе артық болады. Осы күш әсерінен ғарышкерге әсер ететін қысым күші асқынсалмақ болады.