
АСПАН МЕХАНИКАСЫ – аспан денелерінің қозғалыстары туралы ғылым. Бұл гравитациялық өзараәсерлесу күштерінің, орталардың ықпалымен, электрмагниттік күштердің, жарық қысымы күштерінің т.б. әсерінен табиғи және жасанды аспан денелерінің ілгерілемелі, айналмалы, деформацияланған қозғалыстарын зерттейді. Аспан механикасының мәселелері: 1) Күн жүйесінің үлкен планеталарының қозғалыс теориялары. Ұйытқу теориясының әдістері планеталар қозғалыстарын жеткілікті дәлдікпен сипаттауға мүмкіндік жасайды. 1845 ж. ағылшын астрономы Джон Адамс (1819 – 1892) пен француз астрономы Урбен Леверьенің (1811 – 1877) Нептун планетасын ашуы классикалық теорияның аса маңызды жетістігі болды. Қазіргі замандағы ғарыштық ұшырулар планеталар қозғалысының теорияларының дәлдігіне жоғары талап қоюда. 2) Кіші планеталар (астероидтар) қозғалысының теориясы. 3) Кометалар қозғалысының теориясын жасау. 4) Планеталардың табиғи серіктерінің қозғалысы тура мәселе. 5) Үш дене мәселесі – Күн жүйесіндегі Жер – Ай жүйесіндегі ғарыштық аппараттардың қозғалысы. 6) Ай қозғалысының теориясы. 7) Күн жүйесінің орнықтылығының мәселесі. 8) Аспан механикасының резонанстық мәселелері. 9) Табиғи аспан денелерінің айналмалы қозғалысының мәселері т.б.