АЛОГИЗМ

АЛОГИЗМ

Алогизм (грек. a — бей және logos – ақыл) – логикалық қисыны жағынан бір-біріне мүлдем кереғар, қарама — қарсы екі ұғымды өзара жақындатып, жұптастыру арқылы ойды ерекше әсерлі етіп жеткізетін көркем әдебиеттегі стильдік тәсіл. Мысалы, «Күлемін де жылаймын, жылаймын да күлемін. Неге ғана бұлаймын, — Өзім ғана білемін» (Қ.Аманжолов) – деген шумақтар қазақ поэзиясындағы алогизмге үлгі бола алады. Кей көркем әдебиеттерде алогизм келеке, мысқыл үшін логикалық байланысты әдейі бұзатын тілдегі стилистикалық әдіс ретінде де қолданылады. «Мен бәріне керексізбін, керекпін, Керектігім керексізге қорекпін. Мен Махамбет болар едім, бірақ та… Бөлекпін…» (Н.Жолдасбек) – деген шумақта алогизмді пайдалану арқылы автор шындыққа жетудің құралы ретіндегі логикалық ойлауды теріске шығарып, логикаға сезімді, интуицияны қарсы қояды. Алогизм мағыналық жағынан паралогизм (кері ойлау) ұғымына, сондай-ақ пародокс құбылысына жақын.

                                          Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.

                                    – Алматы, 2010.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *