Аллитерация (лат. alliteratio — әріп) – өлеңде, көркем әдеби шығармаларда, тұрақты тіркестерде  бірыңғай дауыссыз дыбыстардың сөз басында қайталанып қиысуы. Бұл тәсілді дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін тәсілдердің бірі деуге де болады. Аллитерация арқылы автор оқырманға ерекше әсер етіп, өлеңнің ырғағы мен ұйқасын өзара үйлестіре түседі. Аллитерация – қазақ мақал-мәтелдерінде де ұтымды тәсіл ретінде жиі қолданылған.  Мақалдар құрылысында дыбыс үндестігі, бір дыбыс немесе бір сөзді бірнеше қайталау, сөз ұйқасы айрықша орын алады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» немесе «Ас — адамның арқауы» деген мақал аллитерациялық әдіспен сомдалған. «Әуеден күбі түсті, күбінің түбі түсті» деген жұмбақты да қазақ паремеологиясындағы аллитерация тәсіліне мысал ретінде алуға болады. Аллитерацияда бірдей немесе бірыңғай дыбыстар қайталанып келіп, өлең жолының әдемі ұйқасын, ерекше дыбыстық мәнерді, ырғақтылықты құрайды. Махамбеттің «Соғыс» атты шығармасындағы: Түніменен түйіндік, Таң атқанда тарандық. Таң ағарып атқан соң, Төңірек жаққа қарандық, — деген жолдар аллитерацияның озық үлгісіне жатады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *