
Т.ЖОЛДЫҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ СӨЗДЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Дюсекенова А. —
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтының 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к. Е.С.Қасенов
Әр ақын – жазушының өзіне тән стилі мен тілі болатыны баршаға аян. Сол сияқты Таңжарық Жолдыұлының да өз стилі мен тілі бар. «Тілі нашар шығарма ешқашан жақсы шығарма болған емес және бола алмайды. Демек, сөз өнерінде тілдің атқарар қызметі бәрінен ерекше, бөлек һәм биік» [1, 185]. Шығарманың көркемдік, өзіндік бітім-болмысын айқындауда жазушы қолданған тілдік құралдың әрқайсысының орны ерекше. Көркем шығарма тілінде кез келген тілдік құрал орынсыз қолданылмайды. Соның бірі – бөгде тіл элементтерінің орын алуы. Халықтар арасындағы саяси, мәдени, экономикалық байланыстар тілдің де байланысына әсер етеді. Ендеше, әлемде таза тіл жоқ деуге болады, ал таза тіл болуы үшін сол тілдің иесі саналатын халық немесе ұлт басқа халықтардан оқшауланып, байланысқа түспеулері керек. «Сөздік құрамында басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүниежүзіндегі түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өзара бірбірімен қарым-қатынаста болады да, бір-біріне сөз ауысады» [2, 152]. Сондықтан қазақ тілінің қазынасына баланған ақындар шығармашылығында да кірме сөздер мен бөгде тіл элементтерінің орын тебетіні заңды іс. Ал Таңжарық Жолдыұлының шығармаларында да бөгде тіл элементері де жеткілікті. «Жеке жазушының тіл өрнегінің толып жатқан бояу-бедері, өзіндік өсу, жетілу жолдары болады. Көркем әдебиет тілінің нәзіктігі көп жағдайда жазушының белгілі бір сөздерді «мағыналық топқа иіру», яғни сөздерді өзара мағыналық байланысқа түсіру шеберлігімен байланысты» [3,
88].
Ақын қазақ тілінің құнарын толық меңгерумен қатар бірнеше тілді жетік білген әрі қазақ тіліне төл сөзіндей сіңісіп кеткен кірме сөздерді де орнымен қолдана білген. Ақын поэзиясындағы бұл интернационалдық өзгешелік сол кездердегі тарихи жағдайларға қазақ халқының материалдық, рухани, мәдениет, әдебиет өмірінде жер жүзіндегі басқа да көптеген ұлттармен, халықтармен тағдырластық, аралас-құраластық, кең тұтасқан тарихи байланыстарының болғандығын, тағы бір жақтан ақынның көп тіл білгенін дәлелдейді. Мұнда ақын көбінесе қытай тілін, орыс тілі мен халықаралық ортақ тілдерді және араб, парсы, түркі ұлттарының тілдерін тілдік бірліктерін қолданған.
Таңжарық ақынның поэзиясында қытай тілінің сөздерін қолдануы өз ұлтының ырқына бағындыру, халықтық тіл мен әдеби тілін дамыту, кемелдендіру, ұстарту шеңберінде іске қосылды. Қытай қазақтарының билігі сол мемлекеттің иесі саналатын қытай халқына тиесілі екені шындық. Ендеше, қытай жерінде (отардағы қазақ жері) өмір сүретін қазақтардың тілінде қытай сөздерінің көрініс табуы заңды іс. Бұл құбылыс ең алдымен әдебиетте орын алатыны да шындық. Сондықтан да қытайша сөздер ақын поэзиясында кеңінен орын алып, қолданыс тапқан. Таңжарықтың қытай тілінен алып қолданған сөздерінде (басқа тілден енген сөздерде де) мынадай үш ерекшелік бар:
1) Қытай тілінен қолданған сөздерді өздерінде қалай айтылса дәл солай қалпын бұзбай қолданған.
…Жың дарын, Тоқтақын мен үш-төрт қазақ, Жиыны алты кісі мал жиып ек.
Бәріңнің бұрынтыннан естуің бар,
Атанған шуетаң жиншаң патшалық деп… [10] немесе:
…Жүз шерікке лианжаң боп, Қанатбек болыс ілінді.
Мұсақан болды дадұйжаң, Дербістен шыққан шерікке.
…Сүлейменді пәйжаң қып,
Ысқақты қойды фудұйжаң… [84-85]
Көріп отырғанымыздай бұл өлеңдерінде қытайша сөздер грамматикалық жақтан да, фонетикалық жақтан да, мағыналық жақтан да ешқандай өзгеріске түспеген. Мұндағы қытайша сөздер мынадай мағына береді:
Жың дарын – мәртебелі жіке.
Шуетаң жыншаң – мектеп қашан да.
Лианжаң, дадұйжаң, фудұйжаң – әскери мансап атаулары.
Пәйжаң – аудармашы, тілмәш.
2) Қытайша сөздерге қазақ тілінің грамматикасына сәйкес жалғаулар жалғап қолданған.
…Мәлімдеп болған істі, қойып қалдық, Сылиңның жетеді деп бұған күші. Ата деп, сылиыңым деп жүргенде Кеселдің сонда екен бір жақ ұшы.
Барып ек елдің қамын ескерсін, деп,
Залымды ел бұзушы жек көрсін, деп,
Яу сылиң оқып көріп түсінген соң,
Беріпті гүң әнжүйге тексерсін деп… [147]
Мұнда сылиың (қолбасы, генарал) деген сөз біріншісінде ілік септігінде тұрса, екіншісінде тәуелділік жалғауының ІІ жағында тұр. Ал гүң әнжүй (қоғам қауіпсіздігі мекемесі) деген сөзге барыс септігінің жалғауын жалғап қолданған.
…Бір күні, – көтер, – деді, – шыңлиыңды Көресің сол арадан зор сыйыңды.
Жүгіндей диуананың буып-түйіп,
Арқаға көтердім мен шыңлиымды… [165-166]
Бұл өлеңде де шыңли (жүк) деген сөзге бірде тәуелділік жалғауының ІІ жағында тұрып, табыс септігінің жалғауы жалғанса, енді бірде тәуелділік жалғауының І жағында тұрып, және де табыс септігінің жалғауы жалғанып қолданылған.
3) Қытайша сөзді фонетикалық жақтан қазақ тіліне бейімдеп қолданған.
…Артында шаршы шпион ұяңдардың
Қалды ғой қазақ байқұс табанында… [146]
Мұндағы ұяң сөзі әсілінде қытайдың июән (жора) деген сөзінен шыққан. Яғни, өкіметтің халық арасына жіберген өкілі әрі тыңшылары. Таңжарық бұл өлеңінде ұяңдардың халыққа істеген озбырлықтары мен қиянаттарын айта отырып, олардың пасық әрі зұлым екенін жан-жақты әшкерелейді. Таңжарық өз өлеңдерінде тағы да мынадай қытайша сөздерді қолданған:
Лау – салық, алман.
Бау – мәлімдеу, жеткізу.
Мампаң – мәнсап атауы.
Дутұң – аймақ дәрежелі билік атауы.
Сәйсі – алман, салық.
Дәйбиау – өкіл.
Гауляң – астықтың аты.
Мома – буға пісірілген нан.
Сың – өлке, аймақ.
Кули – ішкері, орталық жақ.
Леху – Іле аңғары.
Шың дубан – Шың – Шың Шысайдың фамилиясы, дубан – әскери, әкімшілік шен. Ең зор бақылаушы.
Пән ди хұй – жиһангерлікке қарсы тұру жиналысы.
Гұңфан – қылмыскер жұмысшы.
Яңпың шан – аурухана.
Жаңзы – егінші ауыл, қоржа.
Тұңлиң – тұтас басқарушы.
Шәнжі – сырғауыл.
Шиаңио – ауыл бастығы.
Қытайша сөздердің кейбіреулерін шығармаларына жеке-дара емес тіркес күйінде кірістірген. Мәселен:
…Шарт етіп ашылды есік шалдыр-шұлдыр.
«Таңжаликы, чилай!»( Таңжарық, тұр орныңнан!) деп асығыспен, Күзетші сөйлеп кетті балдыр-бұлдыр. Түрегеп апаш-құпаш киінгенше
Қылтама екі тепті құдай ұрғыр. [155]
…Қайғыма ортақтасып көңіл бұзып, Отырды басын сипап қағаз сызып.
- Бұяужин, бұхайпа (Ештеңе етпейді, шошымаңыз) – деп, сүйеп барып,
Қойды әкеп орындыққа отырғызып.
Мейірімді жақсылығын көзім көрді, Ағыздым нұрлы жүзден жас пен терді.
- Мұңайма, ер басына не келмейді,
Чуян (Темекі тартыңыз) – деп темекісін әкеп берді. [157-158]
…Тапанша жамбасында бұлаң қағып, Келді де төртінші үйді кілтпен ашты.
Итеріп, «желекті» алып, үйге қарай,
«Рын гуды шиұң ди» (Иттің ғана күшігі) деп заһар шашты… [173]
Зер салып қарасақ ерекшеленіп жазылған сөздердің қытай тілінде сұрақшы кейіпкердің қытай екендігіне, ол жөніндегі қазақ тіліндегі «елжіреп», «ол мені таниды екен тірлігімде», «көңіл бөліп», «басын сипап», «қағаз сызып» деген образды суреттеуді күшейтіп, оның Таңжарық ақынға жанашырлық позицияда болғандығына тіпті де, айқындық дәлдік, ықшамдылық, нақты шындық, жарастық бағыштап тұр.
Түйіндей келгенде, Таңжарық поэзиясында тек қазақтың төл сөздері ғана емес, сонымен қатар басқа халықтардың сөздері де жиі ұшырасады. Бұл – ақынның олақтығы емес, керісінше білімділігі, алғырлығы, тапқырлығы. Өзге тілдің сөздерін орын-орнымен қолданып, поэзия тілімен құбылтып, құлпырта білсе, оның өзі өлеңнің көркемдігі мен мәніне, сұлулығы мен тереңдігіне өзінше бір әсемдік дарытып, өзегіне нәр беретіні хақ. Демек, бөгде сөздерді өз орнымен қолдану шеберлігіне қарап Таңжарық Жолдыұлын үлкен білім мен тарлан таланттың иесі деп айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 352 б.
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. –Аматы: Санат, 1993. – 496 б.
- Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. – Алматы: Қазақстан, 1965. – 187 б.