Сюжет дегеніміз – шығармадағы адамдардың бір-бірімен байланысы, қарым-қатысы, күрес-тартыстары – шығармадағы оқиғаның дамуы. Ендеше оқиға қалай болса солай суреттелмейді; белгілі бір тәртіппен дамиды. Бір оқиға себебі болса, екіншісі оның нәтижесі. Адамдардың арасындағы күрес-тартыстар тек кездейсоқ нәрсе емес, өмір шындығы, өмірге екі түрлі көзқарас, екі түрлі мінездің түйісуі екендігі аңғарылады. Оқиғаның белгілі бір мекенде, белгілі мезгілдерде болғандығы көрсетіледі.
Әңгіме адамдар туралы болғандықтан, олардың сыртқы пішіні, кескіні, мінез-құлқы, іс-әрекеті, күйініш, сүйініші, сөйлеген сөзі, қысқасы, өмірдегі адам қандай болса, көркем шығармада да біз тап сондай адамдарды кездестіреміз. Сөйтіп шығармада кездесетін оқиғаның осылар тәрізді, әр алуан бөлшектердің қалауын тауып жазушы асқан шеберлікпен қиюластырып, бір бүтін нәрсе етіп шығарады. Міне, осыны шығарманың композициясы, құрылысы деп атайды.
Композиция (құрылыс) – көркем шығарманың барлық түріне бірдей қатысы бар ұғым. Ал сюжет тек оқиғалы шығармаларға ғана қолданылады.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ