
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СЫНИ ОЙЛАУЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
Нұрманова Гүлнұр Қайыржанқызы
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті
Магистратура және PhD докторантура институты 6М010200-
«Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 1курс магистранты: (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы) Nurmanovag@mail.ru
Тәрбие процесі оқушының жеке қызметі және тәрбиешінің оған бағыт беріп,жүйелеу шеберлігі негізінде қолдануы тиіс.
Л.С.Выготский
Қазіргі таңда азат еліміздің дүниежүзілік білім беру кеңістігіне ену үрдісінде оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру бағытына байланысты мұғалімдерге талаптар қойылуда.Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында» (2007 ж., 28 ақпан): «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек. Оқы-тудың, әр оқушының білімі мен қабілет деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау қажет» деп көрсетілген. Оған сапалы білім, оқушының өміріндегі оқуға және өз білімін көтеруге дайындығы негізгі алғы шарт болып табылады.
Ғылым саласында білімді дамытуға арналған жаңа технологияларды пайдалануға ерекше мән беріледі.Аталмыш технологиялардың ішіндегі сөзіме арқау болар түрі:оқушылардың сыни ойлауын дамыту болып отыр.Қазірде сыни ойлау мектептерге енгізілуде. Менің ойымша қандай технология түрін қолдансақ та, ол оқушының білім,білік,дағдыларын дамытуы қажет емес пе?!Ол үшін,әр оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, әр түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізілу қажет секілді.
Әрбір технология жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді.Осы тәсілдерді мұғалім іздену арқылы жүзеге асырады. Сабақ қызықты болса,оқушының сол пәнге қызығушылығы артып,мұғалімнің еңбегінің еленгені байқалады. Сол үшін оқушыларды әр сабақта ынталандырып отырған жөн. Оқушылардың сыни ойлауын дамыту жолдары: олардың өзара бірлескен іс-әрекетін ұйымдастыру нәтижесінде,өзара көмек көрсету, өз ойларын көпшілік ортада еркін айту, өзін басқалармен салыстырып,кеткен қателіктерін түзеу, қандай жағдай болмасын, оларға сыни көзқараспен қарау, айналасындағы адамдармен еркін қарым- қатынас жасау, өзін-өзі дамытып, әрі қарай жетілдіру міндеттері орындалмақ.
Аталған технологияны қолдануда:оқушыларды шағын топқа бөлу арқылы оқытқанда, олардың арасында өзара қарым қатынастары бекиді.Оқушылар өздерінің қатарластарымен бірлесе жұмыс жасау үшін өз білімін басқалардың білімімен салыстыру,ойлау тәсілдерінің қалыптасуына және де дүниетанымын кеңейтуге жол ашады.Тағы да бір ерекшелігі — тұлғааралық қатынастарды байланыстырып,оқушылардың өз пікірлерімен бөлісуі, басқалардың ойын сыни тұрғыда ойлау, жалпы қарым-қатынас мәдениетіне үйрету болмақ.Сондықтан да,олардың бірігіп жұмыс істеуі кезінде өз күштеріне деген сенім пайда болады. Олар өзінің жеке пікірін басқа бір пікірмен салыстыра отырып,соның нәтижесінде дұрыс шешім қабылдауға үйренеді. Оқушылардың сыни ойлауын дамыту-әрбір оқушының тәрбиеленуіне, жеке тұлға болып қалыптасуына, әлеуметтенуіне, педагогикалық мәдениетін қалыптастыруға,өз ойын ашық жеткізуіне септігін тигізеді[1].
Оқушылардың сыни ойлауын қалыптастыру мақсатында мына қағидаларды негізге алу қажет:
- Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға байланысты тірек ұғымдарды ғылыми педагогикалық тұрғыда негіздеу;
- Оқушылардың өз ойларын ашық және еркін жеткізе білуге үйрету;
- Өз ойын топ алдында қысылмай,айтып,қорғау білуге дағдыландыру;
- Шығармашыл, белсенді, жауапкершілігі мол, денсаулығы мықты,рухы бай, мәдениетті, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.
- Оқушылардың сабаққа деген қызушылығын арттырып,олардың белсенділігін жоғарылату.
«Сын тұрғысынан ойлау» жүйесі оқытуды жаңаша ұйымдастыру арқылы: оқушылардың қызығушылығын ояту, тақырып мазмұнын ашу, ұжымдық тұрғыда бірлесіп жұмыс жасау, оқушылардың деңгейіне қарай саралап топтопқа бөліп оқыту орындалады.
Сын тұрғысынан ойлау оқушының бұрынғы білетінін жаңа білім арқылы ұштастыру, оны есте қайта жаңғырту арқылы қағаз бетіне түсіру, оны топта талқылау арқылы ойының шыңдалуына жеткізеді. Ол үшін мұғалім оқушылардың ойлануына уақыт беріп,ойын ашық айтуына жағдай жасай
отырып, әр түрлі пікрлерді соңына дейін тыңдай білу, айтқан ойын нақты деректермен дәлелдеу шарттары ұсынылады[2].
Шығармашыл, ойлы, құзыретті, зияткерлігі мол, жан-жақты тұлғаны қалыптастыру, білімді тұлғаны дамыту үшін жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану бүгінгі қоғам басты талабы. Сол себептен де оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, сабақтың әдіснамалық негіздерін толық меңгере отырып,тиімді пайдалану арқылы, дұрыс бағытын нақты анықтау және жүзеге асыру-мұғалімдер алдында тұрған басты мақсаттың бірі болып саналмақ. Қай заманда болмасын білім беру үрдісі,ең алдымен,мұғалімнің қызметі мен іс-әрекеті және тынымсыз ізденісі арқылы жүзеге асады.
Меніңше, қазіргі таңда,педагогикалық жаңаша үрдістерде білім мен тәрбие берудегі ізгілендіру, педагогикалық ынтымақтастық, ғылыми — әдістемелік тың ізденістерге сүйене отырып,жаңашылдыққа талпыну қажет-,деп ойлаймын.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы шын мәніндегі басты жаңалық пен жақсылықтың нышаны емес пе?!Жолдаудың басты бөлімдерінің бірінде: «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ-еліміздің ертеңі екені даусыз.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы,дамыта оқыту, модульдік оқыту жолдары-білім берудің, оқытудың жеке тұлғаны жан-жақты дамыту үшін жүргізілген жұмыстардың жаңа ізденістері мен жетістіктері болып табылмақ. Бұлар-педагог пен ғалымдар мен мұғалімдер тарапынан үлкен қолдау тапқан педагогикалық технологиялар болып есептеледі.
Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту үшін,оларға көркем шығармаларды ұсыну арқылы,сол тақырыпқа сай, тақырып төңірегінде бұрынғы білетіндерін ортаға салып, баланы қызықтыру,олардың топ ішіндегі,сынып ішіндегі белсенділіктерін оятудың қажеттілігі зор[3].
«Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы бойынша,өткізілетін сабақ барысындағы мұғаліммен оқушының әрекеттері қандай болмақ:
Мұғалім:
- оқушыларды топқа бөледі;
- Сабаққа қатысты қызық тақырыпты таңдайды;
- Шығарманың ең құнды мәселелерін анықтауға кеңес береді;
- Оқушылардың кейіпкер бейнесіне енуін қадағалайды;
- Оқушыларға өз ойларын қағаз бетіне түсірулерін талап етеді;
- Сабақ соңында қорытынды жасауға бағыттайды Оқушылар:
- Әр топта жұмыс жасайды;
- Берілген мәтінмен өздері танысады;
- Шығарманы әр түрлі әдістері арқылы саралап,талдайды;
- Кейіпкерлердің рөлдерін өздері шамалары келгенше сомдайды;
- Сабақ соңында ой қорытып,тұжырым жасайды;[4]
Оқушыларды сыни тұрғыда ойлауын дамыту оқушылар бойында мынадай іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыруға болады.Атап өтер болсам;
Міне,сондықтан да оқушылардың сыни ойлауын дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу арқылы олардың шығармашылық қабілетімен қатар, өз ойын ортаға салуға, кез-келген тақырыпты өз бетімен талдауға,өзіндік ізденіске алып келері сөзсіз.
Бүгінгі күннің басты талабы- ойы ұшқыр,талабы теңіздей тасқындап тұрған, рухы биік, әлемдік деңгейге қабілетті тұлғаны тәрбилеу.Елдігіміздің ертеңіне айналған балғындарымыздың сапалы білім алуы бүгінгі күннің басты мәселесі.
Ал мәселенің шешімінің табуы сіздер мен біздердің алға қойған міндетіміз орындалуынан көрініс табары хақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 28 ақпан, 2007 ж.
- Чарльз Т,Л.Д.Жинни ,С.Мередит // Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту жобасы үшін дайындалған әдістемелік құрал. №I, II,III кітапшалары
- Махамбетиярова К. // Сыни ойлауды дамыту// Қазақстан мектебі. – 2002.
43-бет
- Ысқақова Г. // Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жаңа технологияларды енгізу – оқушылардың білім сапасын арттырудың негізгі кепілі //
Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. Алматы. 2003. 67-бет.