
АЙНЫМАЛЫ ТОК – к е ң м а ғ ы н а д а: уақыт бойынша өзгермелі электр тогы. Бұл токты айнымалы кернеу тудырады. Техникада ток деп бір период аралығында ток күші мен кернеудің орташа мәні нөлге тең болатын электр тогын айтады. Ең аз уақыт аралығында (секунд есебімен өлшенетін) ток күші мәнінің қайталану мерзімі айнымалы токтың периоды (Т) деп аталған. Айнымалы токтың маңызды сипаттамасы оның жиілігі (f) – 1 секунд мерзімдегі период саны: f = 1/Т, айнымалы тоқтың стандарт жиілігі f = 50 – 60 Гц.
Электр энергиясын шалғайға жеткізу әрі тарату үшін көбінесе айнымалы ток (бұл токты алысқа жеткізу үшін оның кернеуін өзгерту жеткілікті) пайдаланылады. Айнымалы ток тұрақты токқа өзгертіле алады (мысалы, жартылай өткізгіш түзеткіштермен), соңынан қайтадан жартылай өткізгіш инверторлармен айнымалы токқа айналдыру оңай әрі арзан, жиілігін де өзгертуге болады. Айнымалы ток қозғалтқыштары тұрақты ток қозғалтқыштарымен салыстырғанда құрылысы қарапайым әрі сенімді болады.