
ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕР
Абдыкалыкова Акмарал Ерлікқызы –
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Заң факультеті, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының 2 курс магистранты. (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы). akmha88@mail.ru
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы кезекті дәстүрлі Жолдауында: «Қазақстан — 2050» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» [1] екендігін тағы да баса көрсетті. Қазақстандықтардың басты жолы, басты бағыты — “Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” [1,1] деп атай отырып, мемлекетімізді ХХІ ғасырда әлемдегі алдыңғы отыз мемлекеттің қатарына қосудың жолдарының бірі ретінде Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі болып табылатын шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажеттігін, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керектігін атап өтті [1, 5].
Қазіргі кезде еңбек құқығының аясында туындайтын қатынастар, яғни, олардың қатысушылары – субъектілерінің арасында пайда болатын қатынастарды реттеу өзекті мәселе болып отыр [2]. Бұл мәселені теориялық және заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қарас тыру маңызды. Теориялық тұрғыдан алғанда, еңбек құқығының субъектілері — қолданыстағы заңнаманың негізінде еңбек үрдісін қолдану мен ұйымдастыруға еңбек заңнамасын сақтай отырып катысатын еңбек қатынастарының катысушылары танылады [3]. Ал, заңнамалық тұрғыдан қарастырсақ, еңбек құқығы қатынастарына субъектілер ретінде еңбекке қабілетті азаматтар (қызметкерлер), ұйымдар (жұмыс беруші, яғни, кез келген меншік нысанындағы жеке және заңды тұлғалар), еңбек ұжымдары, кәсіптік одақтар және мемлекеттік органдар қатысады. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, еңбек қатынастарын реттеуші негізгі құжат 2007 жылдың 15 мамырында қабылданған Еңбек Кодексі болып табылады. Аталмыш құжаттың 3-ші бабында белгіленгендей, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған құқықтық реттеу болып табылады [4]. Яғни, еңбек қатынастарының субъектілерінің құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қорғауында екендігіне көз жеткіземіз.
Алайда, кейбір жағдайларда Республикамыздың әртүрлі облыстарында еңбек заңнамасының бұзылуы орын алып отырады. Мысалы, 2012 жылғы көрсеткішке сәйкес, Ақтөбе облысында 1 жыл ішінде бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті аймақтағы 900-ден аса барлық меншік түрлерінің субъектілерін тексеріп, оларда 2,5 мыңнан аса еңбек заңнамасының бұзылу жағдайын анықтады, оның ішінде еңбекақыны уақытында төлемеу оқиғалары да кездеседі [5]. Қазіргі кезде осындай заңбұзушылықтарды алдын алу бойынша ұсыныстар жасалынып, шаралар қолдануда. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының олқылықтарын толықтыру мақсатымен жекелеген нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының міндеттері еңбек қатынастары тараптары мүдделерінің теңгеріміне, экономикалық өсуге қол жеткізуге, өндіріс тиімділігі мен адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті құқықтық жағдайлар жасау болып табылғандықтан, еңбек заңнамасын жетілдіру маңызды болып табылады. Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттің басты құндылығы – адам, оның құқықтары, еңбек етуі, рухани және материалдық игіліктері» екендігіне назар аударды [6]. Бұл зайырлы мемлекетіміздің әрбір азаматын өзінің азаматтық жауаптылығын сезініп, сөзімен де, ісімен де Жолдауға үн қосуға, жаңа гүлденуші мемлекет құрылысына қатысуға міндеттейді.
Қазақстан Республикасының жергілікті бақылау және әлеуметтік қорғау департаменттерінің еңбек бойынша мемлекеттік органдарының өкілетті бөлімшелері өз құзыреттері шегінде Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында айтылған тапсырмаларды орындауда [7]. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауы елімізде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің негізі қаланған еңбек қатынастарының қолайлы жүйесі құрылғандығын көрсетіп отыр. Мемлекеттік бақылаудың тиімдігін арттыру үшін жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік қысымдарды төмендетуге бағытталған жаңа қадамдар жасалуда.
Қазақстан Республикасының қалыптасу, елде экономикалық реформаларды жүзеге асыру және нарықтық қатынастарға өту кезеңінде құқықтың мән-маңызы айрықша күшейеді. Тауарлық-ақшалық және басқару қарым-қатынастарын құқықтық тұрғыдан реттеуде заңдар мен басқа да нормативтік актілердің маңызы одан әрі нығая түспек. Сондықтан да Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, оның жаңа қырлары мен ерекшеліктері және басқа да заңдардың жоғары принциптерін, олардың мағынасы мен мазмұнын қайтадан бағалау Еліміздің еңбек жүйесін күшейту мен жетілдіруге ынталандыруы тиіс.
Еңбек құқығының субъектілерінің теориялық және заңнамалық мәселелері олардың доктрина және заң бойынша белгілерін, түрлерін, құқықтық мәртебесін, жауапкершілікке тартылу жағдайларын және тағы басқаларды қамтиды. Мәселен, еңбек құқығының субъектісі болу үшін еңбек құқығының аталған барлық субъектілері заңға сәйкес арнайы қасиетке — құқықтық мәртебеге ие болуы тиіс. Бұл мәртебе оларға қоғамдық еңбекпен байланысты нақты құқықтық қатынастарға қатысу құқығын береді. Еңбек құқығы субъектісінің құқықтық мәртебесі ретінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның еңбек саласындағы негізгі құқықтық жағдайы аталады. Теориялық түрғыдан алсақ, еңбек құқығы субъектісінің құқықтық мәртебесінің мазмұны келесі негізгі элементтерден тұрады: еңбек құқық қабілеттігі (құқық реликт қабілеттігі), негізгі (статустық) еңбек құқықтары және міндеттері, осы құқықтар мен міндеттердің заңды жалпы және арнайы кепілдіктері [8].
Сонымен, қорыта айтқанда еңбек құқығының субъектілері арасындағы қарым-қатынастарды реттеу мәселелерінің мәселенің шешімін іздестіруде теориялық негіздерін айқындай келе, заңнамалық тұрғыдан да жан-жақты қарастырған жағдайда ғана артықшылығы мен кемшілігін, ерекшелігі мен олқылықтарын анықтауға болады. Мұндай тұжырымдар еңбек құқығы субъектілерінің арасындағы қарым-қатынастарын реттеудің негізгі құралдарын, әдістерін қарастыруға, анықтауға және шешімін іздестіруге жол ашатынын дәлелдей түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Жолдау-2014. Н.Ә. Назарбаев. 17 Қаңтар 2014 — “Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ”, Астана, Ақорда, 2014ж.
- Орловский Ю.П., Нуртдинова А.Ф. — Трудовое право. 3-е изд. — М.: 2010. — 648 б.
- Anne C. L. Davies — Perspectives on Labour Law, Cambridge University Press, 2004.
- Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі . 2007 ж. 15 мамырда қабылданған. www.zakon.online.kz.
- Электронды ресурс: http://ortalyk—kz.
- Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». Астана, Ақорда, 2012ж.- 130 б.
- «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасы, «Егемен Қазақстан», 2012 ж. 10 шілде.
- Жампейісов Д. — Еңбек құқығы және әлеуметтік қамсыздандыру құқығы. Оқулық. 2-басылым, Алматы, 2011ж. — 664 б.