
Хасен Қ.Н. студент КарГТУ (гр. ГД – 16-4) Научн. рук – преп. Назарова М.Г.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ТІЛ (СӨЙЛЕУ) МӘНЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Буыны бекімеген икемсіз саусақтарын ананың жылы төсіне жүгіртіп, ана сүтін қылқ-қылқ жұтып жатқан нәрестенің құлағына алдымен ана сөзі естіледі. Ана сүті баланың қанына тарап, ана сөзі баланың сезімін оятады. Бара-бара баланың тілі шығып, ата-ананың, отбасының, бүкіл халықтың дәстүрімен емін-еркін сөйлейтін болады. Сүтпен еніп, миға сіңген сол тіл есейген адамның саналы өмірінің аса көрнекті рухани байлығы, адамның адамдық белгілерінің бірі болып табылады.
Адам тәлім-тәрбиесіз, өнер – білімсіз, іс-әрекетсіз өмір сүрмек емес. Сол өмірінде ол өзін қоғамнан тыс жүрген жанмын демей, ата-ананың ұлқызы болғандықтан, халықтың Отанының үл-қызымын деп есептейді. Кісіні сондай саналы ойға баулитын, еңбек процесіне белсене қатысуға мүмкіншілік тудыратын қарым- қатынас құрамы – ұлы мәртебелі сол ана тілі.
Адам білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, ғылымды, өнерді, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы. Халықтың сондай ерекшеліктер, мәдениеті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады.
Тілді жақсы білу оңай жұмыс емес. Өйткені оның шегі жоқ. Тіл адамдардың еңбек ету процесінді, қарым-қатынас жасау тәжірибесінде мыңдаған жылдар бойы жасалған. Оның орасан көп байлықтары сол тілде сөйлейтін халықтың бастан кешірген ұзақ өміріндегі ойлау жұмысын нәтижесі ретінде үнемі дамып отырады. Тілді сіресіп қатып қалған қалпында емес, сол даму, жетілу процесінде үйренеміз. Сондықтан тіл байлықтарын түгел меңгердім. Мен білмейтін ештеңе қалған жоқ, тіл өнерінің шыңына шықтым, болды деп ешкім айта алмайды.
Қазақ халқы да ежелден шешендікке әуес, тіл өнеріне жетік халық, ол тіл өнерін басқа өнерден кем санамайды. Сондықтан қазақта: «Өнер алды – қызыл тіл», «Айтылған сөз атылған оқпен тең», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Сөйлей білмес жамандар сөзді өзіне келтірер», «Сөзі мірдің оғындай», «Қаһарлы сөз – қамал бұзар», «Тіл тас жарады – тас жармаса бас жарады», «Тіл қылыштан өткір» сияқты мақал-мәтелдер бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту — Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі» , сондай-ақ
«Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» — деп тұжырымдайды.
Қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесі, тіл тазалығының бұзылуы. Бұл ненің әсері? Әрине екінші тіліміз орыс тілінде көп сөйлегеннің, кітапты аз оқығанның немесе мүлдем оқымағанның әсері. Сабақ үстінде таза қазақша сөйлеп отырған оқушылар дәлізге шығып орыс тілінде сөйлесіп тұрғанын көріп көңілім түсетін. Студенттердің сөзге шорқақтықтары сабақ айту барысында байқалды. Жаңағы, яғни деген сөздерді әр сөзден кейін айтатын оқушалырмыз өте көп. Бұл кемшіліктердің барлығы кітап оқымағаннан, ғаламтордағы әлеуметтік желілерде көп отыратындықтан деп ойлаймын. И.Ұйықбаеы тіл дамыту, ой дамытумен тығыз байланысты болатындығын айта келіп; «Студенттердің ауызекі тілін дамыту үшін ең алдымен , 1) олардың сөздік қорын байыту керек; 2) Әдеби тілде сөйлеудің нормасын, сөйлемдерді дұрыс құрауды үйрету қажет; 3) ойларын байланыстырп айтып беру дағдылары мен шеберлігін қалыптастыруға назар аударған жөн», — дейді.
Ал А.М.Пешковскийдің пікірінше, дұрыс сөйлеу стилін қалыптастыру сабағында мәтінге тереңдете стилистикалық талдау жасауға көңіл бөлінуі керек. Ол студенттерге синтаксистік конструкциялар мен сөздің нақты көркемдегіштік қасиетінің сырын ашуға көмектеседі деп санайды.
ХХ ғасырдың басындағы оқу ағарту, ғылым жолындағы өте биік тұлға — Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов тілдік тақырыптармен байланыста тіл дамыту әдістемесі тұрғысынан келгенде, тіл дамыту жұмыстарын жүргізуде жеңілден ауырға қарай принципін басшылыққа алған. Мұнан ғалымның дидактиканың заңдарын терең біліп, оны оқулықта шебер қолданғанын білеміз. Біріншіден, ол ғалым ұсынған үлестірмелі карточканың мақсатынан көрінеді.
Сонымен қатар, ғалымның оқушыға сөз өнерін, тіл заңдылықтары мен әдебиет заңдылықтарын қатар, бірлікте үйрету керек деген пікірі өте құнды. Себебі, тіл дамыту мәселесін тек қана лексика-грамматикалық заңдылықтарды үйретіп қана емес, сөзді қызмет ету аясында көрсету барысында ғана шешуге болатындығы белгілі. Ғалымның сөзімен айтқанда: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдатқанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түйгенін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын»
Өз тілінде сөйлеу оны қадірлеу, ардақтау, жақсы көру бесіктен басталады. Баласына дұрыс тәрбие беремін деген ата-ана алдымен өз-өзін тәрбиелеуі керек. Еліне, тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруы керек. Әр адам өз тілін, дінін, ұлтын қадірлей білу керек. Өйткені, бұл қағидалар адам өмірінің басты байлығы болып табылады.Сонда ғана ұрпағына дұрыс бағдар, тәлім-тәрбие бере алады.